Педагогтерге арналған семинар

Елордадағы Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының мамандарына арналған «Педагогтің құқықтары мен жауапкершілігі» тақырыбында қалалық семинар-тренинг өтті.
Тренингтің басты мақсаты – балабақша педагогтерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, кәсіби қызмет барысында өз құқықтарын қорғау тетіктерін меңгерту және жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Іс-шараға 150-ден аса педагог қатысты.
Жиында қалалық Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Қайроллаев сөз сөйлеп, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

«Мұғалімнің құқығы – тек заңдық норма емес, бұл білім беру сапасының кепілі. Педагог өз құқығын жетік білгенде ғана шәкірт бойында заңға бағынушылық пен жауапкершілік қасиеттерін нық қалыптастыра алады. Біздің мақсатымыз – әрбір маманның құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деп атап өтті ол.
Тренингтің модераторы болған орталық әдіскері Айнұр Амирханова қатысушыларды блоктар бойынша бағыттап, интерактивті талқылаулардың динамикасын үйлестіріп отырды.
Семинар барысында бір топ тәжірибелі педагог-психологтар арнайы тренингтер өткізді. Іс-шара соңында қатысушылар «3 маңызды ой» әдісі арқылы алған білімдерін саралап, пікірлерін ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған орталық әдіскерлері Айжамал Исабекова мен Айнұр Амирханова қатысушыларға кері байланыс беріп, құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.



