«Бала Толағай» ұлттық спорттық жарысына қатысты
Астанада Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 мектепте «Толағай» спорт залының ашылуына орай «Бала Толағай» ұлттық спорттық жарысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жарысқа елорда мектептерінен жиналған 10 команда қатысып, ұлттық спорт түрлерінен өзара бақ сынады. Қатысушылар бұқа тартыс, ләңгі тебу, қап көтеру, арқан тартыс, серке көтеру, бес асық, садақ ату және найза лақтыру секілді сайыстарда өз шеберлігін көрсетті.

«Біздің мақсатымыз – Қажымұқан, Балуан Шолақ, Жақсылық Үшкемпіров сынды тұлғалардың жолын жалғайтын, әлемдік аренада көк туымызды желбірететін рухты, тәрбиелі, Отанын қорғай алатын батыр жігіттер мен ару қыздарды тәрбиелеу. Бүгінде біз әлемнің 20-дан астам мемлекетінде өнер көрсетіп жүрміз. Жуырда Түркия еліне барып, өнерімізді таныстырып қайттық. Сонымен қатар, көршілес мемлекеттер де бізді арнайы шақыруда. Алдағы уақытта ұлттық спортымызды әлемге кеңінен таныту бағытында жұмысымызды жалғастыра береміз», – деді «Толағай» спортының негізін қалаушы Темір Спатай.

Іс-шара барысында ұлттық спортты дамытуға үлес қосып жүрген азаматтарға ерекше құрмет көрсетіліп, оларға алғыс білдірілді. Осы бағытта аянбай еңбек етіп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматқа арнайы алғыс хат табысталды.
Сайыс қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен командалар марапатталып, арнайы бағалы сыйлықтар табыс етілді.



