Жаңартылған Конституцияның стратегиялық маңыздылығына тоқталды

Депутаттың айтуынша, Конституцияның жаңа редакциясы жайлы сөз – жекелеген немесе формальды түзетулер жайында емес, бұл еліміздің қалыптасу кезеңінен өтіп, кемел мемлекет деңгейіне көтерілгенін айғақтайтын тарихи құжат. Бұл өзгерістің сипаты ең алдымен преамбулада айқын көрініс тапқан. Онда Ұлы Дала мемлекеттерімен тарихи сабақтастық, Қазақстанның унитарлық сипаты, мемлекеттік шекаралардың мызғымастығы, Әділ Қазақстанды таңдау, Заң мен Тәртіп қағидаттары, адам құқықтары, ұлтаралық келісім және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік нақты бекітілген.
Жаңартылған Конституция конституциялық құрылыстың негіздерін де анық әрі бұлдыр тұжырымдарсыз айқындайды. Қазақстан президенттік республика ретінде нақты бекітілген. Егемендік, тәуелсіздік, унитарлық құрылым, аумақтық тұтастық пен басқару нысаны өзгермейтін құндылықтар ретінде белгіленген. Бұл ретте аса маңызды жаңалықтың бірі – халықтың тек биліктің қайнар көзі емес, егемендіктің бірден-бір иесі ретінде танылуы. Бұл қағида мемлекеттік биліктің қоғам алдындағы есептілігін күшейте түседі.
«Бүгін Конституцияға косметикалық өзгерістер енгізу туралы сөз болып отырған жоқ. Жаңа редакция – бұл біздің мемлекет ретінде қандай деңгейге жеткенімізді және алдағы бағыт-бағдарымызды айқындайтын айқын межe», — деді Олжас Құспеков.
Конституциядағы басты жаңалықтардың қатарында әділеттілік пен құқықтық қауіпсіздік кепілдіктерін күшейту бар. Азаматтардың жағдайын нашарлататын немесе жауапкершілікті арттыратын заңдардың кері күші болмайды. Сонымен қатар мемлекеттің зайырлы сипаты бекітіліп, дін мен биліктің ара-жігі нақты ажыратылған, ал ар-ождан бостандығы заң аясында сақталады.
Адам құқықтары мен бостандықтарына арналған бөлім де едәуір кеңейтілді. Өмір сүру құқығы абсолютті құндылық ретінде танылып, кінәсіздік презумпциясы негізгі конституциялық қағида деңгейіне көтерілді. Жеке өмірге қол сұқпаушылық, дербес деректерді, банк құпиясын және цифрлық байланыстарды қорғау күшейтілді. Сондай-ақ Конституцияда еңбек ету құқығы бекітіліп, мемлекетке халықты жұмыспен қамтуға жағдай жасау міндеті жүктеледі.
Қоғамдық құндылықтарға арналған жеке бөлімде некенің ерікті түрде ер мен әйел арасындағы одақ екені, сондай-ақ әрбір азаматтың қоршаған ортаны қорғауға жауапты екені айқындалған.
Сонымен қатар билік жүйесінде де елеулі өзгерістер көзделіп отыр. Вице-президент институты енгізіліп, оның өкілеттіктері нақты айқындалады. Парламент Құрылтайға айналып, заңдар міндетті түрде үш оқылымда қаралатын болады. Қоғамдық диалог алаңы ретінде Қазақстан Халық Кеңесі құрылып, Конституциялық соттың рөлі күшейтіледі. Ал адвокатура алғаш рет Конституция деңгейінде адам құқықтарын қорғаудың нақты тетігі ретінде бекітілмек.
Партия баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыс барысында 11 баланың анасы атанған 95 жастағы әже Respublica партиясының қатарына қабылданды. Бұл жайт фракция мүшелері үшін ұрпақтар сабақтастығының, сенім мен өмір жолынан өткен жандар алдындағы жауапкершіліктің айқын белгісіне айналды.
Сондай-ақ Олжас Құспеков жаңартылған Конституцияның стратегиялық маңыздылығына тоқталды.
«Біз қарқынды дамып жатқан заманда өмір сүріп отырмыз. Әлем де, қоғам да, геосаясат та күн сайын өзгеруде. Егер дамыған елдермен тереземіз тең болсын десек, қоғам дамуына жол ашатын озық ережелер қажет. Ол – Конституция. Оның жаңартылған редакциясы бүгінгі заман талаптарын толық қамтып, болашаққа берік негіз қалайды. Бұл өзгерістердің жемісін алдағы жылдары көреміз. Біз бүгін ағаш отырғызсақ, оның саясында ертең немерелеріміз тынығатын болады», — деді ол.



