Астананың келешегін айқындайды

«Ашық НҚА» порталында Астананың мәртебесін айқындайтын Конституциялық заңның жобасы жария етілді. Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілетін Конституциялық заң жобасында тұрғындар тұрмысын жақсартуға тікелей әсер ететін бірнеше маңызды норма енгізілген.
Ашық НҚА порталында Астананың мәртебесін айқындайтын жаңа Конституциялық заң жобасы жарияланды. Құжатты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген. Заң жобасында қарапайым тұрғындардың өміріне тікелей әсер ететін бірқатар маңызды өзгерістер қарастырылған.
Онда ең алдымен, елордаға қоныстану тәртібі қатаңдатылуы мүмкін. Құжатқа сәйкес, мәслихат Астана аумағында тұрақты және уақытша тіркеу нормативтерін бекітеді, ал әкімдік сол талаптарды әзірлейді. Яғни, қалаға көшіп келу мен тіркелу мәселесі жергілікті билік тарапынан нақты реттеліп отырады.
Екінші маңызды бағыт – жер мен жылжымайтын мүлікке қатысты мемлекеттік өкілеттіктердің кеңеюі. Заң жобасы әкімдікке мақсатқа сай пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою үшін сотқа жүгіну құқығын береді. Сондай-ақ мемлекет мұқтажы үшін жерді алу тәртібі толық нақтыланбақ. Бұл жағдайда меншік иелеріне алдын ала хабар беріледі, мүліктің нарықтық құны есептеледі және өтемақы төлеу қарастырылады. Дегенмен, өтемақының төленуі мен оның мөлшерін анықтауда соңғы шешім мемлекет құзырында қалады.
Үшінші бағыт – тұрғын үй қорын жаңарту. Заң жобасында апаттық деп танылған көпқабатты үйлерді бұзу процесін жеделдету көзделген. Бұл үшін әкімдікке арнайы өкілеттік беріледі. Сонымен қатар, қалада бірыңғай сәулеттік келбет қалыптастыру мақсатында көпқабатты үйлерді міндетті түрде жөндеу тетігі енгізіледі. Егер тұрғын үй осындай тізімге енсе, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шығындары мемлекет есебінен өтеледі.
Жалпы алғанда, бұл заң жобасы Астананың дамуын жүйелі түрде реттеп, қаланың инфрақұрылымын жақсартуға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Құжат қабылданған жағдайда, Конституциялық заң 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.



