Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Ақыл айтқанға бас шұлғи береміз бе?

Ағайын-туыс дастарқан басына жиылғанда атам мен әжем жарықтық ақыл-кеңестерін айтып, ненің болатынын, ненің болмайтынын жиі құлаққа құйып отырушы еді. Алаңсыз шақта ата-әжесінің ақылын тыңдап өскен ұрпақтың жаман болғаны жоқ. Өсті, есейді. Сол буынның өзі қазір алпысты алқымдап қалды. Өздері де ақыл айтар жасқа жетті.

Ал бүгін кім болса сол ақыл айтқыш болып барады. Оны күнделікті әлеуметтік желілер арқылы көз көріп, құлақ естіп жүр. Шынында қазір ақыл табу қиын емес. Телефонды ашсаң болды, біреу өмірді қалай сүру керегін, біреу қалай бай болуды, енді бірі қалай бақытты болуды үйретіп отыр. Кеше ғана бухгалтер, сатушы, тіпті таксист болған адамды айтпағанның өзінде тұрмысқа шығып, бала туып көрмеген қаракөздеріміз отбасы туралы айтқанда аузыңды аштырады. Солардың дені бүгін «коуч», «ментор», «мотивациялық спикер» атанып жүр. Бұл сонда қой дейтін қожаның, әй дейтін әженің болмағанынан ба?

Бұрын ақыл айту – жауапкершілік болатын. Бүгін ақыл көп, жауап беретін адам аз. «Өміріңді өзгерт», «ойыңды өзгерт – табысың өзгереді», «сен бәріне лайықсың» деген жалпылама сөздер мың рет қайталанады. Бірақ сол сөздердің артында нақты білім, тәжірибе, ең бастысы, нәтижесі бар ма?

Коуч феномені қайдан шықты? Бұл – қоғамның шаршағанынан туған құбылыс емес пе? Сауал көп, нақты жауабы жоқ. Себебі адамдар тез шешім іздейді. Олар үшін ұзақ оқу, жүйелі еңбек, кәсіби өсу – бәрі ауыр көрінеді. Ал коуч «үш күнде бай болудың жолын», «он қадаммен табысқа жетуді» уәде етеді. Міне, адамның басы осыған байланып қалып жатыр. Өз үмітін ақшаға сатып алатын деңгейге жетті. Үмітке ақша төлеу – бүгін қалыпты нәрсеге айналды. Үміттің тауар емес екенін ұқпай келеміз.

Коучтардың бәрін бірдей жоққа шығару әділетсіз болар. Шын мәнінде, кәсіби психологтар, бизнес-тренерлер, тәжірибесі бар менторлар бар. Олар нақты салада нақты нәтиже көрсеткен, жауапкершілікті сезінетін адамдар. Алайда мәселе – солардың тасасында көбейіп кеткен жалған «ақыл сатушыларды» айтып отырмыз.

Бүгін кез келген адам курс аша алады. Лицензия жоқ, стандарт жоқ, бақылау жоқ. Айтылған кеңес қате болса, соның салдары үшін ешкім жауап бермейді. Біреудің қаржылық тәуекелге баруына, біреудің отбасылық шешіміне, тіпті психологиялық күйіне әсер еткен сөздер үшін ешкім есеп бермейді. Ақыл айтылады, ал салмағы санаңды сиқырлай алмайды.

– Ең қауіптісі – ойлау жалқау­лығы. Біз біреудің айтқанына бас шұлғи салуға үйреніп барамыз. Себебі өз бетіңше ойлану қиын. Ал дайын формула жеңіл. «Осыны істесең – бәрі болады» деген сөзге сенгің келеді. Бірақ өмір формулаға бағынбайды. Егер сіздің өткеніңіз бүгінгі өміріңізге кедергі келтіріп, эмоционалды ауырлық сезінсеңіз, психологқа жүгінесіз. Психолог себеп-салдармен, өткен шақтың жарақаттарымен, іштегі кедергілермен жұмыс жасайды. Дәл қазір сізде ресурс жоқ болса, іштей «сынып» тұрсаңыз, санаңыз­ға салмақ түспегенде қайтеді. Егер сіз қазіргі жағдайыңызда тұрақтысыз, бірақ болашаққа нақты жоспар құрып, нәтижеге тез жеткіңіз келсе, коучқа жүгінесіз – болашаққа, мақсатқа жету жолдары, стратегия. Өнімділік, мансаптық өсу, жаңа дағдыларды меңгеруді қолға алғыңыз келеді. Бірақ нәтижесі жоқ. Сондықтан кім көрінгенге емес, білікті маманның алдына баруға кеңес берер едім, – дейді психолог Әйгерім Нұрғалиқызы.

Қазақта «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген сөз бар. Бірақ ол ақылдың бәрі бірдей дұрыс дегенді білдірмейді. Ақылдың жасы емес, салмағы маңызды. Салмақ – біліммен, тәжірибемен, адалдықпен өлшенеді.

Тағы бір мәселе – әлеуметтік желідегі жылтырақ өмір. Коучтың парақшасында бәрі әдемі: табыс, саяхат, мотивация. Бірақ кадр сыртындағы шындық көрінбейді. Сол көрініске қарап, адамдар өз өмірін кем санай бастайды. Бұл – психологиялық қысым. Ал қысымнан туған шешімдер көбіне қате болады.

Ақыл тыңдау – ұят емес. Ұят – ақылға сын көзбен қарамау. Әр кеңестің артында мүдде барын түсінбесек, алдану оңай. «Бұл адам неге үйретіп отыр? Қандай жолдан өтті? Қандай жауапкершілік алады?» деген сауалдарды өзімізге қою – ақылдылықтың белгісі еді, бірақ, бұған бас ауыртып отырған жан баласы жоқ.

«Қоғамға бүгін коучтан бұрын сыни ой керек. Біреудің сөзіне емес, өз ақылыңа сену керек. Ақылды сүзгіден өткізу – заман талабы. Әйтпесе, көп ақылдың арасында адасып қалу оп-оңай» дейді психолог маман.

– Сертификаты жоқ коучпен жұмыс істеу өте қауіпті. Неге екенін түсіндіріп көрейін, сертификатталған маман этикалық кодексті (құпиялылық, шекараны сақтау) сақтауға міндетті. Сертификаты жоқ адам мұндай жауапкершілікті сезіне алмайды. Білімі жоқ коуч адамның ішкі «жарасын» байқамай асқындырып алуы, тіпті жарып жіберуі мүмкін. Психолог ретінде айтарым: егер кәсіпкерде терең травма болса, ал коуч оны «тек алға, сен мықтысың!» деп итермелесе, бұл адамды ретравматизацияға яғни қайта жарақат алуға әкеледі. Дипломы жоқ маман көбіне тек өз тәжірибесіне сүйенеді. Барлық клиентке жаппай бірдей әдіс ұсынумен шектеледі. Ал кәсіби коучинг – бұл ғылыми негізделген әдістемелер жиынтығы. Коучтың біліктілігін қалай тексеруге болады?

Қоғамда өзін «коуч» деп атайтындар көп, сондықтан оның саны емес, сапасын анықтау  керек. Мына 3 нәрсеге мән беріңіз:

Біріншіден, Халықаралық аккредитация: Ең беделді ұйым – ICF (International Coaching Federation). Егер маманның ACC, PCC немесе MCC дәрежесі болса, бұл оның жүздеген сағаттық дайындықтан өткенін білдіреді.

Екіншіден, сенімді білім базасы: Коучтың қай мектепті бітіргенін сұраңыз. Ол психология немесе басқару саласында жоғары білімі бар ма?

Үшіншіден, клиенттермен жұмыс этикасы: Кәсіби коуч ешқашан «өміріңізді бір күнде өзгертемін» деп жалған уәде бермейді және кеңес айтып, ақыл үйретпейді, – деді психолог Әйгерім Нұрғалиқызы.

Рас шығар, алайда ақыл айт­қыштардың байыбына барып жатқандар аз. Мұны күнделікті өмірде көріп жүрміз.

– Мен бір жылдары қатты күйзеліске түстім. Отбасылық жағдайым күрт төмендеп, жұмыссыз қалдым. Сол кезде өзімді керексіз сезінгенім бар. Сондай сәтте қасыңнан жанашыр жан табылмай қалады екен. Әлеуметтік желі арқылы есімі елге етене таныс бір «ақылманға» жолықтым. «Жолыңды ашып беремін» деп қалтамды да қақты. Ойлана келе сенбеу керектігіне көзім жетті. Менің ұққаным, маңдайың терлеп табыс таппайынша, ештеңеге қол жеткізе алмайсың, – дейді қала тұрғыны Марфуға Темірболатқызы.

Қалай болған күнде де жалған жанашырлыққа тап болмай, біреуден «ақыл тыңдар» кезде де ақылға салған жөн шығар…

Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button