Отандық ғылым қайтсе өркендейді?

Химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, ғылым, білім және техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреты, КСРО және ҚР еңбек сіңірген өнертапқышы, Қызылорда облысының құрметті азаматы, Оксфорд университетінің Сократ номинациялау комитетінің шешімімен есімі әлемнің көрнекті ғалымдарының бүкілдүниежүзілік реестріне енген Абдуали БАЕШОВПЕН ғылыми-технологиялық төңкеріс, қазіргі отандық ғылымның жай-күйі мен дамуы, ғылым дамуының өлшемі мен нағыз ғалымның еңбегін әділ бағалау, Хирш индексі және Скопустың ғылымға тигізіп жатқан зияны туралы ашық сұхбаттастық.
Табиғи интеллектісіз даму жоқ
– Абдуали Баешұлы, «Алдағы 10-15 жылда үлкен ғылыми-технологиялық төңкеріс болады» деген сөзді көп естіп жүрміз. Қазақ ғылымында сондай төңкеріс бола ма?
– Шетелдерде ғылым өте жоғары дәрежеде дамып жатыр. Әлемде ғылыми төңкеріс болатынына күмәнім жоқ. Қазіргі жағдайда бізге оларға ілесу өте қиын. Себебі 30 жылда қазақ ғылымы дамыған жоқ. «Бізге ешқандай ғылымның керегі жоқ. Кез келген технологияны шетелден сатып алуға ақшамыз да, мұнайымыз да жетеді» деген ұстанымды да биік мінберлерден естідік. Өкінішке қарай, 30 жыл бойы ғылымға деген осындай көзқарас болды. Ғылымды дамытуға қаражат бөлінбей, ғалымдарға жағдай жасалмағандықтан ғылым тоқырап қалды. Ғылыми-технологиялық төңкерістің болу-болмауы ғалымдарға жасалған жағдайға байланысты деп ойлаймын. Қазір ғылымға көңіл бөлгісі келіп жатыр, бірақ нақты істен гөрі сөз көп. Мысал келтірейін. Бізде ғалымдарға ақшаны үш жылға бөледі. Сол қаражатты алу қиын. Конкурсқа қатысуға жіберген құжаттарың жетпей қалады. Құжат қабылдайтын жерде ғылымды толық түсінетін адамдар отырған жоқ. Зерттеген тақырыбымды әрі қарай жалғастырайын деп екінші рет құжат жіберсең «бұл тақырыпқа ақша бөлінген» деп өткізбейді. Керемет идеяң болғанның өзінде бөлінген қаражат жылдың ортасында түседі. Осыларға қарап елімізде ғылыми төңкеріс болады дей алмаймын. «Қазақстанда 25 мыңға жуық адам ғылыммен шұғылданады» деген дерек бар. Ол біз үшін көп пе, аз ба – білмеймін. Білетінім, олардың бәрінің бірдей жағдайы жақсы емес. Бала-шағасын асырауы үшін 2-3 немесе одан да көп жерде жұмыс істеп жүргендер бар. Солай жүгіріп жүрген ғалым қандай жаңалық ашуы мүмкін?! Ғылымда әрбір ғалымның табысқа жетуі – қиын нәрсе. Бірақ көп адамды қызықтырып қойса, ғалымдардың саны көбейсе, олар міндетті түрде адамзатқа қажетті сенсациялық жаңалықтар ашады. Сондай жаңа идеяларды айта алады.
Шын ғалым мен жалған ғалымды қалай ажыратамыз?
– «Бізде ғылымның тас-талқаны шықты. Нағыз ғалымдар дұрыс бағаланбай отыр. Мысалы, менің ғылыми жұмысымды Қазақстанда түсінетін 4-5 адам бар. Қалғаны әншейін долбарлап түсінеді. Грант ұтып алу лоторея билетін ұтумен бірдей. Ақша алуға неше түрлі қитұрқылықтар жасап қойған» деп едіңіз бірер жыл бұрын біздің газетке берген сұхбатыңызда. Ал бүгін жағдай өзгерді ме?
– Ғылыми жұмыстардың нәтижесін түсіну өте қиын. Менің жұмысымды бірге істеп жүрген ғалымдар ғана түсінеді. Маған басқа тақырыптағы бір жұмысты берсе, кейбір ерекшеліктерін түсіне алмаймын. Грант ұтып алу дегенге мысал келтірейін. Бірде мыс ұнтағы туралы жобамды конкурсқа жолдадым. Адам таңғалатындай нәтижелерді көрсеттім. Осы салада Қазақстанда ұзақ жылдар жұмыс істеп жүрген маманның бірімін. Бірақ жобам өтпей қалыпты. Сонда білгенімдей, әншейін жүрген бір адамдар нитратты ортада мыс алуға болады, ток аз кетеді деп анау-мынау уәжін келтіріп, жобаны ұтып алыпты. Ал нитратты ортада катодты процесс жүргізуге болмайды. Өйткені азоттың бір және екі валентті оксидтері түріндегі өте улы газдар бөлінеді. Жіберген жұмысыңның қандай адамның қолына түсетіні белгісіз. Сол себептен әділ жолмен грант ұтып алу өте қиын. Жылудан тікелей электр тогын алу тек термопараларды қолдану арқылы іске асады. Ол жылу температурасы 100 градустан асқан кезде ғана жұмыс істейді. Ал одан төменгі температураларда жылуды тікелей токқа айналдыру мүмкін емес болып келген. Жуырда 100 градусқа дейін жылудан тікелей электр қуатын алуға болатынын зерттеу нәтижелерімен көрсеттім. Әлемде бұрын-соңды мұндай жаңа әдіс болған емес. Жылу электр және атом электр станциясында су парымен турбинаны айналдырып, электр тогын алады, одан шыққан суды арнайы реакторларда суытады. Ал егер турбинадан шыққан судағы 80-90 градустағы жылуды тікелей токқа айналдырсақ, өте көп мөлшерде электр қуатын алуға болады. Мысалы, Түркияда Күн сәулесімен суды жылыту әдісі шешімін тапқан. Сол жылудан күні-түні электр тогын ала беруге мүмкіндік беретін жаңа әдіс ұсындық. Бұл жобамның қолдау тауып, қаржы бөлінетініне күмәнданып отырмын. Себебі оны түсінетін адамдар аз.
– Ғылымды бағалаудың нақты бір өлшемі бар ма? Мысалы, ғылымның бір саласындағы шын ғалымның ашқан жаңалығы, зор жетістігі қалай әділ бағаланады?
– Әрбір адамның ойын, ойлау дәрежесін, мақсатын, арманын, мінез-құлқын немесе салған суретін, шығарған музыкалық еңбегін, одан басқа адамның адамгершілігі мен пейілін және осы сияқты қасиеттерді өлшеуге бола ма? Оларға сандық сипаттама беруге бола ма? Әрине, бұл – мүмкін емес нәрсе. Себебі нақты өлшеуге болмайтын, санмен сипатталмайтын қасиеттер көп. Өкінішке қарай, қазіргі күні ғалымдардың ғылыми еңбектерінің нәтижесін өлшейтін, өлшегендей жағдайға келтіретін «наукометрия» деген бағытта нақты нәтижесі жоқ демагогиялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы бағытта жүргізілетін қитұрқы тірліктер нағыз ғалым мен жалған ғалымды ажыратуға мүмкіндік бермей, нағыз ғылымның қарқынды дамуына кесірін келтіріп, нағыз ғалымдардың абыройына көлеңке түсіріп, еліміздегі ғылымның дұрыс жолмен дамуына мүмкіншілік бермей келеді. Ғылымнан түсінігі аз адамдар, әсіресе басшылар мен шенеуніктер ғалымдардың жұмыстарын Хирш индексі арқылы өздері бағалап, ғылымды басқарғысы келеді. Сол себепті ғылыми жұмыстардың нәтижесін және құндылығын белгілі бір өлшемге – «наукометрияға» келтіріп, оп-оңай шешім қабылдағысы келеді. Белгілі заттың салмағын, оның өлшемдік параметрлерін (ұзындығы, ені, тағы сол сияқты) өте үлкен дәлдікпен өлшеуге болатыны белгілі. Ал ғылыми нәтижелерді санмен өлшеу абсурдты ұғым екенін әрбір көкірегі ояу адам түсіне алады. Зерек адамдар біледі: «көп және аз» деген өлшемнің өзі – абстрактылы нәрсе. Себебі «көп» деген ұғым барлық уақытта ол заттың көп екенін білдірмейді. Бұл – салыстырмалы өлшем. Ғұлама ғалым Эйнштейн жан-жақты зерттеулер, есептеулер нәтижесінде «салыстырмалық теориясын» ұсынғаны белгілі. Мысалы, адамның басындағы үш тал шаш – өте аз, ал бұл сіздің тостаққа құйылған көжеңізде болса – өте көп. Сол себептен «көп», «аз» деген сөздер ешқандай да нақты нәтижелер көрсетпейді. Ол салыстырмалы түрде келтірілген кезде ғана дұрыс нәтиже бере алады. Әрбір ғалымның, ғылыми жұмыстың құндылығы – оның ашқан ғылыми жаңалығымен және табиғи құбылыстарды түсінуде елеулі үлес қосатын, адамзаттың білімін тереңдететін, болашақта табиғи шикізаттарды өңдеп, пайдалы зат немесе қосылыстар алу технологиясын жасауға мүмкіншілік беретін, жаңа қасиетке ие жаңа заттарды алуға жол ашатын нәтижелерімен бағаланады.
Хирш индексі мен Скопустың сорақылығы
– Қазіргі ғалымдардың біліктілігінің деңгейін Скопус санатына кіретін журналдарға шыққан мақаласымен я болмаса Хирш индексімен бағалап жатады. Меніңше, нағыз ғалымның еңбегіне лайықты баға беру үшін біздің өмірімізге енгізген жаңалығы есепке алынуы тиіс емес пе? Ал Хирш индексі деген қандай өлшем? Осыны қарапайым мысалдармен түсіндіріп бересіз бе?
– Бүгінде ғалымдардың қандай ғылыми нәтижелер алғанында, олардың әлемдік жаңалығы мен құндылығында ешкімнің жұмысы жоқ сияқты. Жарияланған мақалада қандай қызықты, керекті, пайдалы, ерекше жаңа алынған ғылыми нәтижелері туралы айтылмайды да. Тек қандай журналда шыққаны, автордың Хирш индексі қандай екені туралы ғана айтылады. Негізінен, шетелде шығатын Q1, Q2, Q3 санатына жататын журналға мақаласы шықса болғаны, ол керемет ғалым болып шыға келеді. Болды. Елімізде жыл сайын сол жоғары категорияға жататын журналдарда мақаласы шыққан адамдарды жинап, марапаттайды. Бірақ сол кезде олардың мақалаларында көрсетілген ғылыми нәтижелері туралы бір ауыз сөз айтқанын естімедім. Себебі шенеуніктердің бәрі бірдей ғылыми жұмыстардың құндылығын, мағынасын да түсіне алмайды. Ғалымдардың арасында мынадай күлкілі жағдай айтылып жүр. Бір адамның (ғалымның) Скопус санатына жататын журналдарға үш мақаласы шығыпты. Оқу орнының басшылары бұл адамды марапаттап, мақтау сөздерін айтып жатқанда, бір қарт профессор бұл мақалаларда қандай ғылыми жаңа нәтижелер алынғанын білгісі келіпті. Мақалалардың авторы міңгірлеп, бір нәрселерді айтқан болыпты. Бірақ кейін бәрі анықталыпты, шыққан үш мақаланың екеуі мерейтойлық құттықтау, ал біреуі некролог екен. Калифорния университетінің профессоры, физик Хорхе Хирш 2005 жылы ғалымның ғылыми еңбектерінің құндылығын бағалау үшін «Хирш индексі» немесе «һ-индекс» деп аталатын көрсеткішті қолдануды ұсыныпты. Ол Хирш индексін ғылыми зерттеулердің маңызын, құндылығын көрсететін ғылыми өлшем ретінде әлемдік қауымдастыққа қабылдауды ұсынған. Ұсыныс бойынша сіздің ғылыми мақалаңызға сілтеме жасалған сайын сіздің ғылыми құндылығыңыз, абыройыңыз арта береді (Хирш индексі өсіп) екен. Осыған байланысты ғалымның «һ-индекс» көрсеткіші үлкен мәнге ие болса, оның қызметтегі лауазымының өсуіне, оған қаржылай грант бөлінуіне, одан басқа диссертациялар қорғауына және т. б. ғылыми атақтар алуына жол ашылып, үлкен мүмкіншіліктер туады. Интернеттен оқығаным: кейінгі кезде Хирш индексін енгізген профессор Хирштің өзі бұл өлшемнің нәтижелеріне өзі де күмәндана бастаған сияқты. Бірақ кезінде бұл ғалымның ұсынған демагогиялық ойы жеңіп, оңай абыройға жеткісі келген ғалымдарға, әсіресе басшылар мен шенеуніктерге ұнап, бүгінде көпшілік елдерде ғалымдардың еңбегі тек осы Хирш индексімен бағаланып отыр. Бұл критерийге соншалықты мән бермейтін мемлекеттер де бар көрінеді. Себебі олар сілтеме жасаудың мағынасы мен маңызын түсінетін сияқты. Бүгінде қажеттілігі аз, ғалым еңбегінің нағыз құндылығын көрсете алмайтын Хирш индексін әсіресе біздің мемлекетімізде ғалымдардың еңбек нәтижесін бағалаудың негізгі көрсеткіші ретінде қолданып келеді. Кез келген ғалымның ғылыми бағасы оның зерттеу нәтижелерімен емес, ғылыми идеясымен емес, ғылымға қосқан үлесімен емес, өндіріске немесе оқу процесіне кіргізген жаңалықтарымен емес, тек мақала басылып шыққан журналдың түрімен және оған жасалған сілтемелермен ғана есептеліп (өлшеніп) келеді. Ғалымның Хирш индексі жеткілікті болмаса, ғылыми жұмыстарға, докторанттарға ғылыми жетекші де бола алмайды. Тіпті оппонент, рецензент те бола алмайды. Мемлекетімізде бүкіл өмірін ғылымға арнаған, өзінің ғылыми мектебі бар ғұлама ғалымдардың өздері де осы Хирш индексі негізінде көптеген қиындық пен азапты басынан кешіріп келеді. Ал осы ғұлама ғалымдар мектебінен ғылымның негізін үйреніп, ғылымға алғашқы қадамын жасап шыққан қатардағы жас ғалымдардың Хирш индексі ғұлама ғалым ұстазынан жоғары болып кеткен жағдайлар да жиі кездесіп жатыр. Оның ғылыми еңбегінің құны ғылымдағы ұстазының еңбегінің құнымен салыстыруға да келмейді, ал бірақ бұл жас ғалымның Хирш индексі жоғары болып тұр. Бұл – нағыз парадокс!
Ғылымға не тұсау болып тұр?
– Абдуали аға, қазір қалтасында көк қағазы көп адам Скопусқа мақаласын жариялап, әлемге әйгілі ғалым болып шыға келеді деген рас па? Бұл ғылымды дамытуға емес, құлдырауға апаратын жол емес пе?! Өзіңіз айтқандай, әпербақан бір профессордың демагогиялық ұсынысына жер жүзіндегі ғалымдар неге бірауыздан қарсы шығып, мұндай күмәнді өлшемді қолданыстан алып тастамайды? Содан кейін Скопус, Q1 және Q2 дәрежелі журналдарына шығатын мақалалардың барлығы дерлік жоғары дәрежеде екеніне кім кепілдік береді?
– Хирш индексі компьютермен емес, ғалымдардың нақты шешімі арқылы анықталуы тиіс. Жақында бір ғалым ұстазбен сөйлестім. Бір кездері өзінің шәкірті болған бір ғалымның статусы өте жоғары журналда мақаласы шыққанын айтады. Термодинамикалық есептеулердің бәрі дұрыс емес есептелген, нәтижесінде жасалған тұжырымдары да дұрыс емес екенін көріп қатты қынжылғанын айтты. Шыдамы жетпей, қасындағы белді ғалымдармен ойымен бөлісіп, 4-5 ғалым бірігіп, қарсылығын білдіріп мақала жазып жатқанын айтты. Бұл айтып отырғаным бір ғана мысал. Одан басқа, кейінгі кезде таныс ғалымдар бір-біріне «көмектесіп», Хирш индексін көбейту мақсатында жазған мақаласына қатысы аз, тіпті қатысы жоқ болса да, сілтеме жасайтыны туралы мәліметтер кейінгі кезде жиі жазылып та, айтылып та жүр. Егер сілтемеде келтірілген мәліметтерді пайдаланса және ұсынылып отырған ғылыми жұмыстарды сол мәліметтерсіз жүргізу мүмкін емес болса ғана Хирш индексі берілуі тиіс. Осындай көзқараспен есептелген Хирш индексінің мағынасы, мәні болар еді. Мұндай сілтеменің салмағы бар, бұл кезде ол сілтеме сандық сипаттамаға ие болуы тиіс. Нақтылай келгенде, Хирш индексі сарапшылардың шешімімен ғана анықталуы тиіс. Осындай толып жатқан кемшіліктері бар Хирш индексі бүгінде ғалымның ғылыми дәрежесін көрсететін негізгі сандық сипаттама болып отырғаны ұят емес пе? Интернетте «Қазақ ғылымы және ғалымдары» деген чатта «Егер Хирш индексі 30-дан асса, ол – ғалымның ғылыми дәрежесі» Нобель сыйлығының деңгейімен бірдей деген сандырақ сөздерді күнделікті жазып және айтып тұрады. Бүгінгі ғылымға қатысы бар ғалымдардың еңбегін бағалауда және ғалымның тағдырын шешетін ұйымдарды және комиссияларды қалыптастырғанда, оның мүшелері тек Хирш индексіне ғана қарап шешім қабылдап жүр. Шын ғалымдар тасада қалып, Хирш индексі барлар өрлеуде. Қазақстанда ғана емес, бұл индекс Орта Азия ғылымына тұсау болып отыр. Ал Ресейде бұл индексті негізгі көрсеткіш ретінде есептемейді. Бұрынғы кезде баспадан шыққан жалпы мақала саны ғалымның негізгі ғылыми көрсеткіштерінің бірі болатын. Ол өте дұрыс та еді. Ол – әрбір ғалымның адал еңбегі. Бір ғылыми нәтижені қайта-қайта басып шығаруға болмайтыны анық, себебі қазір әрбір мақала «плагиатқа» тексеріледі. Сол себепті әрбір мақалада жаңа ғылыми нәтиже болуы керек. Сондықтан мақала саны ғалымның еңбегін көрсететін негізгі көрсеткіштің бірі болуы керек. Ғылым саласын басқарып отырған басшы шенеуніктер, сіздің ғылыми жұмысыңызды тіптен түсінбесе де, Хирш индексіне қарап, сізге екі-үш рецензент пікірлерін білдіреді емес пе? Ал бүгінде әрбір ғалымның тағдырын Хирш индексі шешіп отырған жағдайда, бұл сандық сипаттама бойынша арнайы эксперттер жоғарыда көрсетілген мәліметтерді ескере отырып шешім қабылдауы тиіс. Соның өзінде Хирш индексі тек сандық сипаттама, ол ғалымның тағдырын біржақты шешпеуі тиіс. Хирш индексі автоматты түрде есептелетін болғандықтан, басқа да кездейсоқ деректер алынуы мүмкін. Мысалы, ғалымдардың фамилиясы және инициалы бірдей болса, сол авторлардың әрқайсысына белгілі бір Хирш индексін шығарып береді. Автоматтық жүйеде оларды бір-бірінен ажырату оңай емес. Мысалы, кеңес өкіметі кезінде газеттен мынадай мәлімет оқығанмын. Тек Мәскеу облысының өзінде 1000-нан аса аты-жөні Иван Иванович Иванов деп аталатын адамдар бар екен. Ал фамилиясы мен тек инициалы бірдей қанша адам бар екенін білу мүмкін емес шығар. Демек, фамилиядан басқа қосымша параметрлер енгізу қажеттілігі туады. Одан басқа, кейбір адамдардың фамилиясы мен инициалы ағылшын тілінде әртүрлі болып жазылады. Бұл да үлкен мәселе. Солардың бір түріне ғана тоқталар болсам. Менің фамилиям мен атым – Баешов Абдуали. Алғашқы кезде өзім де фамилиямды дұрыс жазбай жүріппін, мен Baеshov деп жазатынмын, ал менен сұрамай-ақ, паспортыма Bayeshov деп жазыпты. Ағылшынша «y» әрпі қосылып жазылады екен, бұл грамматикаға байланысты. Сонымен менің фамилиям мақалаларымда әртүрлі болып жазылып кеткен. Одан бөлек, бір мақалада тек атымның ғана инициалы – «А.» көрсетілсе, кейбіреулерінде атым және әкемнің аты бойынша инициалым «A.B.» деп көрсетілген. Менің аты-жөнім баспадан шыққан мақалада төрт түрлі болып көрсетіліп кетіпті. Әрине, Хирш индексін есептейтін жүйе осыларды ескермейтіні анық. Мұндай проблема әрбір екінші ғалымның басында болуы мүмкін. Осы мәселенің өзі де Хирш индексінің баға беріп, «біліп» отыра бергісі келетін сияқты. Бұл Хирш индексі шенеуніктерден басқа, шет тілін жақсы білетін және шетелде таныс ғалымдары бар көптеген зерттеушіге де өте ұнап тұр. Көп емес мақала жазып-ақ Хирш индексін реттеп алады. Ешқандай да ғылыми жаңалығы, құндылығы жоқ оншақты мақала ғана шығарып, Хирш индексіңізді жоғары мәнге көтеріп, абыройыңызды көтеру мүмкіншілігі бар екенін көпшілік біледі де.
Басты өлшем – ғылыми жаңалық
– Сонда ақша төлеп, ғалым болу оп-оңай дейсіз ғой?
– Ғылыми жұмыстың құны оның қай журналда басылып шыққанында емес, оған қанша сілтеме жасалғанымен емес, оның ғылыми жаңалығына және құндылығына қарап бағалануы керек. Тағы да қайталап айтқым келеді, егер ғалым жаңа ғылыми бағыт ашып, сол сала бойынша алынған мәліметтерді журналдарда жарияласа, оған ешкім де сілтеме жасамауы мүмкін. Ғылыми жаңа бағытты ашу – нағыз ғалымның ғана қолынан келетін нәрсе. Сонда қалай болғаны, ашылған жаңа ғылыми бағыт болашақта көптеген принципиалды жаңа технологиялар жасауға мүмкіндік беретіні анық. Бірақ Хирш индексі тұрғысынан бұл жұмыстар өз бағасын ала алмайды. Демек, бұл жағдайда да, ғылыми жұмыстың құндылығын көрсете алмайтын Хирш өлшемімен емес, ол ғылыми еңбектің әлемдік жаңалығымен, құнды фундаменталды нәтижелерімен бағалануы керек. Қазақта «биографиясы келсе де, географиясы келмейді» деген сөздер де орын алып отыр. Сіздің зерттеулеріңіздің өте жақсы нәтижелері, өзінің құндылығымен емес, оның қай жерде қай журналда басылып шыққанына байланысты ғана бағаланады. Егер өте жақсы жаңалығы бар, жаңа идеямен, жаңа методикамен алынған ғылыми нәтижелер өзіміздің республикамыздағы белді журналдарға шықса, оның құны бағаланбайды, дәл осы мақала шетелдің Скопус, Q1, Q2 сияқты дәрежедегі баспада шықса, ол ғалым керемет ғалымдар қатарына қосылып шыға келеді. Мүмкін сіздің жазған мақалаңызда Нобель сыйлығына тұрарлық ғылыми нәтижелер алынған шығар, бірақ оған ешкім мән бермейді, себебі көбі түсінбейді. Скопус журналдары туралы мәлімет жұмбаққа ұқсас нәрсе, Скопусқа жатады, көрсеткіші жоғары деп мақалаңызды жіберсеңіз, ол рейтингтің басқа түрі болып шығуы мүмкін. Журналдар рейтингінің түрі және де басқа сиқыры көп сияқты. Оны түсінетін, түсіндіретін адамдар аз. Табиғаттың керемет жаңа заңдылығын аш, бәрібір көрсеткіші жоғары Скопус журналында мақалаң шықпаса, сен ғалым емессің. Сенің ғылыми жұмысыңның жаңалығын, ерекшелігін сұрайтын ешкім де жоқ. Ақша төлеп керемет ғылыми көрсеткіштерге жету – бүгінде оп-оңай нәрсе. Бәрін ақша шешіп жатыр. Әрине, ғылыми мақаланы шетелде шығару керек те шығар, бірақ ол өте үлкен қаражатты қажет етеді (екі-үш мың долларға дейін). Бірақ осындай көп ақша төлеп, «абыройлы» ғалымдар қатарына оп-оңай қосылуға болады. Ғылым және жоғары білім министрлігіндегі қызметкерлер бұл жағдайды біліп те отыр, нәтижесінде шетелге миллиондаған ақша елімізден кетіп жатыр. Көп мөлшерде айлық алмайтын ғалымдар бейшаралық күнін көріп жүр. Кейбір ғалымдар мақаласын шетелдегі биік дәрежедегі журналдарға шығару үшін ақшасы бар адамдарды телавтор етіп қосып, амалын табуға тырысып жүр. Кейбір телавторлардың бұл ғылыми еңбекке тіпті қатысы болмауы мүмкін. Интернеттегі мәліметтер бір ғылыми мақала авторларының саны 100-ден де асып кететін жағдайлар бар екенін көрсетеді. Көпшілік біледі, интернетте жиі хабарламалар жазылып тұрады. Ғылымның әрбір саласы бойынша шығатын дайын мақалаға авторлар, телавторлар іздейді. Төлеген ақшаңызға байланысты осы мақаланың бірінші немесе екінші, үшінші және басқа авторы бола аласыз. Ақшасын төлесеңіз, 2-3 айда «керемет» мәртебеге ие мақалалардың авторы болып шыға келесіз. Одан кейін Хирш индексіңіз де өсе бастайды. Еліміздегі белді, озық ғалымдар қатарына қосыласыз. Сіздің ғылыми статусыңыз күрт жоғарылайды. Демек, көп нәрсені ғылым немесе білім емес, ақша шешеді. Бұл не сұмдық? Егер сіз өзіңіз мақалаңызды шетел журналына жіберсеңіз, оған үш адам рецензия жазып беруі тиіс. Мақалаңыздың тағдыры – солардың қолында. Сол адамдардың біліміне, көңіл күйіне, ақпейілділігіне байланысты шешім шығарады. Олардың дұрыс немесе бұрыс шешімін шығарып жатқанын бақылайтын механизм жоқ.
Патентті бүкіл әлем мойындайтын
– Интернетті ашып қалсаң: «Скопусқа мақала жариялауға көмектесеміз», «Сенің ғылыми жаңалығыңды бүкіл әлем оқып-біледі» деген тақырыппен жыпырлаған жарнамалар алдыңнан шығады. Бұрын патент алған адамның еңбегі анық көрініп тұрушы еді, ал қазір біреу сені өз мақаласына қосалқы автор етіп қосып, белгісіз бір халықаралық журналға жариялайды да, атағын да, ақшасын да алады. Ғалымның бақ-беделі, ар-
абыройы деген нәрсе қайда қалды сонда?
– Иә, сұрағың орынды. Скопус журналдарының тағы да бір ыңғайсыздығы: әрбір ғалым мақаланы күн сайын жазып жүрген жоқ. Сол себепті статусы жоғары болып есептелетін журналдың хал-жағдайын олар біле бермейді. Мақала дайындап, көзі түскен шетелдік бір журналға жібереді. Мақаласы шығам дегенше, ол журнал Скопус тізімінен шығып қалуы немесе көрсеткіші төмендеп кетуі жағдайы жиі кездеседі. Сол кезде ғалымның бүкіл еңбегі еш кетеді. Кейінгі кезде белгілі бір ақшаға «Хирш индексін» өсіріп береміз деген делдалдар да пайда болғанын көпшілік айтып жүр. Шынайы келгенде, Хирш индексінің қалай есептелетінін ешкім білмейді, әйтеуір интернеттен шыққан мәліметке сеніп отыра береді. Мүмкін сіздің жазған мақалаңызда Нобель сыйлығына тұрарлық ғылыми нәтижелер алынған шығар, бірақ оған ешкім мән бермейді, себебі көбі түсінбейді. Кеңес өкіметі кезінде менің 30-дан аса патентім болды (А.с. СССР). Олардың жартысына жуығына бұл мәліметтерді «ашық баспада шығаруға болмайды» деп мөр басып беретін және бұл қатаң қадағаланатын. Ал қазір негізінен өз мемлекетіміздің қаражатына және ғалымның білімділігінің, еңбегінің арқасында алынған ғылыми нәтижелерді неге асыға мақала ретінде баспада шығарып, шетел адамдарының қолына ұстата салуымыз керектігін түсінбей келемін. Бірақ қазіргі гранттан ұтып алған үш жылдық жоба бойынша есеп беру үшін беделді шетел журналдарында мақалаң шықпаса, есеп қабылданбайды немесе мақала шықпады деп кемінде миллион теңгеге дейін өз қалтаңнан айыппұл төлеуің керек. Шынына келгенде, әсіресе жаратылыстану саласында жүргізілген ғылыми жұмыстардың нәтижелерін тез арада асығыс баспаға беруге болмайды деп есептеймін. Ғылымдардың жаратылыстану саласындағы көптеген зерттеулер нәтижесінде жаңа әдістер, тіпті принципиалды жаңа технологиялар жасалады. Сол себепті бұл жұмыстардың нәтижелерін мақала түрінде жарияламас бұрын бұл тәсілдерге патент алынуы керек. Әйтпесе сіздің жазған мақалаңыздың негізінде басқа біреулер патент алып, нәтижесінде бұл жұмыстың иесі құжаты бар басқа адам бола алады. Патент – өте қажетті, бүкіл әлем мойындайтын құжат. Барлық уақытта сол технологияның иесінің сіз екеніңізді білдіреді. Басқа біреулер бұл әдісті қолданғысы келсе, біздің мемлекетке және авторға ақша төлеуі тиіс. Ал біздің ғалымдар жасаған ғылыми жұмыстарға басқа елдің адамдары патент алып алса, заңды түрде бұл әдістің авторы солар болып есептеледі. Ал біздің мемлекет бұл технологияны кезінде қолданғысы келсе, енді сол авторға ақша төлеуі тиіс. Заң солай. Кезінде элементтердің периодтық таблицасын ұсынған Д.И.Менделеев және алғаш болып радио жасаған Попов патент алмағандықтан, бұл жұмысқа басқалар патент алып, солар ие болып жүр. Кеңес өкіметі кезіндегі республикаларда ғана Менделеевтің таблицасы деп аталып жүр. Ал басқа көптеген мемлекеттер олай атамайды да. Патент – ол сіздің зерттеулер нәтижесінде ұсынған технологияңыздың авторы екеніңізді білдіретін бұлжытпас құжат. Оны бүкіл әлем мойындайды. Ол туралы мемлекетаралық келісімдер бар. Бүгінде біздің елімізде патенттің құны белді баспалардан шыққан мақалалардан және Хирш көрсеткішінен көп төмен болып есептеліп жүр, кейде есептелмейді де. Тағы бір сұмдықты атайын, бүгінгі күн мақаланың бірінші авторы және корреспондент-автор деген бір қитұрқы ұғымдарды шығарды. Бір кездерде, егер сіз бірінші автор немесе корреспондент-автор болсаңыз, сіздің шыққан мақаладағы статусыңыз жоғары мәнге ие болады деген де ойлар айтылды. Көпшілік біледі, ол белгілі де, көптен қалыптасқан жағдай бойынша, бірінші автор сол институттың директоры немесе лаборатория меңгерушісі болады. Әдетте, олардың көпшілігі мақаланы жазбайды да және онда жазған мәліметтер туралы тіпті білмеуі де, түсінбеуі де мүмкін. Менің ұстазым – ғұлама ғалым Е.Бөкетов жиі айтатын: әрбір мақаланың бірінші авторы сол идеяның иесі ғана болуы керек, себебі жақсы идея болса, оны кез келген сауатты қатардағы ғалым орындай алады. Ал идея болмаса, бұл ғылыми жұмыс жүргізілмес те, орындалмас та еді. Ол ағамыз осы сөзін іс жүзінде көрсетіп те жүрді. Ал корреспондент-автор дегенді түсінігі аз біреулердің шығарып жүрген тірлігі деп ойлаймын. Ғалымның беделін, абыройын тек Хирш индексімен бағалау ғылымның дамуына өте үлкен кесірін тигізуде. Нағыз ғалымды бағаламай, Хирш индексі арқылы ғалымдардың тағдыры шешілуде. Қорыта айтқанда, Хирш индексі ғалымдар еңбегінің негізгі көрсеткіші деп есептеу – өте үлкен қателік. Әрине, уақыт өте бұл қисынсыз шешімнің дұрыс емес екені анықталып, бұл ғылыми сипаттама өз мәртебесінен айырылатынына ешқандай күмәнім жоқ.
Сұхбаттасқан
Төлен ТІЛЕУБАЙ



