Тарихымыздағы тағаның орны

Шежіремізді ақтара сөйлесек, қазақ халқының тарихы бес мың жылмен ғана шектелмей, одан да әріге кететінін байқаймыз. Бұл – даурықпа сөз емес, археологиялық олжалар мен тарихи деректерге сүйенген тұжырым. Ұлы дала төсінде қалыптасқан көшпелі өркениет адамзат дамуына орасан үлес қосты. Жылқыны алғаш қолға үйрету, металды балқыту, кеңістікті игеру, соғыс пен бейбіт тіршілікті ұштастыру – осының бәрі біздің ата-бабаларымыздың ақыл-ойы мен өмірлік тәжірибесінен туған.
Еуразия кеңістігінде металл өндіру ісін алғаш игергендердің қатарында дала тұрғындары тұрғаны белгілі. Алтыннан әшекей бұйым соғып, мыстан қазан-ошақ құйып, темірден қару-жарақ пен тұрмысқа қажетті құралдар жасаған. Сол металды өңдеу мәдениетінің бір жарқын көрінісі – таға. Қарапайым ғана темір бұйым болып көрінгенімен, тағаның артында тұтас бір өркениеттің ізі жатыр.
Таға жасау – ата-бабамыздың жылқыны қолға үйреткеннен кейінгі ең ірі жаңалықтарының бірі деуге болады. Себебі жылқы – көшпенді өмірдің өзегі, тіршіліктің тірегі, еркіндіктің символы болды. Атсыз дала өмірін елестету мүмкін емес. Ал аттың ұзақ жолға шыдауы, жорықта мүдірмеуі, ауыр салмаққа төтеп беруі тікелей оның тұяғының саулығына байланысты. Осы қажеттіліктен барып таға пайда болды. Бұл – табиғатты бақылаудан, тәжірибеден туған тапқырлық.
Әрине, тағаны тек көшпенділер ғана ойлап тапты деп кесіп айту да біржақты пікір болар. Тарихи деректерге жүгінсек, VI ғасыр шамасында герман, славян және венд тайпалары арасында да ат тағалау тәжірибесі болғаны айтылады. Ал грек деректерінде IX ғасырда тағаланған ат туралы мәліметтер кездеседі. Еуропада бұл үрдіс XIII ғасырда кеңінен тараған. Дегенмен, қай халықта болмасын, таға ең алдымен көшпелі өмір салтымен, ұзақ сапармен, кең далада еркін қозғалыспен тығыз байланысты болды. Сондықтан тағаның шын мәніндегі қадір-қасиетін көшпенділерден артық түсінген жұрт кемде-кем.
Қазақ дүниетанымында таға – тек шаруашылық құралы ғана емес, береке мен бақтың, жолдың ашықтығының нышаны. Сол себепті тағаға қатысты сөздер мен ұғымдар ауыз әдебиетінде, жыр-дастандарда жиі кездеседі. Мысалы, Қабанбай батыр жырындағы:
«Әй шағалақ, шағалақ,
Неғып жүрсің жағалап.
Қубас атты алып кел,
Төрт аяғын тағалап» деген жолдардан батырдың жорыққа дайындалып, ел қорғау жолына шығуға бекінген сәтін байқауға болады. Атты тағалау – соғысқа, ұзақ сапарға әзірліктің белгісі. «Ең мықты деген қубас аттың өзін тағаламай мінбеген екен-ау» деген ой да осындайда келеді. Бұл – көшпенділердің ұсақ-түйекке дейін мән бергенін, әр нәрсенің парқын білгенін көрсетеді.
Мақалдың да мәні бар
Сондай-ақ тағаға қатысты мақал-мәтелдер де оның қазақ өміріндегі орнын айқын аңғартады. Мәселен, «Тұлпарды алтын тағамен тағаласа, есек те емексіп аяғын көтеріпті» деген тәмсіл – құр мақтан мен орынсыз еліктеуді әжуалау. Ал «есегін жоғалтқан – тағасын іздейді» деген сөз – ұсақ дүниеге бола үлкенді ұмыту, не болмаса бар қадірді кеш түсіну мағынасында айтылған. «Ақсақ атқа – алтын таға» деген тіркес те қазақтың мысқылға толы философиялық ойлау жүйесін көрсетеді: жөн-жосықсыз жасалған жақсылықтың да баянсыз болатынын меңзейді. Сонымен қатар, халық арасында тағаны киелі санау, оны үйге іліп қою, жолға шығарда ырым ету секілді сенімдер де болған. Мұның бәрі тағаның тек тұрмыстық бұйым емес, рухани мәнге де ие екенін көрсетеді. Кейде тіпті, «Атыңның жүрісі болмаса, тағаңның күмісі кімге керек» деп шалқаятын да осы қазақ. Бұдан біз тағаның орны қай кезде де ерекше болғанын аңғара аламыз. Қарап тұрсаңыз, бұл мақалдың өзінен-ақ тағаның функционалдық мәнінен бөлек, философиялық астарын аңғаруға болады.
Эпостағы астары
Ал қазақтың ауыз әдебиеті мен эпикалық жырларында тағаға қатысты бейнелі тіркестердің жиі ұшырасуы оның көшпенділер санасындағы айрықша орнын көрсетеді. Мәселен, халық эпостарында кездесетін:
«Арғымақтың аяғын
алтынменен тағалап,
Күміспенен шегелеп,
Игі жібек тұрғанда,
Арқанменен тұсар ма?!» деген шумақ – ат пен ердің, еркіндік пен сенімнің символдық көрінісі. Мұндағы алтын таға мен күміс шеге – байлықтың ғана белгісі емес, тұлпардың қасиетін арттыратын, оның қадірін танытатын көркем деталь. Яғни, аттың тағалануы – еркіндіктің шектелуі емес, керісінше, оның жолын ашатын амал.
Ел ішінде кең тараған «Шеге тағаны, таға атты, ат ерді ұстайды. Ер елді ұстайды» деген мәтел де терең мағынаға ие. Мұнда бір-біріне тәуелді тізбекті жүйе көрсетіледі. Бір қарағанда мұндағы ең кішкентай бөлшек – шеге, одан таға, ат, ер, ақырында ел тағдырына дейін жалғасады. Бұл – көшпенділердің дүниені жүйелі, өзара байланыста қабылдағанының айқын дәлелі. Ұсақ нәрсенің өзі үлкен жауапкершілікке ұласатынын қазақ осылайша бір ауыз сөзбен түйіндеген.
Таға туралы бүгінгі таным
Бүгінгі таңда да тағаны бақыттың, жолы болғыштықтың нышаны ретінде үйдің төріне немесе есігіне іліп қоятындар кездеседі. Бір қарағанда, бұл – ырымшылдық сияқты көрінгенімен, оның түп-тамыры тереңде жатыр. Таға – жылқыға деген құрметтің, көшпенді рухқа деген іштей тағзымның белгісі. Қазақ үшін жылқы қасиетті болғандықтан, оған қатысты кез келген бұйым да киелі саналған.
Тағаға қатысты тәрбиелік мәні зор мысалдардың тағы бірі – ағартушы Ыбырай Алтынсариннің балаларға арналған нақыл әңгімесі. Әңгімеде әкенің жолдан ескі тағаны көтеріп алуы, оны теміршіге сатып, шие алуы және баласына сабақ беруі – қазақы дүниетанымдағы үнемшілдік, еңбекқорлық, заттың қадірін білу ұғымдарын ашып көрсетеді. Мұндағы негізгі ой – тағаның материалдық құнында емес, оны бағалай білуде. Әкенің: «Аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боласың» деген түйіні – тек тұрмыстық кеңес емес, өмірлік философия. Бұл мысал арқылы кішкентай ғана темірдің көшпенділер санасында қаншалықты мәнді болғанын аңғарамыз.
Тағаның символдық мағынасы жыраулар поэзиясында да терең өрнектелген. Қазақтың от ауызды, орақ тілді жырауы, батыр ақын Махамбет Өтемісұлы өзінің өлеңінде:
«Арғымаққа айдай
таға қақтырса,
Кілегей қатқан Еділдің,
Көкше мұзынан таяр ма?» деп жырлайды. Мұндағы «айдай таға» тіркесі – тағаның беріктігін, арғымақтың қуатын асқақтата көрсету үшін қолданылған көркем бейне. Ақын үшін таға – жай ғана темір емес, тұлпардың қуатын арттыратын, табиғаттың тосқауылына қарсы тұрар рухани күштің символы.
Осы мысалдардың барлығы тағаның қазақ өміріндегі орнының кездейсоқ емес екенін дәлелдейді. Таға – көшпенді өркениеттің техникалық жетістігі ғана емес, тәрбиелік, философиялық, рухани мәнге ие мәдени белгі. Мәселе – темірдің өзінде емес, оның таға болып жасалуында, яғни жылқы тағдырымен, адам жолымен, ел болмысымен байланысында. Сондықтан таға туралы сөз – бір ғана бұйым жайлы әңгіме емес, тұтас дала өркениетінің рухани кодын ашу деген сөз.
Сондай-ақ үй есігіне таға ілу дәстүрі біздің елімізде ғана ғана емес, адамзат тарихында ертеден қалыптасқан дәстүрлермен үндеседі. Археологиялық және тарихи деректерге сүйенсек, бұл әдет Ежелгі Египет пен Рим империясында де кездескен. Сол кезде аттың тағасы тек аса бай, әлеуметтік мәртебесі жоғары адамдардың қолында болған. Егер аттың тағасы түсіп қалса, оны сәтсіздік пен зұлымдықтың белгісі ретінде қабылдаған. Осы дәстүрдің жалғасуы қазіргі Қазақстанда да аңғарылады. Кейбір қазақ үйлерінде таға іліп қою – тек әшекей емес, үйге бақыт әкелетін нышан ретінде сақталғаны содан.
Бұдан бөлек, батыс және шығыс халықтарында да тағаға қатысты ұқсас нанымдар кездеседі. Үндістан, Ресей, Еуропа елдерінде темір таға «бақыт тұмары» ретінде бағаланған. Көшеден табылған тағаны үйге әкеліп, есігіне шегелеу арқылы адам өз үйіне сәттілік пен амандық әкелеміз деп сенген. Таңқаларлығы, жылқының тек артқы аяғының тағасын ерекше құрметтеген. Аңыздарға қарағанда, зұлымдық пен жасырын күштер темірден жасалған таға мен оны жасаған ұсталардан қорқатын болған, яғни бұл нанымдар арқылы таға зұлымдықтан қорғайтын құралға айналған.
Сондай-ақ халық сенімі бойынша, таға қолға жеткен тілекті орындауға, табысқа жетуге, байлыққа, отбасы махаббатына ықпал етеді деп саналған. Мұның бәрі – тек ырымшылдық емес, мәдениет пен руханияттағы маңызды белгі. Таға тек жылқыны қорғайтын құрал емес, адам мен табиғат арасындағы, өткен мен бүгінгі күн арасындағы байланысты білдіретін символға айналған. Айналып келгенде, міне, осының барлығының да негізгі астары мәдениетімізбен, руханиятымыздағы тағаның орнын көрсетіп тұрғандай.
Шапағат ӘБДІР



