Ел тынысы

Адвокатура ауқымы анықталған

 Қазақстанның саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанын көрсететін маңызды құжат – жаңа Конституция жобасы. Онда адам құқықтары мен бостандықтарының ең жоғары құндылық ретінде айқындалуы, цифрлық ортадағы құқықтарды қорғау нормаларының енгізілуі және әділеттілік пен заң үстемдігі қағидаттарының күшейтілуі қоғам сұранысына сай келеді. Еліміздің тарихында үшінші рет қабылданып жатқан жаңа Конституцияның нұсқасында тұңғыш рет жобаның 86-бабында адвокатура туралы бап енгізілді. Бұл да адам құқығы мен бостандығын қорғау жөніндегі демократиялық елдің озық үлгісі ретінде көрсетіліп отыр.

Ата заңның жаңа жобасын тал­қылау кезінде Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның мүшесі, республикалық адвокаттар алқасының жаңа төрағасы Мәди Мырзағараевтың да үлесі зор болды. Осы жаңа Конституцияның 86-бабында Адвокатура туралы бапты ендіру жөнінде өзі сол тексттің мәтінін дайындап, баяндама жасап, дәлелдеп берді. Міне, енді жаңа Конституцияда 86-бап пайда болды. Бұл дегеніміз – озық елдердің үлгісі ретінде адамның құқығы мен бостандығын қорғау жөніндегі кепілдіктің үлкен белгісі. Сондықтан осындай баптың да енгізілгеніне құтты болсын деп айтамын.

Жалпы бір палаталы Парламент құру, жалпыұлттық диалог алаңдарын дамыту және басқару жүйесін оңтайландыру бастамалары мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен бірге Конституция мәтінінде білім, ғылым, мәдениет пен инновацияға басымдық берілуі ел болашағын адами капиталмен байланыстыратын стратегиялық көзқарасты аңғартады.

Бұл жоба кең қоғамдық талқылау арқылы қалыптасқанын ескерсек, ол азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, Әділетті Қазақстан идеясын нақты мазмұнмен толықтырады.

Есберген АЛАУХАНОВ,

заң ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button