Чехияның жетекші технологиялық және өнеркәсіптік компаниялары Қазақстан мен Орталық Азия нарығында елеулі мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Қайрат Әбдірахмановтың чех компанияларының басшыларымен өткізген кездесулері барысында мәлімделді. Кездесулер Қазақстан мен Чехия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған дәстүрлі диалог аясында өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Чехияның іскер топтары Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар мен елдің жоғары экономикалық көрсеткіштеріне зор қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Кәсіпкерлер инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартуға бағытталған шаралар өзара тиімді жобаларды іске асыруға берік негіз қалыптастыратынына сенім білдірді.
«ZVVZ Engineering» компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Мартин Воячекпен өткен кездесуде өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, Қазақстанда өнеркәсіптік сүзгілер өндірісін жергіліктендіру жоспары қарастырылды. Бұл бастама инвестициялар тартуға, технологиялар трансферіне және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етпек.
«OMNIPOL» компаниясының басшысы Артем Мовсесянмен келіссөздер барысында авиация саласындағы ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде L410 NG ұшақтарына қызмет көрсету жөніндегі сервистік орталық құру жоспары талқыланды. 2025 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігімен жасалған келісімшарт аясында аталған үлгідегі бірнеше әуе кемесі жеткізіліп, еліміздің түрлі өңірлерінде пайдаланылып жатқаны екіжақты серіктестіктің табысты үлгісі ретінде аталып өтті.
Компания иесі әрі бірегей патенттердің иегері Любош Новактың шақыруымен Елші «MEGA» кәсіпорнының өндірістік алаңдарын аралап, электромембраналық үдерістер, су тазарту жүйелеріндегі электродиализ технологиялары және сүт өнеркәсібіндегі деминерализация шешімдерімен танысты.
Турнов қаласындағы «SKLOSTROJ» зауытында оның иесі Мартин Голд шыны ыдыс өндірісіне арналған жабдықтарды жасау үдерісі мен компанияның экспорттық әлеуетін таныстырды. Аталған кәсіпорындарда қазақстандық мамандардың еңбек етуі кәсіби байланыстарды нығайтуға және құзыреттер алмасуына ықпал етуде.
Кездесулер барысында бұл кәсіпорындардың Қазақстан мен Чехия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, өзара тиімді байланыстарды кеңейтуге, заманауи технологияларды енгізуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға елеулі үлес қосып отырғаны аталып өтті.
Сондай-ақ «Astana Motors Czech» компаниясының қызметіне ерекше назар аударылды. Компания халықаралық деңгейде танылған «Chery» автомобиль брендінің өнімдерін Чехия нарығында ілгерілету арқылы және дистрибуция мен сервистік қызмет көрсету саласында чех іскер топтарымен әріптестікті дамыта отырып, берік позиция қалыптастырды. Белгілі қазақстандық «Astana Motors» компаниясының Еуропаның өңірлік нарықтарында автомобиль өнімдерінің қатысуын кеңейту ниеті құптарлық бастама ретінде аталды.



