Аида Балаева қазақстандықтарды Ұлттық басылым күнімен құттықтады

ҚР Премьер-министрінің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды Ұлттық басылым күнімен құттықтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Бүгін – Ұлттық басылым күні. Бұл күннің отандық мерзімді баспасөз тарихының бастауы саналуы тегін емес. Сонау 1913 жылғы 2 ақпанда қазақ халқының бірлігінің ұйытқысына айналған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Содан бері газеттер мен журналдар мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтуға, ашық қоғам қалыптастыруға маңызды үлес қосып келеді.
Қазіргі уақытта қазақстандық басылымдар аға буын қалыптастырған сол игі дәстүрді лайықты жалғастырып отыр. Жақында Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында атап өткендей, олар бүгінде «ренессанс кезеңіне» қадам басты.
Шынында да, бүгінде ұлттық баспасөз интернет пен цифрлық технологиялардың арқасында аудиториясын кеңейтіп, қайта жаңғыру дәуірін бастан өткеруде. Осылайша, мерзімді басылымдар елдің медиа кеңістігінде маңызды орнын бекемдей түсті.
Ұлттық басылымдарды қолдау Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Осы орайда, салада еңбек етіп жүрген барша азаматтарды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған реформалар мен бастамаларды, маңызды жобаларды халыққа жеткізудегі кәсіби шеберліктеріңіз бен әріптестік қолдауларыңыз үшін алғыс білдіремін.
Сіздерге шығармашылық шабыт, сарқылмас күш-қуат, толайым табыс тілеймін!- деді министр құттықтауында.



