Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова Венециандық комиссияның 146-пленарлық сессиясының қатысушыларына Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформа және мемлекеттің институционалдық жүйесін одан әрі жетілдіруге, сондай-ақ құқық үстемдігі қағидаттарын нығайтуға бағытталған жаңа Конституция жобасы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«2026 жылғы конституциялық реформа жаңа Конституция жобасын әзірлеу арқылы іске асырылуда. Бұл жоба 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумға шығарылатын болады. Реформаның негізгі мақсаты – билік тармақтары арасындағы теңгерімді жаңарту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру. Жаңа Конституция жобасы конституциялық құрылыстың басым құндылығы ретінде адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейтуге бағытталған», – деп атап өтті Конституциялық Соттың Төрағасы.
Ол жаңа Конституция жобасын әзірлеумен және азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды қараумен айналысқан Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның қызметі туралы да айтып берді. Оның сөзінше, жұмыс ашық және айқын процесс форматында жүргізілді, оған ұсынылған бастамаларды талдауды, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында кең ауқымды талқылаулар өткізуді қамтыды.
Жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында Венециандық комиссияның сараптамалық қорытындылары да ескерілді.
Сонымен қатар, Эльвира Азимова Конституциялық сот төрелігі жөніндегі кіші комиссия төрағасының орынбасары ретінде кіші комиссия отырысына қатысты. Бұл лауазымға оның кандидатурасын 2025 жылғы желтоқсанда Данышпандар комитеті ұсынып, Венециандық комиссия мүшелері бірауыздан қолдаған болатын. Кіші комиссия құрамын қалыптастыру кезінде Комитет ротация қағидатын, сондай-ақ гендерлік және географиялық теңгерімді қамтамасыз ету қағидаттарын басшылыққа алды.



