Әлеумет

Сексенінде де сергек

Бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз, абзал ана, сүйікті әже Майра Қоразова сексеннің сеңгіріне шықса да әлі сергек. Өзінің қарапайымдылығымен, биязы мінезімен, табанды еңбегімен ерекшеленіп жүрген жақсы жан бүгінде Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің және Сарайшық аудандық Ардагерлер кеңесінің мүшесі, «Қайсар» бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы. Құрметті демалысқа шыққанына ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де бір күн үйінде қол қусырып қарап отырған жоқ, үнемі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді.

Зұлым соғыс аяқталған жылдың соңында Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген қыз жастайы­нан әкесіне жақын болды. Ол кісі колхоз бастығы, жұмыс бабымен шаруашылықты аралайды, үйде отырмайды. Сондайда кішкентай Майра Әлімханқызы әкесінен бір елі ажырамай жүріп бой жетеді. Оның бойындағы еңбексүйгіштік, бастаған істі аяғына дейін жеткізу, табандылық сол кісіден дарыса керек.

– Ол кезде машина деген жоқ, кісілер ат арбамен жүретін. Колхоз орталығында жеті жылдық мектеп болатын. Оны бітірген соң 40 шақырым жердегі Кеңес­тер одағының батыры Ізғұтты Айтықов атындағы орта мектепте білім алып, интернатта жаттым. Кейде мектепке салт атпен де келіп оқыған күндерім, жаяу жүрген кездерім де болды. Жастайымнан еңбекке араласып, үлкендермен бірге қой қырқып, картоп қазып, шөп жинауға барамын, сонда әкем колхоз бастығы бола тұра, «мен бармаймын, мен істемеймін» демей, ылғи да алдыңғы қатарда жүретінмін. Атқа мініп, шөмеле салдық, оны тырнауышпен жинадық. Мектеп бітірерде бес қыз жиналып, 25 шақырым жердегі комбинаттың магазиніне барып мата сатып алып, мектеп бітіру кешіне көйлекті өзіміз тігіп киген едік. Оған да міне, 50 жыл болып қалды. «Елу жылда – ел жаңа» деген. Әттең, сол кездер қайта оралып келсе ғой, – деп бастады әңгімесін Майра Әлімханқызы.

Мектепті үздік бітіргеннен кейін ол педагогикалық оқу орнына түсіп, оны ойдағыдай аяқтаған соң алғашқы еңбек жолын ұстаздықпен ұштастырды. Оған дейін аяқ киім фабрикасында үлкен станокта наладчица, хатшы да болып, ұзақ жылдар бойы аудандық білім бөлімінде, спорт комитетінде бухгалтер болып та жұмыс істеді. Кейін мамандығы бойынша балабақшада еңбек етіп, үлкен топта тәрбиеші бола жүріп, сол жерден құрметті демалысқа шықты. Сонда да қатардан қалмай ардагерлер қозғалысына қатысып, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысты. Отанын, елін, жерін, тілін қадірлейтін, рухани дүниесі бай, жаны таза ұстаз зейнеткерлікке шыққалы қоғамдық жұмыстармен айналысып келеді.

1998 жылы ел астанасына көшіп келген Майра апай 2019 жылдан бері Күйгенжар тұрғын алабындағы № 42 орта мектебі мен Интернациональныйдағы №44 орта мектепте қоғамдық кеңес мүшесі, қалалық ардагерлер кеңесінде пленум мүшесі. Осы өңірдің мәдениет, оқу, өнер, қоғам саласында ұзақ жыл еңбек етіп, бүгінде зейнетке шыққан ардагерлерге қолдан келген көмегін аямай жүр.

– Қоғамдық жұмысқа мені жергілікті әкім шақырды. Сол кезде біз еккен шырша, ағаштар қазір елордаға ерекше көрік беріп, үлкен саябақ болып жайқалып тұр. Өзім жасыл желекті, гүл отырғызғанды өте жақсы көремін. Спорттан да құр алақан емеспін. Атпен шапқан кездерім де болды. Велосипед, шаңғы, шахматты әлі тастаған жоқпын. Шаңғыдан жарыс болғанда бірінші орынды медалімен жеңіп алдым. Денсаулықты сақтап, ұзақ жасау үшін ғылым мен техникаға, дәрі-
дәрмекке иек арта беруге болмайды. Меніңше, ең жақсы емші – адамның өзі, ең жақсы дәрі – уақыт. Ең жақсы көңіл-күй – тыныштық. Ең жақсы әрекет – жаяу жүру. Ал қоғаммен психологиялық үйлесім табу – әр адамның өзінің еншісінде, – деді апай ағынан жарыла.

Ел үшін еткен еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Осы жылдар ішінде Майра Әлімханқызы Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет» грамотасымен, ҚР Тәуелсіздігінің 20, 25, 30 жылдығы» мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ұлы Отан соғысына 75 жыл» медальдарымен, «Ардагерлер қоғамы» РҚБ-нің «Құрмет» төсбелгісімен және басқа да көптеген грамоталармен марапатталды.

Сексеннің сеңгіріне асықпай, аптықпай, абырой биігінен аласармай жеткен Майра апай әлі де тың. Жақында бастауыш ардагерлер ұйымының есеп-беру жиынында аудан ардагерлері ол кісіге тағы да сенім артып, бастауыш ұйымның төрайымы етіп бірауыздан қайта сайлады. Бұл да болса өзінің өсіріп-тәрбиелеген үш баласынан 7 немере, 7 шөбере сүйіп отыр­ған қарапайым жанның жігерін жасытпай, ел үшін әлі де аянбай еңбек етуге құштарлығын арттыра түскендей.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button