Конституциялық Соттың сот актілерін орындауды қамтамасыз етудегі рөлі

Қазақстан Республикасының құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуының негізгі шарттарының бірі ‑ сот билігінің беделі мен тиімділігін қамтамасыз ету. Сот төрелігі тек заңды әрі әділ шешім шығарумен шектелмейді, ол ең алдымен қабылданған сот актілерінің толық әрі уақтылы орындалуымен өлшенеді. Сот актісі орындалмаған жағдайда сот төрелігі өзінің түпкі мақсатына ‑ құқықты қорғауға және әділеттілікті қалпына келтіруге ‑ жете алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, Конституциялық Соттың қызметі сот актілерінің орындалуына тікелей қатысы болмаса да, олардың толыққанды жүзеге асырылуы үшін құқықтық және институционалдық алғышарттарды жасайды.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 71-бабына сәйкес, Конституциялық Сот Конституцияның үстемдігін, жоғары заңдық күшін және тікелей қолданылуын қамтамасыз ететін конституциялық бақылау органы болып табылады. 2023 жылдан бастап Конституциялық Соттың қайта құрылуы қазақстандық құқықтық жүйеде сапалы жаңа кезеңнің басталуына негіз болды.
Конституциялық Соттың негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
- Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету;
- Нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру;
- Конституциялық нормаларға ресми түсіндірме беру;
- Азаматтардың, ұйымдардың және мемлекеттік органдардың құқықтарын қорғауда конституциялық бақылауды жүзеге асыру.
Осы функциялар сот билігінің шешімдерінің орындалуында маңызды құқықтық тетіктер ретінде көрініс табады.
Сот актілерін орындаудың тиімділігі көбінесе құқықтық нормалардың айқындылығына байланысты. Егер қолданылатын заңдарда қайшылықтар немесе олқылықтар болса, сот шешімдерін орындау барысында құқықтық кедергілер туындауы мүмкін.
Конституциялық Сот өз шешімдері арқылы құқықтық айқындылық орнатады:
- қайшылықты нормаларды Конституцияға қайшы деп тану арқылы;
- Конституцияның ережелеріне ресми түсіндірме беру арқылы;
- азаматтар мен ұйымдардың конституциялық құқықтарын қорғау арқылы.
Мәселен, Конституциялық Соттың шешімімен құқықтық күшін жойған немесе Конституцияға қайшы деп танылған актілер сот актілерінің орындалуына кедергі бола алмайды. Бұл сот шешімдерінің құқықтық негізін нығайтады және олардың нақты орындалуына ықпал етеді.
«Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңның 39-бабының 3-тармағына сәйкес, Конституциялық Соттың шешімдері Республиканың бүкіл аумағында жалпыға міндетті және түпкілікті болып табылады, олар шағымдануға немесе қайта қарауға жатпайды.
Бұл қағида сот төрелігінің түпкілікті сипатын күшейтеді және сот актілерінің орындалуына кепілдік береді. Конституциялық Соттың шешімдері құқықтық жүйенің барлық субъектілері үшін міндетті болғандықтан, сот шешімдерін орындау кезінде құқықтық қайшылықтарға жол берілмейді.
Конституциялық Сот сот төрелігін тікелей жүзеге асырмайды, алайда оның шешімдері жалпы соттар үшін бағдар болып табылады. Жоғарғы Сот пен жергілікті соттар өз қызметінде Конституциялық Соттың ұстанымдарына сүйене отырып, заңдарды Конституцияға сәйкес қолдануға міндетті.
Бұл өзара байланыс келесі салаларда айқын көрінеді:
- Сот тәжірибесінің бірізділігі. Конституциялық Сот құқықтық нормаларға ресми түсіндірме беру арқылы соттардың әртүрлі деңгейде біркелкі шешім қабылдауына ықпал етеді.
- Азаматтардың құқықтарын қорғау. Конституциялық Сотқа тікелей жүгіну құқығы азаматтардың сот шешімдерін орындау процесінде бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
- Құқықтық кедергілерді жою. Конституциялық Соттың шешімдері орындалуы тиіс сот актілеріне тосқауыл болатын заңнамалық нормаларды алып тастайды.
Сот актілерін орындау ‑ сот төрелігінің ажырамас бөлігі және әділеттіліктің нақты өлшемі. Конституциялық Сот сот актілерінің орындалуына тікелей араласпаса да, оның шешімдері құқықтық негізді нығайтып, құқықтық айқындық орнатып, сот шешімдерінің толыққанды жүзеге асырылуына алғышарт жасайды.
Конституциялық Соттың стратегиялық рөлі ‑ Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету арқылы сот билігінің тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілді қорғалуын қамтамасыз ету және сот актілерінің сөзсіз орындалуына жағдай жасау.
Осыған байланысты Конституциялық Соттың қызметін сот билігінің тұрақтылығы мен беделінің басты кепілі ретінде қарастыруға толық негіз бар.
Т.Акшабаев,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы



