Astana Hub арқылы IT-қызметтердің экспорты 328 млрд теңгеге жетті
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі инновацияны дамыту мәселесі қаралды. Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев атап өткендей, саланы дамыту төрт негізгі инновациялық кәсіпкерлікті дамыту институтына негізделген, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Оның базасында жасанды интеллект саласындағы стартаптарды іске қосуға бағытталған AI’preneurs-ті қоса алғанда, акселерациялық бағдарламалар идея кезінен бастап инвестициялар тарту сатысына дейін жүзеге асырылады. 2024 жылдың қыркүйегінен бері бағдарламаның үш легі өткізілді, оның шеңберінде 35 ЖИ-стартап құрылды.
Астана әкімдігімен бірлесіп қалалық ортаға стартаптарды енгізуге және оларды коммерциялық келісімшарттарға айналдыруға бағытталған Astana Innovations Accelerator бағдарламасы жүзеге асырылуда. Іріктеу қорытындысы бойынша 8 жоба қаржыландырылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Astana Hub резиденттері 32,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашты. Әлемнің 111 еліне IT-қызметтерді экспорттаумен 537 компания айналысады. Экспорттың жалпы көлемі 328 млрд теңгеге жетті, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 44%-ға артық.



