Ел тынысы

Мемлекеттік қызметке іріктеу толыққанды цифрландырылған форматқа көшеді

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі хабарлайды: 2026 жылғы 1 сәуірден бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңартылған тәртібі енгізіледі. Жаңа жүйе іріктеу процесін толыққанды цифрландырып, конкурс рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Конкурсқа қатысу үшін кандидаттар өтініштерін eqyzmet.gov.kz порталы арқылы онлайн түрде береді. Бұл тәсіл уақытты үнемдеп, мемлекеттік қызметке кіруді барынша қолжетімді етеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Мемлекеттік лауазымдарға кандидаттар конкурсқа қатысар алдында заңнаманы білуге арналған тестілеуден, сондай-ақ жеке қасиеттерін бағалау кезеңінен өтеді. Заңнамалық тест Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдары, сондай-ақ Әдеп кодексі бойынша жүргізіледі. 55 сұрақтан тұратын тестілеуде кемінде 30 дұрыс жауап беру және әрбір нормативтік акт бойынша кемінде 5 дұрыс жауап көрсету қажет.

Жеке қасиеттерді бағалау үш бағдарлама бойынша өткізіледі:

– басшылық лауазымдарға арналған (10 құзырет);

– басшылық емес лауазымдарға арналған (7 құзырет);

– жұмыс өтілін талап етпейтін төменгі лауазымдарға арналған (эмоционалдық, әлеуметтік және логикалық қабілеттер).

Тестілеу нәтижелері бір жыл бойы жарамды. Кандидаттар жеке қасиеттерді бағалау тестін айына үш ретке дейін тапсыра алады.

Конкурсқа ең жоғары балл жинаған ТОП-5 кандидат жіберіледі. Құжаттар жеке кабинет арқылы ұсынылады.

Басшылық лауазымдарға кандидаттар эссе жазып бейнебайланыс арқылы әңгімелесуден өтеді. Ал басқа лауазымдарға кандидаттар практикалық тапсырмалар орындайды (аналитикалық жазба, ресми хат дайындау, өтініштерді қарау).

Жүйе барлық нәтижелерді автоматты түрде есептейді. Ең жоғары жиынтық балл жинаған кандидат жеңімпаз деп танылады. Балл тең болған жағдайда еңбек өтілі мен білім деңгейі ескеріледі.

Жалпы іріктеу кезеңдерінің ашықтығы, объективтілігі және әділдігін қамтамасыз ету мақсатында (әңгімелесу кезеңін қоспағанда) барлық кезеңдерде прокторинг қолданылады.

Жаңа тәртіпке сәйкес конкурс рәсімдерінің ұзақтығы айтарлықтай қысқарып, орта есеппен 5–7 жұмыс күнін құрайды (бұрын 23–30 күн).

Жалпы, жаңартылған жүйе мемлекеттік қызметке қабылдау процесін жеңілдетіп, оның ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ кәсіби кадрларды тартуға мүмкіндік береді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button