Ел тынысы

Тергеу судьясы — азаматтың жеке бас бостандығын қорғаудың басты кепілі

Қазақстан Республикасының құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуындағы басты қағидалардың бірі – адам мен азаматтың Конституциямен бекітілген құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз ету. Қылмыстық процесте адамның жеке басына, бостандығына, тұрғын үйіне, жеке өміріне, хат-хабар алмасу құпиясына араласуға мүмкіндік беретін көптеген мәжбүрлеу әрекеттерінің болуы соттық бақылау тетігінің күшеюін талап етеді. Осы қажеттілікті өтеу мақсатында тергеу судьясы институты құқық қорғау жүйесінде ерекше орын алады. Тергеу судьясы алдын ала тергеу кезеңінде азаматтардың конституциялық құқықтарына әсер ететін кез келген әрекеттің заңдылығын тексеретін тәуелсіз процессуалдық тұлға ретінде қылмыстық сот төрелігінің тепе-теңдігін қамтамасыз етеді. Оның қызметі адамның құқықтарына жасалуы мүмкін кез келген негізсіз араласуды болдырмауға бағытталады.

Тергеу судьясы азаматтың жеке бас бостандығын қорғаудың басты кепілі болып табылады. Конституцияда ешкімнің соттың санкциясынсыз қамауға алынбауы керектігі бекітілген. Күзетпен ұстау, үйқамақ, олардың мерзімін ұзарту сияқты шаралар адамның ең маңызды құқықтарының біріне – еркіндікке қол сұғады. Сол себепті бұл шаралар тек тергеу судьясының мақұлдауымен жүзеге асырылады. Тергеу органы ұсынған дәлелдемелер жеткіліксіз болса немесе жиналған материалдар адамның бостандығын шектеуді ақтамаса, судья өтінішті қанағаттандырмайды. Мысалы, кейбір материалдар бойынша күзетпен ұстау санкциясын сұраған тергеушілер тек жалпылама тұжырымдарға сүйенген: “қашып кетуі мүмкін”, “тергеуге кедергі келтіруі мүмкін”, “айғақтарды жояды” деген уәждер нақты фактілермен расталмаған. Мұндай жағдайларда тергеу судьясы адамның бостандығын қорғау мақсатында қатаң шешім қабылдап, күзетпен ұстауға рұқсат бермей, баламалы бұлтартпау шараларын тандайды. Бұл шешімдер азаматтардың негізсіз қылмыстық қудалауға ұшырамауын қамтамасыз етеді.

Тергеу судьясының тағы бір маңызды функциясы – жеке өмір мен тұрғын үйдің қол сұғылмаушылығын қорғау. Тінту, алу, жеке заттарды процессуалдық тұрғыда қарау – азаматтың жеке өміріне тікелей әсер ететін әрекеттер. Мұндай әрекеттер тек нақты, дәлелді, заң талаптарына толық сәйкес материалдар ұсынылған жағдайда ғана санкциялануы тиіс. Практикада тергеу судьялары тінтуге санкция беру туралы өтініштерді жиі қанағаттандырусыз қалдырады, себебі тергеу органының уәждері жеткіліксіз немесе тінтуге балама шаралар қолдануға болатын жағдайлар кездеседі. Мысалы, азаматтың үйінде қылмыс құралы сақталуы мүмкін деген ақпарат тек жедел дерекпен расталып, басқа нақты дәлелдер ұсынылмаған. Тергеу судьясы бұл деректерді жеткіліксіз деп танып, тінтуге рұқсат бермей, азаматтың тұрғын үйіне заңсыз кірудің алдын алған. Мұндай шешімдер азаматтардың жеке өміріне жалпыға бірдей кепілдіктерді сақтауға бағытталған.

Жасырын тергеу әрекеттері де тергеу судьясының бақылауымен жүзеге асырылады. Телефон арқылы сөйлесулерді тыңдау, хат-хабардың мазмұнын алу, бейнебақылау орнату, интернеттегі ақпараттарды жасырын жинау сияқты әрекеттер азаматтың жеке өмірінің ең құпия тұстарына әсер етеді. Сондықтан мұндай әрекеттерге рұқсат беру үшін судья тергеу органының барлық материалдарын мұқият талдайды. Өтініш материалдарында әрекетті жүргізуге нақты қажеттілік дәлелденбесе немесе балама дәлелдеме жинау әдістері бар болса, судья жасырын бақылауға рұқсат беруден бас тартады. Бұл азаматтың жеке өмірін қорғаудың ең маңызды тетіктерінің бірі.

Тергеу судьясының рөлі дәлелдемелердің заңдылығын қамтамасыз етумен де ерекшеленеді. Қылмыстық процесте дәлелдемелерді жинау тәртібіндегі барлық бұзушылықтар сотта айғақтарды жарамсыз деп тануға әкеледі. Тергеу судьясы көптеген жағдайларда дәлелдемелерді жинау кезінде заң бұзылған деп таниды, нәтижесінде тергеу органының әрекеті қайта қаралады. Мысалы, азаматтың телефоны тергеу әрекетінің хаттамасынсыз, сот санкциясынсыз алынып, ондағы ақпарат тексерілген. Тергеу судьясы бұл әрекетті заңсыз деп танылған. Бұл шешім қылмыстық істегі дәлелдемелердің сапасын арттыруға, азаматтың цифрлық жеке өмірінің құқықтық кепілдіктерін сақтауға бағытталған.

Азаматтардың шағымдарын қарау да тергеу судьясының маңызды өкілеттіктерінің бірі. Тергеуші немесе прокурордың әрекеттеріне шағымдану – азаматтардың процесуалдық құқықтарын тиімді қорғаудың жолы. Тергеу судьясы мұндай шағымдарды қарау барысында әр тараптың дәлелдерін объективті сараптайды. Көп жағдайларда азаматтардың шағымдары қанағаттандырылып, тергеу әрекеттерінің заңсыздығы анықталады. Мысалы, бір іс бойынша тергеуші азаматтан жауап алу кезінде заң талаптарын бұзып, қорғаушының қатысуына мүмкіндік бермеген. Тергеу судьясы бұл әрекетті процессуалдық тәртіптің өрескел бұзылуы деп танылған. Мұндай шешімдер тергеу әрекеттерінің әділ жүргізілуіне ықпал етеді.

Тергеу судьясы институты қылмыстық процестегі тараптардың теңдігін қамтамасыз ететін тетік болып табылады. Тергеу органдары мен прокуратураның процессуалдық артықшылықтары бар екені белгілі, сондықтан олардың әрекеттеріне сот бақылауының болуы – қорғаушы тараптың құқықтарын қорғаудың маңызды элементі. Тергеу судьясы қорғаушының өтініштері мен шағымдарын қарау арқылы қылмыстық процесте әділдік принципін сақтайды. Бұл қылмыстық істің барлық қатысушыларының құқықтары мен мүдделерінің тең дәрежеде қаралуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар тергеу судьясының қызметі қылмыстық сот төрелігінің ашықтығы мен жариялылығын арттырады. Тергеу әрекеттерінің көпшілігі жабық түрде жүргізілетіндіктен, сот бақылауы тергеу органының әрекеттерін объективті түрде бағалауға және қоғам тарапынан сенімнің қалыптасуына мүмкіндік береді. Сот санкциясынсыз жүргізілетін әрекеттердің азаюы, тергеу органының әрбір әрекеті бойынша дәлелдемелердің жеткіліктілігінің талап етілуі – құқық қорғау органдарының жұмыс сапасын арттыруға, заң талаптарын бұзуға жол бермеуге ықпал етеді.

Қорытындылай келе, тергеу судьясының азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етудегі рөлі қылмыстық процестің барлық кезеңінде көрініс табады. Оның тарапынан қабылданатын шешімдер адамның бостандығы, жеке өмірі, тұрғын үй, байланыс құпиясы, мүлік, ар-намыс және абырой құқықтарын қорғауға тікелей әсер етеді. Тергеу судьясы құқық қорғау органдарының әрбір әрекетін заң талаптарына сәйкестігін тексеру арқылы қылмыстық процестің әділдігін, заңдылығын және объективтілігін қамтамасыз етеді. Бұл институт қылмыстық процесті демократияландырудың, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырудың және құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаларын жүзеге асырудың ажырамас бөлігіне айналған.

 Д.Мукешев,

Астана қаласының

мамандандырылған ауданаралық тергеу

сотының  судьясы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button