Дәстүр дәріптелмесе, салт санадан өшеді

Дәстүр дәріптелмесе, рух әлсірейді. Қай заманда да ұлттың ұлт болып қалуы оның тіліне, дініне, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарына тікелей байланысты. Алайда бүгінгі қоғамда осы асыл мұраларымыздың мәні әлсіреп, күнделікті өмірде екінші орынға ысырылып бара жатқаны алаңдатады.
Заман жаңарып, адам баласының санасы сілкінгенмен, жаһандану дәуірі адамзатқа жаңа мүмкіндіктермен қатар, үлкен сын-қатер де ала келді. Жасыруға болмас ақпараттың ағымы, батыс мәдениетінің басым ықпалы, желілердегі жат үрдістер ұлттық болмысқа әсер етіп бара жатқанға ұқсайды. Әсіресе жастар арасында ұлттық салт-дәстүрге немқұрайды қарау, ана тілін толық меңгермеу, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу секілді қасиеттердің сиреуі жиі байқалады. Қазақ қоғамында отбасы тәрбие мектебі еді. Әже тәрбиесі, ата өсиеті, ана әлдиі арқылы ұрпақ бойына ұлттық рух сіңген. Ал бүгін бала тәрбиесі телефонға телінген. Үйреншікті үрдіске айналып барады. Соның салдарынан ұлттық ойындар мен салт-жоралғыларды білмейтін, дәстүрдің мағынасын түсінбейтін ұрпақ өсіп келеді. Ұлт құндылығы ұмыт бола бастады. Дәстүр дәріптеле бермейтін болды. Ұлттық киімдеріміз бен дәстүрлеріміз көбіне тек мерекелік сахналарда немесе ресми іс-шараларда ғана көрініс табады. Ал күнделікті өмірде оларды қолдану сирек.
Белгілі қолөнер шебері Бұлбұл Кәпқызымен тілдескенімізде «Ауыздандыру» дәстүрінен алыстап кеткенімізді аңғардық.
– Бала туғанда туа сала анасының кеудесіне жатқызып, омырауын емізеді. Ол дұрыс емес. Баланың аузына ең бірінші құйрық май салу керек. Анасының ішінде жатқанда қоректен баланың ішінде тоң қалады. Ал құйрық маймен ауыздандырса, яғни бала майдың дәмін алса, ішіндегі тоң жібиді. Сөйтіп іші тазарады. Бала осыдан соң өмірі ауруға шалдықпайды. Мұны қазақ атамыз білгеннен жасаған. Сондықтан «Ауыздандыру» дәстүрі деп атаған. Бұдан соң жас босанған анаға қалжадан бұрын ішек қарын қайнатып, соның сорпасын беру керек. Ол да ананың ішкі құрылысын тазартады. Содан кейін қалжасын жесе болады. Бұл денсаулық үшін аса пайдалы. Ана мен баланың денсаулығы мықты болуы үшін осындай дүниелер жасалу керек. Өкінішке қарай, бұған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Біз бұл дәстүрлерді отбасымызда ұстанамыз. Бұдан балаларымыз жаман болған жоқ, – дейді Бұлбұл Кәпқызы.
Маманның сөзіне сенсек, тағы бір дәстүріміз тасада қалып бара жатқанға ұқсайды. Бұл – «Төркіндеу» дәстүрі. Қыз бала ұзатылған соң, төркіндеп өз жұртына барады екен. Қыздың туғандары ұлға енші бөліп бергендей қыз балаға да мал беріп, төркіндеп келген қыздың мәртебесін биіктететін көрінеді.
– «Төркіндеу» деген дәстүр болған. Қазір ұмыт бола бастады. Бұл дегеніміз ұзатылған қыз көп жылдардан кейін төркініне барады. Ол жақтағылар қызға мал береді. Яғни қызды малдандырған. Ұлға енші бергені секілді, қыз балаға сол төркіндеу дәстүрінде ұрғашы мал берген. Боталы түйе, құлынды бие деген сияқты. Міне, осы дәстүр дәріптеле бермейді. Ұзатылған қыз баласы төркініне барар кезде жеңгелері арқылы «Төркіндеп барамын» деп хабар беріп отырған. Осы секілді ұлтқа ұрпаққа қажетті дәстүр ұмытылып барады, – деді қолөнер шебері Бұлбұл Кәпқызы.
Дәстүрін қадірлеген ел ғана тамырынан ажырамайды. Сонымен қатар ұлттық құндылық – өткеннің ескірген қалдығы емес, болашаққа апарар рухани бағдаршам. Сондықтан ұлт құндылығын сақтау мен дәріптеу әрбір азаматтың, әрбір отбасының, тұтас қоғамның қасиетті борышы десек қателеспегеніміз. Ұлт құндылығы тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәріптелмесе, оның болашағы бұлыңғыр болмақ.
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



