Ел тынысыСаясат

Су шаруашылығы мамандарына Конституциядағы өзгерістер түсіндірілді

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Конституцияның жаңа жобасын талқылауға арналған кеңес өткізді. Жиынға министрлік қызметкерлері, бассейндік инспекция басшылары, сондай-ақ «Қазсушар» РМК филиалдарының директорлары мен мамандары қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Су шаруашылығы ведомствосының басшысы баяндама жасап, құжаттағы жаңалықтарды таныстырды. Министр су саласының дамуын жеделдетуге, сала мамандарының еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған нормаларды жеке түсіндірді.

Атап айтқанда, министр заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, ғылым мен инновацияларды дамыту, халықаралық байланыстарды тереңдету, сондай-ақ халық, соның ішінде су шаруашылығы қызметкерлерінің өмір сапасын арттыру мәселелеріне тоқталды. Қорытындылай келе, Нұржан Нұржігітов Конституция жобасын республика аумағындағы барлық облыс пен ауданда талқылауды ұйымдастыруды тапсырды.

«Жаңа Конституцияны қабылдау – әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды кезең. Ұсынылып отырған өзгерістердің ауқымы мен мазмұнын ескере отырып, барлық филиал мен бассейндік инспекциялардың бірінші басшыларына әрбір өндірістік учаскеде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Мемлекет су шаруашылығы саласы мамандарының еңбек жағдайын жақсарту үшін қажетті қадамдардың барлығын жасап жатыр. Маңызды реформалар іске асырылып, кешенді шешімдер қабылдануда. Сондықтан әрқайсымыз көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, халықтың өмір сүру жағдайын жақсартуға үлес қосуымыз қажет. Мемлекеттік су саясатының іске асуы бізге жүктелген міндеттерді қаншалықты тиімді орындайтынымызға байланысты», — деді Су ресурстары және ирригация министрі.

Жиында «Қазсушардың» Жамбыл филиалының директоры Қайрат Аманов және СРИМ Су үнемдеу технологияларын өнеркәсіпке енгізу басқармасының сарапшысы Камила Мұқанова баяндама жасады. Олар жаңа Конституцияның мақсаттары мен мемлекеттің су саласы мамандарының еңбек жағдайы мен өмір сапасын жақсарту бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы айтты.

«Басты заңға енгізілетін өзгерістер қоғамның, әсіресе жастардың әділдікке, тең мүмкіндіктерге және шешім қабылдау процесіне қатысуға деген ұмтылысын айқын көрсетті. Жас ұрпақ елдің болашағын анықтауда шешуші рөл атқарады. Осыған байланысты мемлекеттік саясат жастардың өзін-өзі жүзеге асыруына, әлеуетін толық ашуына және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруына бағытталған. Біз конституциялық өзгерістердің сырттай бақылаушысы емес, белсенді қатысушысы болуға дайынбыз. Біз, жастар, жаңа Конституция жобасын қолдаймыз»,– деді Камила Мұқанова.

Еске сала кетейік, былтырдың қорытындысы бойынша Қазсушар РМК-ның техника паркі 27%-ға жаңартылып, кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 50%-ға дейін артты.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button