Басты ақпаратСұхбат

Айтбек Нығызбаев: Ақселеудің аманатын орындадым деп ойлаймын

«Мен білім алып, оң-солымды танып, адам ретінде өзімнің болмысым қандай екенін сезінген кезде іштей бір-ақ нәрсеге өкінемін: менен өте жақсы музыкант шығатын еді. Менің бойымда музыкалық қабілет басқа қабілетімнен әлдеқайда басым екенін сезем. Өкінішке қарай, мен оқыған орта мектепте музыка пәні жүрген жоқ. Бірақ мен өскен орта – бұл Тәттімбеттің ауылы, Дайрабайдың ауылы, Ықыластың ауылы, Тоқаның ауылы, Күләштің ауылы, Манарбектің ауылы, Әбікен Хасеновтің ауылы, былайша айтқанда, қазақтың дәстүрлі классикалық музыкасын жөргектен құлағыма сіңіріп өстім. Оған филология­лық тарихи зерде қосылғанда шын мәнісінде өкіндім. Шіркін, мен музыкант болғанда халқыма көбірек пайда келтіретін едім» деген еді Ақселеу Сейдімбек «Шынның жүзі» бағдарламасына берген сұхбатында.

Алаштың аяулы азаматының осындай өкініші болғанымен, артында көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының сөзіне жазылған «Сарыарқа» және «Дәурен-ай» атты асқақ әндері қалды. Ақселеудің музыкалық мұрасы мұнымен шектелмейді, жалпы 12 әні мен 2 күйі бар. Белгілі әнші, ұстаз, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтбек Нығызбаев соның бәрін жинақтап, «Ақселеу әндері» атты кітап шығарды. Ертең Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен жарық көрген аталмыш еңбектің таныстырылымы мен әдеби-сазды кеш өтеді. Соның қарсаңында автормен бұл жинақ туралы әңгімелестік.

– Айтбек аға, «Ақселеу әндері» атты кітабыңыз қазақ мәдениеті мен өнері, жалпы руханияты үшін үлкен олжа болмақ. Осы еңбегіңіздің жарыққа шығуымен құттықтаймын! Ақселеуді таныстырып жатудың қажеті жоқ, «Сарыарқа» және «Дәурен-ай» атты әндерін де жұрт біледі. Мына еңбегіңізде Ахаңның басқа да әндерін жинақтаған екенсіз. Бұл туындылар қолыңызға қалай түсті?

– Бұл сұраққа жауап беру үшін әңгімені Ахаңмен алғаш танысқан күнімнен бастауға тура келеді. Мені Ахаңмен таныстырған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменов ұстазым еді. 1989 жылы жаз мезгілінде Алматыдағы «Жұлдыз» мейрамханасында өткен зиялылардың бір басқосуында маған ән айтқызып, соңынан: «Ақа, мына бала – сіздің жерлес ініңіз» деп таныстырғаны әлі есімде. Содан кейін Алматы мен Қазақстанның өзге де қалаларындағы жиындарда, алқалы топтарда ән айтып, ара-тұра кездесіп, сұхбаттасып жүрдім.

Ақселеу Сланұлы 2000 жылы Астанаға көшіп, басында Президенттік мәдениет орталығында, көп ұзамай Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызметін жалғастырды. Ал мен сол университет ректоры Амангелді Құсайыновтың шақыруымен 1999 жылдың қыркүйегінен сондағы музыка факультетінде сабақ беріп жүргенмін. Ахаңның келуі біз үшін айрықша қуаныш болды. Қолым қалт еткенде Ахаңның ықыласымен үйіне барып, өнер тұлғалары және жалпы қазақ музыкасы туралы әңгімесін тыңдап, рухани күш-қуат алып қайтатынмын. 2001 жылы менің «Қазақ әніндегі қыз-келіншектер бейнесі» атты дипломдық жұмысымның жетекшісі болды. Осы ғылыми жұмысты жазу барысында Ахаңмен жиі кездесіп тұрдым.

2000 жылы «Жаңа ғасырға – жаңа ән» байқауына Ақселеу Сланұлы үш әнін жіберетін болды. Олар – Несіпбек Айтұлы сөзін жазған «Алтын асық», Серік Тұрғынбекұлының өлеңіне жазылған «Арай күн» және ұлы Абайдың өлеңінен туған «Есіңде бар ма жас күнің». Этнограф-ғалым осы әндерін нотаға түсіріп, үн таспаға орындау­ды маған тапсырды. Бұл – аса жауапты жұмыста Қазақстанның мәдениет қайраткері Мұхаметқали Тіналиннің еңбегі зор. Осы өнер тұлғасы аталған әндерді нотаға түсірді, мен үнтаспа үшін нақышына келтіріп айтып, CD дискідегі жазбаны Ахаңа апарып бердім.

– Кітабыңызда жинақтал­ған Ақселеудің әндеріне тоқ­талсаңыз. Ахаң шығу тарихын да шертіп берген болар…

– Ахаңның үйіне бір барғанымда «Халық менің екі әнімді – «Дәурен-ай» мен «Сарыарқаны» ғана естіп жүр, басқа әндерімді біле бермейді. Сен енді басқа да музыкалық шығармаларымды орындап, елге тарата жүр» деп айтылмай жүрген әндерін өзі орындап, магнитофоныма басып берді. Енді ойлап қарасам, қазақтың Ақселеуі маған елеулі дүниесін аманаттаған екен-ау. Сол аманатын орындадым деп ойлаймын.

Сол күндері Ахаң елге таралып кеткен толғаулары жөнінде де қызықты әңгіме қозғады. «1983 жылы Ақтанбердінің толғауына Сүгірдің «Ыңғайтөк» күйін негізге ала отырып, лайық­тап өңдедім. Сосын «Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуы» толғауының әнін шығардым. Бұл толғау әуендерін алғаш Жәнібек Кәрменовке үйреттім. Жәнібегім осы екі толғауды тамылжытып орындап, халыққа жеткізді. Кейін «бұл толғауларды шығарып, өңдеген мен едім» деп айтуға ыңғайсыздандым. Содан аталған екі толғаудың бірі – Ақтанбердінікі, екіншісі – Әсеттікі боп кете барды. Оларды шығарғанымды Бекболат Тілеухан, Жақсыкелді Кемалов, тағы да басқа дәстүрлі әншілер біледі. Сенің де есіңде болсын» деді. Бір қызығы, Ахаң бұл әңгімені мақтанып немесе күйініп айтпады. Жай ғана адами қалыпта баяндады.

– «Сарыарқа» мен «Дәурен-айды» талайлар айтып жүр. Ақселеу Сейдімбектің өзге де әндерін сізден басқа шырқайтын әншілер бар ма?

– Ахаңның «Арарай» әнінің бірінші нұсқасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыкелді Кемаловтың орындауында нотаға түсірілді. Жақаң бұл әнді 1997 жылы Ахаңның өз аузынан үйреніпті. «Қыз дәурен» атты әні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзира Бөкейханның орындауында халыққа таралды.

– «Ақселеу әндері» кітабына әлдебір себептермен енбей қалған Ахаңның туындылары бар ма?

– Мен Ахаңның әндерін жинақтағанымда, кітапқа барлығы 12 ән енді. Бір әнін таппай қалдым. Ол кісі бір әңгімесінде Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің гимнін жазғанын айтқан еді. Бірақ гимн­ді таңдауға келгенде Ахаңның туындысы өтпеді. Осы туынды таптырмады. Сосын кітапқа «Құлақ күйі» және «Қосбасар» атты Қарасай Сайжанов нотаға түсірген екі күйі енбей қалды. Кітаптың белгіленген баспа табағы асып кеткен соң, оларды алып тастады.

– Ақселеу Сейдімбектің музыкалық мұрасын жинақтау идеясы сізге қашан, қалай келді?

– 2022 жылы Ахаңның туғанына 80 жыл толды. Ақселеу Сейдімбектің телегей теңіз мұрасының ішінде бәрі бар. Бұған «шүкір» дейміз. Бірақ ақселеутанудың бір бүйірі солғын тартып тұратын. Бұл – музыкалық мұрасы. Қазақ «Аманатқа қиянат жүрмейді» дейді. Ақселеу Сланұлының дүниеден озғанына бір мүшелден астам уақыт өткенде музыкалық мұрасын жеке жинақ етіп жариялауды дұрыс деп санадым. Бұл – ұлт өнері тарихы мен тұлғалар тағылымына құрмет. Осы орайда қолдау көрсеткен Мәдениет және ақпарат министрлігіне рақмет айтамын. Ақселеудің әндерін жинақтап, кітап шығаратынымды естіген Халық әртісі, Қазақстаның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі ­Әшімов «алғысөзін өзім жазамын» деді. Көпке ұзатпай соны қолыма тигізді де. Сондай-ақ жинаққа белгілі ғалым, профессор, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимовтың да мақаласы енгізілді.

– Ақселеу Сейдімбек әндерінің қандай ерекшеліктерін байқадыңыз?

– Ахаң әндерінде дәстүрлі ұлттық нақыш сақталған. Өйткені ол тамыры терең халық музыкасынан бастау алады. Ақселеу Сланұлы ұлттың нәрін бойына мейлінше сіңірген. Жинақтағы мұрадан осы ерекшелікті көріп, байыптауға болады. Жалпы Ахаңның ұлттың дәстүрлі өнерін жандандыру мен өрістету жолындағы еңбегі ұшан-теңіз. Оны әрі қарай зерттеу – бүгінгі және болашақ ұрпақтың еншісінде. Қазақ халқы, оның сан салалы өнері, мәдениетке деген елдің ынта-ықыласы тұрғанда, Ахаң әндері Қазақстан мен әлемнің көгінде қалықтай береді деп сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет! Кітаптың таныстырылымына сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан Аманғали Қалжанов

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button