Басты ақпаратМәселе

Бағалай білсең жылқыңды, мүмкіндік жатыр мың түрлі

«Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп, арғымақты айрықша қадірлеген елміз. Себебі жылқы – біздің күнделікті тіршілігіміздің тірегі, жүгімізді артқан көлігіміз ғана емес, жан серігіміз, еркіндігіміздің символы болды. Дала төсінде өткен әрбір көш, әрбір жорық, әрбір жеңіс пен жеңіліс тұлпардың тұяғымен таңбаланып, тұтас тарихымыз жылқының жалында, атанның қомында жазылды. Қазіргі таңда заман өзгеріп, аттың орнын автокөлік басқанымен, қазақ баласының жылқыға деген құрметі мен ықыласы жоғалған жоқ. Дей тұрғанмен, жылқы шаруашылғын дамыту, оған мемлекеттік деңгейде көңіл бөлу туралы сөз қозғасақ, біраз мәселені қаузауға тура келеді.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1913 жылы қазақ даласында 5 миллионға жуық жылқы болса, 1928 жылғы санақта 4,5 миллион болған. Ал 1990 жылы елімізде 1 млн 626 мың жылқы тіркелсе, 90-жылдардан кейінгі экономикалық дағдарыс салдарынан бұл көрсеткіш күрт төмендеп, 2000 жылы еліміздегі жылқы саны 900 мыңға дейін азайған еді. Дегенмен, «Орнында бар оңалар» дегендей, елдегі барлық саланың біртіндеп өркендеуіне байланысты жылқы шаруа­шылығы да біртіндеп түлежіп, бүгінгі таңда елдегі қыл құйрықтының саны 4,5 миллионнан асып, еліміз жылқы саны жағынан әлемдегі алдыңғы ондықтың ішіне орнықты. Бірақ әлемдік деңгей тұрғысынан алып айтсақ, өткен 30 жылда жылқының саны өскенімен, сапасы өскен жоқ. Керісінше, қазақ даласында қалыптасқан кейбір жылқы тұқымдары құрып кетуге шақ қалды. Елдегі жылқының 40 мыңы ғана асыл тұқымды екенін ескерсек, бұл өз кезегінде саладағы селекциялық жұмыстардың әлсіздігін және асылдандыру ісіне жеткілікті көңіл бөлінбей отырғанын аңғартады.

«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» дегендей, Қазақстанда жылқының бірнеше түрі бар. Оның ішінде қазақпен бірге жасап келе жатқан алтай мінсең арымайтын жабының орны ерекше. Кейін оған Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдары қосылды. Адай жылқысы да ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелді. Осыдан 2 жыл бұрын қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң да қабылданды. Мемлекет басшысы, Үкіметке жылқы шаруашылығы инс­титутын құруды да тапсырды. Бірақ бұл бастамалардың нақты нәтижесі әлі де күткендегідей деңгейге жеткен жоқ. Заң қабылданып, тапсыр­малар берілгенімен, оларды жүйе­лі түрде іске асыру жағы әлі де ақсап тұрғандай. Ғылыми негізделген селекциялық жұмыстар жеткілікті деңгейде жүргізілмей, өңірлердегі асыл тұқымды шаруашылықтардың мүмкіндігі толық пайдаланылмай келеді. Соның салдарынан жергілікті тұқымдардың табиғи қасиеттері әлсіреп, сапалық көрсеткіштері жыл сайын төмендеу үстінде. Жаңа тұқымдарды дамыту мен жетілдіру ісі де бірізді жолға қойылмаған. Сондықтан, жылқы шаруашылығын дамыту бағытындағы бастамалар қағаз жүзінде қалмай, нақты іске айналуы үшін ғылым, өндіріс және мемлекеттік қолдау өзара үйлесім табуы қажет болып отыр.

Жылқыны қолға үйреткен еліміз, жылқының отанымыз деп мақтанғанымызбен, осы мәртебемізге сай келетін нақты істер әлі де жеткіліксіз. Соның бір дәлелі – елімізде қымыз шаруашылығының тиісті деңгейде дамымауы. Бүгінде жаз мезгілінде ғана аздап бие сауылатыны болмаса, қымыз өндірісі маусымдық сипаттан аса алмай отыр. Төрт маусым бойы қымыз өндіретін ірі зауыттар мен жүйелі өндіріс жоқ. Тіпті қымызды емдік мақсатта пайдалануда да біз Башқұртстан деңгейіне жете алмай келеміз. Ол жақта қымызбен емдеу ісі дамып, арнайы фермалар жыл бойы жұмыс істейді. Ал бізде мұндай жүйе әлі толық қалыптаспаған.

Ботай, Берел сияқты тарихымыз бен жылқы түлігінің тарихынан сыр шертетін әйгілі тарихи орындар болғанымен, сол тарихи мекендерге келген туристерге қымыз ішіп, жылқы өнімдерін (қазы-қарта) татып көруге толық жағдай жасалмаған. Бұл – ұлттық құндылықты туризммен ұштастырудағы үлкен олқылық.

– Жылқы – біздің ұлттық идеологиямыздың темірқазығы. Елтаңбамызда да қанатты пырақтың суреті тұр. Сондықтан да жылқы мәселесі мемлекеттің бірінші стратегиялық бағыттағы шаруа­шылығы болуы керек. Менің бір көңілім толмайтыны – Қазақстанда қымыз өте аз әрі қымбат. Ол қарапайым халыққа қолжетімді болуы керек еді. Жаздың өзінде литрін мың неше теңгеден сатып алып, қымыз ішуге екінің бірінің жағдайы келе бермейді. Ал біздің халық күнде қымыз ішуі керек. Неге дейсіз ғой, Қазақстанның экологиялық жағдайы күрделі. Семей полигонында жүздеген жарылыс жасалды, Капустин Яр аймағында да көптеген сынақтар өтті. Оның зардабын халық әлі күнге дейін тартып отыр. Жалпы еліміздің әр өңірінде өндіріс қалдықтары көбейіп, жеріміз ластанды. Соның салдарынан халық денсаулығы да нашарлап барады. Осындай жағдайда халықты сауықтыратын табиғи өнімдердің бірі – қымыз. Қымыз және басқа да ағарған сусындар денсаулыққа өте пайдалы. Сондықтан қымыз шаруашылығын дамыту – аса маңызды мәселе. Башқұртстанда қымыз фермалары жақсы дамыған, қымыз халыққа қолжетімді. Бізде де бие сауатын фермерлерге мемлекет тарапынан субсидия мен қолдау көрсетілуі керек. Бұл салаға көмекті аямауымыз қажет. Қымыз өндірісін дамыту – тек ауыл шаруашылығының ғана емес, ұлттық денсаулық, экономика және туризм салаларының да стратегиялық бағыты болуы тиіс, – деді тарихшы, этнолог, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай.

Ахмет Тоқтабай қазақтың бұрынғы ұлттық жылқы тұқымдарын қайта қалпына келтіру мәселесін де жиі айтып жүр. «Ол үшін, – дейді ғалым, бізге бұрынғы мемлекеттік жылқы зауыттары сияқты арнайы ұлттық жылқы зауыты қажет. Сондай-ақ ол мемлекет қарауында болып, тұрақты түрде қаржыландырылып, қолдау көруі тиіс. Сонда ғана біз қазақтың тарихи жылқы тұқымдарын қайта жаңғырта аламыз. Мұндай іспен жеке фермерлер толық айналыса алмайды. Себебі олар үшін ең алдымен тез пайда табу маңыз­ды. Ал асыл тұқымды жылқы өсіру – ұзақ жылдарға созылатын селекция­лық жұмыс. Бір тұқымды қайта қалыптастыру үшін кемінде жиырма жыл уақыт қажет. Мұнымен кәсіби мамандар айналыспаса, пайда көздеген фермерлер айналыса қоймайды».

Тағы бір ескеретін түйін – қазір елімізде атты әскер бағытына жеткілікті көңіл бөлінбей отыр. «Жылқының отаны» болғанымызбен, салтанатты қарсы алуларда бірде-бір рет атты жасақтармен қарсы алып көргеміз жоқ. Тарихи тұрғыдан қарасақ, Абылай хан заманында құрметті қонақтарды қарсы алатын арнайы атты жасақтар болған. Олар жылқының түсіне қарай әртүрлі киініп, ерекше сән-салтанатпен құрметті қонақтардың алдынан шығатын.

– Бізге де осындай ұлттық сипаттағы салтанатты эскадрон қажет. Мысалы, мен жақында Ташкентке барып келдім. Сол жерде атты жасақтардың парадын көріп, таң қалдым. Өзбекстанның жылқы мәдениеті бізден төмен болғанымен, олар бұл бағытты жақсы дамытып жатыр. Моңғолияда да бұл іс жақсы жолға қойылған. Сондықтан біз де бұл істі қайта қолға алуымыз керек, – деді Ахмет Тоқтабай.

Елімізде жылқыға қатыс­ты бірде-бір музей жоқ. Жылқы түлігін көп зерттеген, жылқы туралы бірнеше кітап шығарған Ахмет Тоқтабай осыдан 25 жыл бұрын жылқы музейінің жобасын, экспозициялық жоспарын толық дайындап, құзырлы орындарға ұсынған, бірақ ол да ескерусіз қалыпты. БАҚ беттеріндегі деректерге сүйенсек, дүние жүзінің 37 елінде жылқы музейлері жұмыс істейді. Ал жылқы қолға үйретілген Қазақстанда жылқы музейінің болмауы ұлттық мұрамызға деген немқұрайдылықтың айқын көрінісі емей немене?!

Жылқы – тек ұлттық мұра ғана емес, бүгінгі таңда әлемдік экономикада да өзіндік орны бар стратегиялық ресурс. Көптеген елдерде асыл тұқымды жылқыларды өсіру, сату және экспорттау арқылы үлкен табыс көздері қалыптас­қан. Сонымен қатар ат спорты – халықаралық деңгейдегі беделді индустрияға айналып, бәйге, конкур, көкпар, поло сияқты жарыстар арқылы ел имиджін көтерудің маңызды құралы болып отыр. Туризм саласында да жылқының рөлі ерекше: этноауылдар, атпен серуендеу бағыттары, қымыз­бен емдеу кешендері шетелдік туристерді тартудың тиімді тәсіліне айналған. Каберхан сияқты тұлпарларымыз халықаралық аренада топ жарып, қазақ жылқысының әлеуе­тін дәлелдеп үлгерді.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button