Ақкөл – туризмге лайықты өңір

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризм туралы бір айтқанында Ақмола облысындағы танымал туризм орталықтары Бурабай мен Зерендінің т.б. қатарына елордадан онша қашық емес Ақкөл ауданын да қосып еді.
Меніңше, бұл – өте дұрыс ой. Турист барған жерінде әсем табиғатты көріп, жақсы демалғысы келеді. Осындай жерлер Ақкөл өңірінде де мол, мүмкіншіліктер де бар. Бурабайдың қалың орманының басы осы ауданнан басталады. Ауданның Еңбек ауылынан басталған аралас қарағай, қайың, терек т.б. ағаштар үздіксіз сол әсем Бурабайға дейін жалғасады. Орманмен қоса жергілікті өзен-көлдер де жеткілікті. Біразы зерттеуді қажет етеді. Азат (бұрынғы Ивановский) ауылынан Степногорск бағытына шыққанда тұзды көл бар. Мүмкін бұл көлдің құрамында денсаулыққа пайдалы элементтер бар шығар. Мұны неге зерттеп, медициналық туризмге айналдырмасқа? Мен білетін Талқара өзенінің бойы Өрнек ауылының сыртынан басталып сонау Колутон өзеніне құяды, шамамен жүз шақырымнан асатын шығар. Бұл өзен ауданның Өрнек, Радовка, Талқара, Амангелді, Урюпинка, Ерофеевка ауылдарын басып өтеді. Осылардың кейбіреулеріне өзімің көзқарасымды білдірсем, мысалы, Талқара ауылының маңында үлкен су қоймасы бар. Оның екі жағында да орманды алқап, Амангелді ауылының өзенінің арғы бетінде қалың қарағайлы орман жанынан жарқырап, Талқара өзені ағып жатыр, осындай табиғат Урюпинка өңірінде де. Көп болмаса да тарихи орындарда кездессе де Өрнек ауылының сыртында Құндыз апай тауы, Кеңес ауылына тақағанда 1916 жылдың көтерілісі болған Домбыралы тауы, Амангелді ауылынан алты шақырымдай жерде белгілі жазушы-шежіреші Жайық Бектұровтың кіндік қаны тамған жер, Урюпинка елді мекеніне тақағанда Абылайханның тұсындағы Қазы батырдың сарбаздарымен жерленген жері бар.
Аудан туризммен айналыспайды деп айта алмаймын. Алғашқы қадамдар бар. Ақкөл орман шаруашылығы елді мекенінің жанынан демалыс үйі ашылыпты. Талқара ауылының жанында өзеннің бойында Өмірбаевтар кішкене үйлер салып, жазғы демалыстарды ұйымдастыруда деп естимін. Ертеден келе жатқан Амангелді ауылынан шығысқа қарай Шоқтас немесе Өкіншік дейтін жерде табиғаты әсем жер бар. Бұған да жазда демалушылар көп келетін көрінеді. Одан бері Қойсоғым деген жерде Амангелді ауылының азаматы Серік Ибраев демалыс орнын ұйымдастырыпты. Осы ауылдың іргесінде шоқ қарағайдың түбінен Медет Көсембаев кішкене үй салып, сақ моншасын ашыпты. Әрине, бұлар біріншіден, аз, екіншіден, үлкен туризм орталықтарын ашу қажет. Осындай орындар көптеп ашылса, ауыл тұрғындарына жұмыс болып, халық үдере көшпес еді. Бұрын Амангелді ауылында алпыс шақты үй болса, бүгінде ол екі есе азайыпты. Оннан артық үйлер бос тұр. Осы үйлерді пайдаланып, қысқы туризмді де ұйымдастыруға болады. Ауылда сыртқы электр жарығы бар, орталықтанған су жүйесi жүргізілді. Ақкөл қаласынан ауылға дейінгі жол жақсы. Тек қана Ақкөл – Журавлевка тас жолынан ауылға дейінгі екі-үш шақырым жолды жөндеп, көпірді түзесе қатынас тіпті жақсарар еді. Осындай орындар ауданның басқа елді мекендерінде бар. Тек осыған Туризм министрлігі мен облыс әкімдігі жол картасын жасап қолға алса, Ақкөл өңіpі тамаша туризм орталығына айналар еді. Солай болар деп үміттенемін.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Ақкөл ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі



