Шархан ҚАЗЫҒҰЛ: Оқырманын ойландыра алған жазушы бақытты

Арал топырағында туып, Алматы өңірінде журналистік жолын тапқан, БАҚ-тың барлық буындарында өзін танытып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, Үкіметте, ұлттық компанияда жемісті қызмет еткен, бүгінде Астананың төрінде қаламгерлік қарымымен қазақ әдебиетінің қазыналы қорын байытуға үлес қосып жүрген мерейтой иесімен жаңа белес жасқа жеткен сәтінде өмірі мен шығармашылығы жайлы ой-толғамын білуге сұхбат алған едік.
– Жетпіс жасыңызға аяқ басып, үлкен белеске беттеп, артыңызға қарағанда не ой түйдіңіз? Бала Шархан, журналист Шархан және жазушы Шархан – осы үш кезеңді қысқаша қалай сипаттар едіңіз?
– Артқа қарап, өткенге көз жүгірткенде, ең бірінші есіме балалық шағым түседі. Балалық шақ адам өміріндегі ең əдемі, ең тəтті кезең екеніне күмəнданудың өзі күнə дер едім.
Алпысбай інім (қазақтың танымал суретшісі Алпысбай Қазығұлов – ред.) екеуміз атамның тәрбиесінде өстік. Атам өте тік кісі еді. Мені 1-сыныпқа өзі ертіп барды. Біздің мектепте ерлі-зайыпты Әбен және Мәрия Рысмахановтар бастауыш екі сыныпты қатар оқытатын. Бірі – «а» сыныбын, бірі – «б» сыныбын. Мені Мәрия апайдың сыныбына жазып қойыпты. Атама бұл ұнамаса керек, мені жетектеп алды да, Әбен ағайдың сыныбына әкелді: «Әй, Әбен, келін жақсы адам ғой, таласым жоқ, бірақ менің баламды еркек адам оқытуы тиіс». Осымен барлық мәселе шешілді. Обалы не, Әбен ағай мені жанын салып оқытты. Атамды қатты сыйлайтын. Алдында қызарғысы келмеген болуы керек.

Атам Алпысбай екеумізге ұқыптылық пен еңбекқорлықты үйретіп кеткенін кейін ес білген кезде бажайладым. Мұны дәлелдей аламын. Ол екеумізге майысқан шегелерді түзеттіріп қоятын. Үлкен шегелерді өзі түзетіп отыратын. Ұзын бөрене ағаштарды қалай болса солай аралатпайтын. 35 сантиметрлік клише жасап алып, сол бойынша кестіретін. Сонда кесіліп, жарылған ағаштарды сарайдың қабырғасына жинағанда оқтай болып тұратын. Ұқыптылық пен еңбекқорлыққа негізделген осы гармония Алпысбай екеуміздің эстетикалық табантірегімізді орнықтырғанын қазір сезініп жүрмін.
Жас кезiмде аудандық газеттерде жұмыс iстедiм. Тiлшi, жауапты хатшы сатыларынан өтiп, Алматы облысының Балқаш, одан соң Іле аудандарында төрт-төрт жылдан сегiз жыл аудандық газетте бас редактор болдым. Сол кездің өзінде халыққа бiр пайдалы дүние жариялауды естен шығарған жоқпын. Мысалы, Балқаш аудандық газетінде аудандық партия комитетiнiң ұйымдастыру пленумының демократиялық негізде өтпегені сынға алынды. Үлкен айқай-шу болды. Бірақ алдыңғы пленумда көптеген бұрмалаумен сайланған аудандық партия комитетiнiң хатшылары, аупарткомның бюро мүшелерi, бөлiм меңгерушілері мақала пәрменiмен кезектен тыс шақырылған ұйымдық пленумда жаңадан сайланды. Бұл, шынында да, үлкен батылдықты қажет ететін шаруа еді. Дәл осыны журналистикадағы басты ерлігім деп санаймын.
Ал үшінші кезең туралы айтар болсам, журналистикадан публицистикаға өткен кезде «Оңашадағы онлайн ойлар» деген екі кітабымды жаздым. Осы шығармаларым өзіме ерекше ұнайды. Ондағы айтқан ойларым өмірдің барлық саласын қамтиды. Өмірден түйгенімді, көрген-баққанымның бәрін сол кітапта жаздым. Жалпы, алпыстан кейін шығармашылық адамы ой еңбегін тоқтатпауы керек. Неге? Негесі сол, адамның миы соқа сияқты. Соқамен жер жыртсаң, жылтырап тұрады. Түрен тартпаған соқаны тот басады. Мұнда да сондай процесс. Алпыс жастан кейін адам миының екі жартышары бірдей жұмыс істей бастағанда кез келген адам кітап оқуды, миға салмақ салып, ойлануды өршіте түспесе, нейрондардың байланысы үзіле береді. Ал бұл дегеніңіз қартаюға, нақтырақ айтсақ, деменцияға алып келеді.
– Сіз «Нұр Астана» басылымына жетекшілік еттіңіз және «Айқара» сияқты ерекше республикалық газетті дүниеге әкелдіңіз. Тіпті пәтеріңізді сатып, «Айқара» газетін жарты жыл шығарғаныңызды білеміз. Бұл газетке деген махаббатыңыз ба, әлде өзіңіздің баспасөз атаулыны өлтірмеуге деген талпынысыңыз ба?
– Газет те қанша жерден кәсіп дегеніңмен өнерге жатады. Өнердің элементтері онда толып жатыр. Сондықтан газет құрып кетеді деген әңгімеге әзірше мотивация көріп тұрған жоқпын. Астын сызып айтайын дегенім, бірақ бізге газет ісінде үлкен реформа керек. Жылтыр сөзді құрту керек. Қазір ой керек. Қысқа сөздің қауызына әп-әдемі қондыра салатын ойды меңзеп тұрмын. Ой болғанда да ешқайда бұра тартпайтын ортадағы ойды айтамын. Баспасөз беренсөзімен ғана беделді бола алады.
Өзің айтқандай, мен 2008 жылы «Айқара» деген жеке газетімді өз серіктестеріммен бірігіп жарты жыл шығардым. Сол газеттің концепциясын қазіргі мерзімді баспасөзге ұсынар едім. Шын мәнінде, қазіргі заманғы газетте жаңалық жариялап берекет таппайсың. Газет структурасы біздің заманымызда танымдық-сараптамалық мақалаларға құрылуы тиіс. Газеттерді қорғап қалудың бір жолы осы. Сонда ғана біз басқалармен бейбіт қатар өмір сүру құқығына ие боламыз.

– «Аталмыш туынды сені ойлауға үйрете алды ма? Мәселе осында! Көркем әдебиеттің құдіретін осы жерден іздеген дұрыс». Соңғы рет сізге ой салған қандай шығарманы немесе тіпті жазбаны оқыдыңыз? Ол не туралы және неге әсер етті?
– Соңғы оқығаным – Ақберен Елгезектің «Дардай» деген романы. Маған ерекше әсер еткен шығармада автор туған халқы басынан кешірген сұрапыл тағдырды аллегориялық кейіпкердің аяқастынан алыпқа айналуынан бастайды. «Адам-Уақыт-Кеңістік» философиялық ұғымына бағынбайтын басы ашық оқиғаларды сопылық мақамдар жүйесі арқылы қарастырған. Шығарманы оқып шыққан оқырман өзінің кеудесінде ғаламат рухтың барын сезінеді. Өз оқырманын ұлы сезімдерге бөлей алған жазушы – шын бақытты.
– «О басында адамдарды ойлануға мифология ерекше әсер еткенін қазір екінің бірі біледі» деп бір сұхбатыңызда жұмырбасты пендеге ой салатын құбылыстарды тізіп, одан әрі романтизм, сосын реализм, кейін абстракционизм әсер еткенін айтыпсыз. Соңында «Қазір революциялық жаңалыққа айналған ақпараттық технологияның адами қатынастарды басып озғанынан бүгінгі адамның экспрессиясы мен эмпатиясы мидай араласып кетті» депсіз үш жыл бұрын. Содан бері не өзгерді? Сіздің қаупіңіз сейілді ме, керісінше, күшейді ме?
– Ол айтқан ойымнан айни қойған жоқпын. Тіпті қаупім күшейе түсті. Былтырдан бері жасанды интеллект қарқынды дамып жатыр, мен содан қорқамын. Өйткені бұл адамдарды ойланудан, ой қуудан алшақтатады, адам барлық шаруасын тер төкпей жасауға бейімделіп алса, содан өткен трагедия жоқ сияқты маған. Ойлана алмау, өзінше ой қорытпау адамзатты жақсылыққа апарарына күмәнім көп. Енді бір 20 жылдан кейін адамзаттың ойлау қабілеті мүлде төмендеп кете ме деген қорқынышымды жасырғым келмейді.
– Тәуелсіздіктің 30 жылында 100-ге жуық роман жазылғанын келтірдіңіз, солардың ішінен өзіңіз ерекшелеп қай романдарды атап айтар едіңіз?
– Шынында, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақ жазушыларының тосылыңқырап қалғаны рас. Өйткені бір формациядан екінші формацияға ауысқан кезде баяғы социализм заманында бір ізге түсіп алып, социализмді жырлаған көркем шығармалар өзінің актуальдылығын жоғалтты. Осы өліара кезеңде қаламгерлер абдырап қалды. Жаңа заманның тыныс-тіршілігін, халықтың өмірін кестелеу қиындау болды. Бірақ «үлкен пышақ ұялғанынан өтеді» дегендей, Әбдіжәміл Нұрпейісов ағама риза болдым. Ол кісі өзінің «Соңғы парыз» дилогиясымен қазақ жазушыларына дем берді. Осы ғасырдың басында, менің ойымша, Төлен Әбдік ағамыздың «Парасат майданы» повесі де ғажап жазылды. Бұл – тамаша философияға құрылған, қазіргі адамның жан дүниесін терең зерттеген шығарма. «Двуличиенің» табиғатын ашқан хикаятта ол бізді дұрыс ойлауға үйретті. Өркениеттің басты міндеті ойлануға үйрету екенін тағы да бір еске алсақ, онда біз ағамызға алғыс айтуымыз керек.
Меніңше, осы екі ғажап шығармадан кейін қазақ жазушылары өндіре жұмыс істей бастады. Тағы бір ерекше тоқтала кететін жазушы Рахымжан Отарбаев дер едім. Ол тәуелсіздік жылдарында қазақ прозасының дамуына зор үлес қосып кетті. Ол ұлттық шығармаларды әлемдік деңгейге көтеруге ұмтылды. Қай тақырыпта жазған туындылары болсын, оқырмандарды дүр сілкіндірді. 2012 жылы жарыққа шыққан Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» романы тарихи романдардың жазылуына ерекше серпіліс берді деп ойлаймын. Марат Мәжитовтің «Хақназар» мен Мәди Айымбетовтің «Бопай ханым» романдары да кесек дүниелер.
– «Қазақ жазушысы енді өз орбитасынан шығып, бүкіл адамзаттың алдында тұрған мәңгілік сұрақтардың жауабын іздеуі тиіс» деген ойыңызды да білеміз. Мәңгілік сұрақтарға нені жатқызар едіңіз?
– Адамзаттың алдында тұрған мәңгілік сұрақтар өте көп. Біз өмірге неге келеміз? Өмірлік миссиямыз не? Адам баласы өзін-өзі толық зерттей алды ма? Біз өзіміз өмір сүріп жатқан галактиканың неше түрлі жұмбағын шеше аламыз ба? Адам жаны мәңгілік пе? Неге адамзат соғыс деген қасіретті әлі күнге басынан кешіріп келеді? Әлемде тыныштық неге жоқ? Міне, осындай және басқа да сан түрлі «негенама» беттерін құрайтын мәңгілік сұрақтарға жазушы жауап іздеуі керек деп ойлаймын.
– Соңғы сұрақ, Шархан аға, жалпы, кез келген адам жасампаз іспен айналысуы үшін не қажет деп ойлайсыз?
– Кванттық физикада «бақылаушы эффект» деген термин бар. Оның мәні біздің назарымыз біздің қуатымызбен бір бағытта өрбуінде жатыр. Соның нәтижесінде біз материалдық әлемге әсер ете аламыз. Әрине, ол үшін қарым-қабілетіңізді өзіңіз қалаған позитивті нәрсеге бағыттай білу керек. Міне, сіз өзіңіздің бағыт-бағдарыңызды басқаруға қол жеткізген тұста шексіз мүмкіндіктер жинақталған кванттық өрістің кілтіне ие боласыз. Дәл осы жерде сіздің санаңызда күйкі тірлік пен жасампаздық тайталасы басталады. Бұл жағдайда соңғысы жеңіске жетеді. Олай дейтінім, тек қана қалқайып жүріп өмір сүру процесі стрестен басқа ештеңе бермейді. Өйткені жүйке жүйесінің айтқанынан шыға алмайтын адамның миы мен денесінің арасында баланс жойылады. Көп адамдардың өз өмірінен гөрі басқа адамдардың өмірімен айналысуға құштар болатыны да сондықтан. Ал жасампаздыққа ұмтылған, өзінің ішкі дауысы мен интуициясына жүгіне білген адам таза санаға айналады. Өйткені дәл осы жерде біз болмыстың жаңа күйіне өтеміз. Басқаша кестелесек, парасат пен дене біртұтас механизм ретінде жұмыс істеуді әдетке айналдырады. Осы кемелдікке жеткен адам барлық бұғауды бұзып, ой еркіндігі мен өз тәуелсіздігінің апогейіне шығады.
Сұхбаттасқан
Райхан РАХМЕТОВА



