Жанашырлық жас талғамайды

Қоғамда еріктілік қызметі көбіне жастармен байланыстырылады. Алайда ізгілік пен жанашырлық жас талғамайтынын Астана қаласындағы белсенді зейнеткерлер дәлелдеп келеді. Бүгінде елордамыздың Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында жалпы 19 638 зейнеткер тіркелген болса, соның 15 167-сі – әйелдер. Осы мекемеге қарасты «Күміс еріктілер» клубында 100-ден аса зейнеткер бар. Олардың орта жас шамасы – 61 мен 75 жас аралығында.
Өмірлік тәжірибесі мол бұл жандар қоғамға пайдасын тигізуді, өзгеге қол ұшын созуды азаматтық парыз деп біледі. Сондықтан да шығар, ерікті ата-әжелер қалада ұйымдастырылатын түрлі қайырымдылық акциялары мен экологиялық сенбіліктерге белсене қатысады. Сонымен қатар олар тегін шеберлік сабақтарын өткізіп, ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында қала мектептері мен студент жастармен бірлесіп жұмыс атқарып келеді. Мұндай кездесулерде қариялар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға бағыт-бағдар береді.
Осындай белсенді жандардың бірі Нұра ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінде қызмет алушы зейнеткер – Рауза Исмурзина. Кейіпкеріміз – өмір бойы мәдениет саласында еңбек етіп, кітапхана ісін дамытуға үлкен үлес қосқан жан. Қазір де зейнеткерлік жасына қарамастан қоғам жұмысына белсене араласып, волонтерлік қызмет арқылы адамдарға көмектесуді жалғастырып келеді.
«Мен 1955 жылдың 12 тамызында Семей облысында дүниеге келдім. 1972 жылы Семей облысы Жаңа-Семей ауданы Знаменка орта мектебін бітірдім. Кейін 1974-1976 жылдары Семей қаласындағы Абай атындағы кітапхана техникумында білім алдым. Ал 1991 жылы Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтының тарих және кітапханатану факультетін тәмамдап, кітапханашы-библиограф мамандығын алып шықтым. Еңбек жолымды 1976 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Тұғыл поселкелік кітапханасында аға кітапханашы болып бастадым. 1977 жылы ауданның орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне ауысып, кейін сол жүйеде түрлі қызметтер атқарып, ақыры директор қызметіне дейін көтерілдім. Кітапхана – мен үшін жай ғана жұмыс орны емес, рухани орда болды. Сол жылдары Зайсан өңірінде жер сілкінісі болып, көптеген мекемелердің жағдайы қиындады. Кітапхананың да жағдайы мәз болмады. Сол кезде кітапхананың жай-күйін айтып, сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары Қуаныш Сұлтановтың қабылдауына кіріп, мәселені жеткізген едім. Соның нәтижесінде кітапханаға жаңа ғимарат беруге ықпал жасалды» дейді Рауза Ғалиақпарқызы.
2004 жылы Рауза Ғалиақпарқызы Өскемен қаласына қоныс аударып, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты бірнеше кітапханада қызмет атқарған. Ол жерде библиограф, бөлім меңгерушісі сияқты жауапты жұмыстарды атқарып, осы салада ұзақ жыл еңбек еткен.
«Өскемен қаласындағы кітапханалардың бірінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеп жүріп зейнетке шықтым. Бірақ зейнеткерлікке шықтым екен деп үйде отырып қалған жоқпын. Кейін Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада тағы үш жыл библиограф болып еңбек еттім. Өйткені кітап пен оқырманнан алыстау мен үшін қиын еді» дейді ардагер кітапханашы.
Рауза Ғалиақпарқызы тек кітапхана ісімен ғана емес, шығармашылықпен де айналысқан. Өмір бойы қаламды серік етіп, аудандық, облыстық және республикалық газет-журналдарда түрлі тақырыптағы мақалаларын жариялап отырған.
«Менің мақалаларым көбіне өлкетану, тіл, тарих, Желтоқсан тақырыбы және кітап насихаты жайында болды. Алматыдан шыққан «Тарихқа толы Тарбағатай» альманағының бес томына үш мақалам енді. Сонымен қатар өлкетанушы Зейнолла Қайсеновтың «Шығыс Қазақстан облысының тарихи очерктері» кітабына «Тұғылдың қысқаша тарихы және Зайсан көлі туралы кейбір деректер» атты зерттеу мақалам жарық көрді. Бұл материал кейін интернетке де жүктелді» дейді ол.
Сондай-ақ оның «Даналық сарайы» атты мақаласы С.Ақановтың «Ғасыр көші» кітабына енгізілген. Ал 2020 жылы өлкетану тақырыбына арналған 331 беттен тұратын «Тұғыл – тұғырлы мекен» атты кітабы Өскемен қаласында жарық көрген.
«Өскеменде тұрған жылдары қаланың мәдени-рухани өміріне белсене араластым. Түрлі әдеби кештер мен қоғамдық шараларға қатысып жүрдім. Сонымен қатар «Ақ босаға» халықаралық волонтерлер форумына қатысып, қоғамға пайдалы істердің маңызын тағы бір мәрте түсіндім. Қазір де мүмкіндігінше адамдарға көмектесіп, жастарға тәжірибеммен бөлісуді өзіме парыз санаймын» дейді Рауза Ғалиақпарқызы.
Бүгінде ол – «Күміс еріктілер» клубының белсенді мүшелерінің бірі. Жастармен кездесулерге қатысып, кітап оқу мәдениетін насихаттайды, түрлі әлеуметтік шараларға атсалысады.
«Ерікті болу – тек көмек көрсету емес. Бұл – адамның жүрегіндегі мейірімділікті бөлісу. Біз өмір бойы жинаған тәжірибемізді жастарға жеткізе алсақ, қоғам үшін жасаған ең үлкен қызметіміз сол деп ойлаймын» дейді ардагер ерікті.
Шынында да, Рауза Ғали- ақпарқызы сияқты жандардың өмір жолы – жас ұрпақ үшін үлгі. Олар зейнеткерлік жастың да белсенді, мазмұнды әрі қоғамға пайдалы кезең бола алатынын дәлелдеп келеді.
Шапағат ӘБДІР



