Қоғам

Елорда гидтері мен экскурсоводтарының II форумы өтеді

Астана қаласындағы Президенттік орталықта  Елорда гидтері мен экскурсоводтарының II форумы өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

2026 жылғы 19 ақпанда сағат 10.00-де ҚР ПІБ Президенттік орталығында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 35 жылдығына және жыл сайын 21 ақпанда атап өтілетін Дүниежүзілік гидтер мен экскурсоводтар күніне орай Елорда гидтері мен экскурсоводтарының II форумы салтанатты түрде ашылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның туристік әлеуетін жан-жақты ашу және оны тиімді пайдалану стратегиялық маңызы бар міндет әрі мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін бірнеше рет атап өткен. II елорда форумы өткен жылғы кәсіби алаңның логикалық жалғасы болып, қалыптасқан бастамаларды нығайтып, кәсіби өзара іс-қимыл форматын кеңейтуді көздейді.

Іс-шара Астана қаласының әкімдігі және «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы» ЖШС-мен бірлесіп ұйымдастырылады.

Форум туристік сала мамандарын, мемлекеттік органдар мен бейінді ұйымдар өкілдерін, сондай-ақ Қазақстан өңірлерінен келген сарапшылар мен халықаралық спикерлерді бір алаңға біріктіреді. Іс-шара барысында экскурсиялық қызметті дамыту, туристік сервис сапасын арттыру және ішкі туризмді ынталандырудың жаңа шешімдерін іздестіру мәселелері талқыланады.

Форум бағдарламасы пленарлық отырыс пен тақырыптық панельдік сессияларды қамтиды. Пленарлық отырыс экскурсиялық қызметті мемлекеттік реттеу мәселелеріне арналады. Талқылауға туризм саласында тікелей қызмет атқаратын уәкілетті органдардың өкілдері қатысады.

Бірінші панельдік сессия аясында қатысушылар елордалық гидтер, музейлік экскурсоводтар және Visit-орталықтар өкілдеріне арналған мамандандырылған секцияларға бөлінеді.

«Музейлік экскурсия тәжірибесіндегі әдістемелік тәсілдер» атты музейлік секция Professional Walk & Talk форматында өтеді. Онда Президенттік орталықтың экскурсиялық бағдарламалары таныстырылады. Қатысушылар музейлік экскурсияларды әзірлеу мен өткізудің заманауи әдістемелік тәсілдерімен тәжірибе жүзінде танысып, аудиториямен жұмыс істеудің тиімді құралдарын талқылайды.

Екінші панельдік сессия барысында саланы заңнамалық реттеу мен мәдени мұраны интерпретациялаудың халықаралық тәсілдері қарастырылады. Өз тәжірибесімен және сараптамалық білімдерімен халықаралық сарапшылар – Наталия Бахтадзе-Энглендер, Грузия экотуризм қауымдастығы басқармасының төрағасы және тұрақты туризм саласының сарапшысы, сондай-ақ Дубравко Фиячко, Interpret Europe ұйымының сыртқы байланыстар жөніндегі үйлестірушісі әрі Дүниежүзілік туристік гидтер қауымдастықтары федерациясы үшін тренерлер даярлауға арналған мамандандырылған бағдарламалардың әзірлеушісі бөліседі.

Форум қорытындысы бойынша экскурсиялық саланы одан әрі дамытуға, туристік қызмет көрсету сапасын арттыруға, сондай-ақ Астана қаласы мен тұтастай алғанда еліміздің мәдени және туристік әлеуетін нығайтуға бағытталған нақты бастамалар мен кәсіби ұсынымдар әзірлеу жоспарланып отыр.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button