Интернет-алаяқтықтан қалай сақтанамыз?

Елімізде интернет-алаяқтық өршіп тұр. Аңқау адамдар алаяқтардың қақпанына түсіп қалатын оқиғалар азаймай отыр. Жуырда Бас прокуратура 121 адамды алдап, миллиондарды қалтасына басқан алаяқты құрықтады. Құзырлы мекеме таратқан мәліметке сүйенсек, Қызылорда қаласының 31 жастағы тұрғыны интернет желісін пайдалану арқылы 121 азаматты алдап, 8,9 млн теңге иемденген. Оған сот үкімімен 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.
«С» есімді азамат 2024 жылы алдын ала сөз байласқан адамдар тобы арқылы Instagram әлеуметтік желісінде «Dake_87057380827» деп аталатын жалған парақша ашып, бөтен адамдардың жеке деректерін пайдаланған. Азаматтарды «Салған ақшаларын еселеп қайтарамын» деп алдап, «1XBETKZ» букмекерлік кеңсесі мен «Wooppay Wallet» төлем жүйесі арқылы жәбірленушілердің қаражатын иемденіп отырған» делінген ресми хабарламада. Сот талқылауында сотталған азамат кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген мүліктік залалды толығымен қайтарған. Қазір ол тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда жазасын өтеп жатыр. Мұндай оқиғалар көп. Мәселен, өткен жылдың қаңтар-маусым айларында Ішкі істер министрлігі интернеттегі алаяқтыққа қатысты 9,4 мыңнан астам оқиғаны тіркеген.
Интернетте қаптап кеткен алаяқтардың құрбаны болмау үшін не істеу керек? Цифрлық кеңістікте үнемі сақтықты қажет ететін гигиена қағидалары бар. Соларды мүлтіксіз орындаған жағдайда ғана киберкеңістігіңізді қорғай аласыз. Егер ондай қағидаларға немқұрайлықпен қарасаңыз, қаржы алаяқтарының тұзағына түсу тәуекеліңіз артады. Осы жерде киберқауіпсіздік сақтауға көмектесетін мамандардың кеңесіне жүгінейік.
Бірінші қағида – жеке деректерді ешкімге айтпаңыз. Ешқашан және ешкімге, әсіресе бейтаныс адамдарға жеке басыңызды куәландыратын құжаттың көшірмесін жібермеңіз. Сондай-ақ картаның толық деректемелерін, әсіресе артқы жағындағы үш таңбалы кодты, SMS-пен келетін кодты және өзге де жеке ақпаратты айтпаңыз. Күмәнді сілтемелер бойынша өтпеңіз, белгісіз дереккөздерден лицензияланбаған қосымшаларды жүктемеңіз. Бұл өте маңызды. Құпия деректерді жоғалту көп жағдайда оларды үшінші тұлғалардың заңсыз пайдалануына жол ашады. Алаяқтар сіздің қаржылық шоттарыңыз туралы мәліметтерді алу үшін алдаудың түрлі тәсілін, соның ішінде фишингтің көмегімен алдау тәсілдерін ойлап табады. Мысалы, әртүрлі байқау, ойындардың, қомақты ақша ұтатын сауалнамалардың көмегімен аңқау адамдарды олар құрығына жиі түсіреді. Фишинг парақшаларда олар өзінің, кейбір жағдайларда төлем картасы туралы деректерді оп-оңай жария етеді. Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде кейбір пайдаланушылар өз нөмірлерін жариялайды немесе өзінің ЖСН-ін көрсетеді, әлеуметтік желілерге суреттерін қойып қояды, тұрған жерін көрсетеді, гаджеттерден ақпаратты оқитын қарақшылық қосымшаларды жүктеп алады. Содан кейін ойланбастан поштамен өзінің таныстарына электрондық-цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) жібереді және тағы да сол сияқты әрекеттер жасайды. Осылайша, адамдар алаяқтардың арбауына түсіп, өзі және өзінің банк шоттары жөнінде нақты ақпаратты бергенін білмей де қалады.
Екінші қағида – антивирус көмектеседі. Есте сақтайтын нәрсенің бірі – цифрлық кеңістігіңізде кезең-кезеңмен «толық тазалау» жүргізіп отыруды әдетке айналдырыңыз. Ол үшін антивирусты пайдаланыңыз. Толассыз ақпарат легінде алаяқтардан келген хатты, сондай-ақ пошта жәшігіңізді немесе әлеуметтік желідегі аккаунтыңызды бұзу туралы хабарды байқамай қалуыңыз да мүмкін. Сол себепті өзіңіздің гаджетіңізді жиі тазалап, ретке келтіріп отырғаныңыз абзал. Атап айтқанда, поштаны қарап, спам және күмәнді хаттарды жою, оларды жіберушілерді бұғаттай отырып, әлеуметтік желілердегі керек емес пошта жіберілімдері мен қызықты жазылымдардан шығу қажет, уақыт өткен сайын қажетсіз деректерді жоюға арналған кэшті тазалап отыру қажет. Егер сіз кейбір пошта жәшіктері мен интернет-сервистерді ұзақ уақыт пайдаланбасаңыз, оларды жойған дұрыс. Біріншіден, ол жерде сіздің жеке деректеріңіз, банк карталарының нөмірлері болуы мүмкін. Олар бұзылған жағдайда, қаскүнемдер сіздің шоттарыңызға қол жеткізе алады. Екіншіден, егер сіз барлық сервиске бірдей құпия сөзді қолданған болсаңыз, онда кибералаяқтар қолданыстағы есептік аккаунттарға кіре алады. Сіздің гаджетіңізге алаяқтық шабуылдар жасалған жағдайда, оларды сенімді бұғаттайтын антивирус бағдарламасын жаңартуды ұмытпаңыз. Сондай-ақ банк шоттарына кіру үшін жалпыға ортақ Wi-Fi кіру нүктелерін пайдалану қауіпті. Кіру үшін онда қауіпсіздік сертификаттары пайдаланылуы мүмкін, оларды байқамай, қаскүнемдердің мобильді банкингке және басқа да маңызды сервистерге қол жеткізуіне мүмкіндік бересіз.
Үшінші қағида – күрделі және әртүрлі парольді қолданыңыз. Цифрлық гигиена сіздің аккаунттарыңызға және әлеуметтік желілердегі жеке кабинеттеріңізге, поштадағы және әртүрлі, соның ішінде қаржы қосымшаларындағы қолданыстағы парольдердің қауіпсіздігіне әкеледі. Парольдің күрделілігі – оны табуға немесе қандай да бір әдіспен, мысалы, барлық болжамды нұсқаларын қойып шығу арқылы біліп алуға жұмсалатын уақытты бағалау өлшемі. Егер сіздің пароліңіз атыңыздан, тегіңізден, туған күніңіз немесе басқа күндерден тұрса, мысалы, November2021, онда оның сенімділігі өте төмен. Осал парольдерде, әдетте, мағыналы комбинациялар қолданылады, оларда да белгілі бір заңдылық байқалады. Мұндай парольдердің мысалдары: QweAsd123, Qaz1Wsx2@ немесе Qwerty12345 (пернетақтада бұл әріптер қатар орналасқан). Бұзуға төтеп бере алатын пароль – әдетте, тікелей мағыналық жүктемесі жоқ, әртүрлі регистрлерден, сандардан және арнайы таңбалардан тұратын 10 немесе одан да көп таңбалардың комбинациясы, мысалы-Rgylj@U64i. Сондай-ақ сіз пайдаланатын қызмет үшін күрделі кіру кодын жасай алатын арнайы бағдарламалар бар. Бірақ мұндай құпия сөздерді есте сақтау қиын. Парольді құрастыру кезінде сізде қандай да бір ассоциация тудыратын көріністерді, мысалы, сүйікті өлеңіңіздің бір жолын алып, олардың орналасу ретін өзгертіп, оның алғашқы әріптерін қолдануға болады. Парольді сіз үшін маңызды цифрлармен және символдармен күшейтіңіз. Ең бастысы, парольді қағазға жазбаңыз. Жаңа комбинациялар жасай отырып, порольді жиі ауыстырып отырыңыз. Оларды ешқашан ешкімге бермеңіз!
Төртінші қағида – құпиялық талаптары бәрінен маңызды. Авторизациялаудан өтпеген дүкендердің қосымшаларын телефоныңызға жүктемеңіз және құпиялылық талаптарын мұқият бақылап отырыңыз. Өз гаджеттеріңізге тек қана ресми дүкендердің қосымшаларын жүктеңіз, қарақшылық софтты жүктемеңіз. Қосымшаларды жүктемес бұрын пайдаланушылардың пікірлерімен мұқият танысып шығыңыз және қосымшаны әзірлеушілер оны жүйелі түрде жаңартып отыратынына көз жеткізіңіз (ресми дүкендерде соңғы жаңартылымдардың күні міндетті түрде көрсетілуі тиіс). Уақыт аралығында орнатылған қосымшалардың тізімін тексеріп тұрыңыз, ұзақ уақыт бойы жаңартылмаған ескі қосымшаларды жойып тастаңыз. Егер картаңызды ақылы қосымшаларға бекіткіңіз келсе, бұл үшін виртуалды картаны пайдаланыңыз. Қосымшаларды жүктеген жағдайда, бағдарламаға сіздің деректеріңізді, жүріп-тұрған жеріңізді аңдып, байланыс нөмірлерінің тізімі мен камераңызға кіруге рұқсат беру қажет пе, жоқ па – сол туралы ойланыңыз. Мұны тек қажет жағдайда ғана, мысалы, такси қызметіне сіздің нақты орналасқан жеріңізді анықтау қажет болған жағдайда жасауға болады. Цифрлық қауіпсіздік жөніндегі кейбір сарапшылар пайдаланушылардың дербестігін арттыру мақсатында ноутбуктердің камераларын желімдеп тастауды ұсынады. Егер сіз қосымшаның талаптарынан күмәндансаңыз, одан бас тартып, басқа әлдеқайда сенімді қосымшаны таңдауға құқылысыз.
Бесінші қағида – файлдардың сақтық көшірмесін жасап отырыңыз. Сыртқы USB-тасымалдағышқа маңызды файлдардың сақтық көшірмесін үнемі жасап отырыңыз. Мұндай функция жоғалған құрылғыдан деректерді қалпына келтіруге және гаджет жоғалған немесе бұзылған жағдайда оны жаңасына көшіруге көмектеседі. Егер сіз нөмірі банктік картаңызға тікелей байланған телефонды жоғалтқан болсаңыз немесе одан да жаманы – ол ұрланған болса, дереу қызмет көрсететін банкке хабарласыңыз. Картаңызды бұғаттауды сұраңыз, кейін оны қайта шығаруға тура келеді. Сіздің шотыңыз бойынша операциялар соңғы рет қашан жасалғанын банктен нақтылаңыз. Егер алаяқтар картадан қаражат алып үлгерсе немесе сіздің атыңызға «бөтен» біреу кредит ресімдеген болса, онда банкке өтініш жазып, ішкі тергеу жүргізуді сұраңыз. Сіз өз тарапыңыздан барлық сақтық шараларын сақтағаныңызды қайталап айтыңыз. Осы өтінішке құқық қорғау органдарына телефонның ұрланғаны жөніндегі өтініштің көшірмесін қоса беріңіз.
Төлен ТІЛЕУБАЙ



