Су дипломатиясын қалай күшейтеміз?

«Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саласындағы саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді. Демек көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзінде.
Көкарал бөгеті Аралдың суын молайтады
Қазақстан Президенті су қауіпсіздігі еліміздің тұрақты дамуына әсер ететін негізгі мәселеге айналғанын әрбір сөйлеген сөзінде екпін түсіріп, айтып жүр. Мемлекет басшысы әсіресе су дипломатиясын күшейтуді қолға алу қажеттігін Үкіметке үнемі ескертеді. Трансшекаралық өзендер бассейніндегі суды тиімді пайдалану жүйесін жолға қою үшін көршілес мемлекеттермен ықпалдастыққа мән бергенде ғана ұтатынымызды қадап айтады. Үкімет бұл тапсырманы қалай орындайды? Соған келейік.
Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев Кіші Аралдың суын айтарлықтай көбейтуге қатысты ойымен бөлісіп, нақты тапсырмалар жүктеді. Ал Үкімет Солтүстік Арал теңізінің ауданын 34 шақырым текше метрге дейін, ал оның аумағын 4-5 жыл ішінде 3 913 шақырым текше метрге дейін жеткізуді жоспарлап қойыпты. Жақында Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Көкарал бөгетін биіктетуга қатысты алдағы уақытта істелетін жұмыстар жөнінде баяндап берді. Құзырлы министрлік басшысы су аз болған кезде де тұрақты су ағынын қамтамасыз ету туралы Өзбекстан Республикасымен келісімге қол қойылғанын мәлімдеді. Солтүстік Аралдың көлемі 2023 жылдың басындағы 18,4 млрд текше метрден қазіргі уақытта 23 млрд текше метрге дейін ұлғайған. Нұржан Нұржігітов Көкарал бөгетін реконструкциялау және су деңгейін 44 метрге дейін көтеруді қамтитын теңізді сақтау жөніндегі жобаның екінші кезеңін әзірлеу жұмыстары соңғы сатыда тұрғанын жеткізді. Сондай-ақ ресми ақпаратқа сүйенсек, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы суару жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру бойынша 167 жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Су үнемдеу технологиялары 143,1 мың гектар жерге енгізілген, бұл шамамен 500 млн текше метр су үнемдеуге мүмкіндік береді. «Солтүстік Арал теңізін сақтау және қалпына келтіру біз үшін тек экологиялық қана емес, әлеуметтік және стратегиялық міндет болып саналады. Үнемделген су ресурстарының бір бөлігін экожүйелерді қолдауға бағыттау – өңірдің тұрақтылығына, халық денсаулығына және келесі ұрпақтардың болашағына қосылған үлес болмақ» деп түсіндірді министр.
Дипломатиямыз неге әлсіз?
Қазақстанның су саласындағы дипломатиясы неге әлсіз деген мәселені бұған дейін бірнеше мәрте көтердім. Азиялық өлшеммен алып қарасақ, Қазақстандағы тұщы суға қатысты ахуал алаңдатарлық-ақ. Өйткені біз бұл мәселеге келгенде шығыста – Қытайға, оңтүстікте – Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанға, батыста – Ресейге тәуелдіміз. Мұның себебі – еліміздің аумағына ағып келетін ірі өзендердің бәрінің басы аталған елдерден басталады. Тәуелсіздік жылдарында трансшекаралық өзендер мәселесінде күрмеуі қиын түйткілдердің бәрін шеше алмадық. Соның ішінде қаржы бөлу, кадр дайындау, суды бөлісу деген өзекті мәселелер бар.
Алматыдағы «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Саят Әлімқұлов түйіні тарқатылмаған мәселелердің әлі шешілмегенін ашық айтады. «Біздің трансшекаралық алаптардың бәрінде бірлескен комиссиялар бар. Кейбірі екіжақтама, кейбірі бірнеше мемлекетаралық. Мысалы, Арал алабында Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қазақстан арасында. Сонау 2010 жылдан бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы сарапшылар тобында жұмыс істедім. Бұл бағыттағы жұмыстардың түпкі мақсаты – екі мемлекет ортақ суды қалай пайдаланатынын, қанша суды табиғатқа экологиялық тұрғыдан қалдыру сияқты мәселелерді шешу. Ол үшін су ресурстары, экологиялық қажеттіліктер терең бағалануы керек. Әлеуметтік жағдайлар да бар. Осы аумақтарда қалыптасқан суға деген сұранысты ескере отырып, қандай да бір нақты шешімге келу керек. Мұның бәрі ғылыми зерттеулерді қажет етеді. Айтайын дегенім, осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру бізде біршама күрделілеу жүреді. Бірінші түйткіл – қаржыландыру жүйесі. Қандай да бір зерттеу жүргізетін жұмыс тобын немесе бір техникалық мәселені шешетін жұмыстарды қаржыландыру өте ұзаққа созылады. Себебі конкурс өткізу керек. Сол конкурсқа қатысуға ешқандай ұйымдар қызығушылық танытпаса ше? Міне, осы жерде көп уақыт жоғалтамыз. Ал Қытай жағы бұдан еш ұтылмайды. Керісінше, оларға уақыттың созылғаны тиімді. Неге? Мысалға, осыдан 10-12 жыл бұрын Қытайдан бізге 20 шақырым текше метрге жуық су келетін. Бізден оларға баратыны – 3-4 шақырым текше метрдің айналасында. Яғни, бұл жерде біздің қызығушылығымыз жоғары болуы тиіс. Екінші түйткіл – су саласындағы кадрлардың жеткіліксіздігі. Ғалымдар ғылыми тұрғыдан қаншалық білімді болса да саяси сұраныстарды ескермеуі мүмкін. Менің байқағаным, сарапшылар тобының кездесуіне осы мәселелерді білетін 2-3-ақ адам барады. Қалғандары істі терең білмегендіктен, араласуы қиын. Ал Қытай елінің Су шаруашылығы министрлігіне тікелей қарайтын арнайы жобалау институты бар, яғни, қандай тұрғыдан болса да құзіретті органның жұмыс күші жеткілікті. Тағы бір маңызды мәселе – біздегі бірлескен комиссияның және сарапшылар тобының жетекшілері көп алмасады. Көбінесе олар бұл саланың маманы болмағандықтан, бірден тақырыпты терең игере алмайды. Енді игеремін дегенше ауысып кетеді. Қытай жағынан байқалатыны, сарапшылар тобының басында да, бірлескен комиссияда да су шаруашылығын терең білетін адамдар жүреді» дейді ол.
Белгілі сарапшы Қытай мен Қазақстан арасындағы су бөлісу туралы келісім төңірегінде де мәселе шаш-етектен екенін айтады. «Су бөлісу деген бір ғана құбырдан ағып жатқан суды бөлісу емес. Ірілі-ұсақты трансшекаралық 24 өзен белгіленген. Көбісі – ұсақ өзендер. Ірілері мыналар: Ертіс, Іле, Емел, Іленің бір саласы – Текес, Қорғас. Бұлардың ішінде Қорғас секілді мәселесі шешіліп жатқандары да бар. Бірақ ол әлі толық келісілген жоқ. Содан кейін, 24 өзеннің ішінде шекара бойымен ағатындары, шекараны кесіп өтетіндері бар. Мысалы, Текес бізден Қытайға ағып өткенімен қайтып келіп, Ілеге құяды. Бұл да зерттеуді қажет етеді. Екі мемлекеттің қажеттілігінен бөлек, экологиялық қажеттілік деген бар. Қытайларға бізге қарай ағатын суды түгел пайдаланбай, бізге жіберу керектігін қалай дәйектейміз? Оның үстіне олардың халқының саны да, экономикасы тез өсіп келеді. Десек те, олар төменге өзен арнасымен экологиялық қажеттілік үшін су жіберуі керек. Міне, біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтарлығы, қазір тіпті өзендердің қайсысында қанша су қалыптасатыны жөнінде нақты мәлімет жоқ. Сонда судың қанша екенін білмей тұрып, су бөлісу туралы не айтамыз? Осы мәселені бірнеше рет көтердік. Қазақстан аумағы бойынша біздің бағалауларымыз бар. Бірақ, қытайлар оны қабылдамайды немесе біз олардікін қабылдамаймыз. Өйткені ол бағалаудың қандай әдістемелік тұрғыдан жасалғанын білмейміз. Сондықтан, қазір екі жақты комиссияда өзен суларын бағалау туралы үлкен жұмыс жүргізілуі тиіс» деп түсіндіреді С.Әлімқұлов.
Салиқалы диалогтың дайын үлгісі
«Қазақстан су ресурстарын рационалды, әділ әрі тең құқылы негізде пайдалану қажет деген ұстанымды жақтайды. Сондай-ақ су қауіпсіздігі мен тұтас аймақтың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында өзара міндеттемелерді сақтаған дұрыс. Көршілес елдермен конструктивті диалог және тараптардың мүддесіне сай ынтымақтастық жалғасады деп үміттенеміз» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су шаруашылығы саласының қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде. Көршілес елдермен конструктивті диалог орнату үшін қандай қадамдар жасауымыз қажет дегенге келейік.
Жуырда Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы су қатынастарының барлық бағыты бойынша екіжақты ынтымақтастықты тереңдету бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін бірлескен жұмыс тобының XIII отырысы, сондай-ақ Орталық Азияда өзара тиімді әрі орнықты су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін әзірлеу жөніндегі күш-жігерді үйлестіруге бағытталған қазақ-өзбек бірлескен жұмыс тобының II отырысы өтті. Екі елдің су дипломатиясының тарихындағы елеулі оқиғада тараптар бірнеше бағытта мәмілеге келіп, құжаттарға қол қойды. Соның бірі – Сырдария өзеніне салынатын 10 гидробекет. Мұндай нысандар әр мемлекет аумағында бес-бестен салынады.
Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, басқосуда тараптар екіжақты су және су-энергетикалық ынтымақтастық салаларындағы негізгі мәселелерді ашық талқылаған. Соның ішінде «Достық» мемлекетаралық каналын тазалау және жөндеу жұмыстары ең алдымен назарға алынған. Былтыр Қазақстан тарапы каналдың учаскелерінде, еңістерінде, коллекторларында және бас құрылысжайларында механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар нысанның бас және бөгейтін құрылысжайларындағы қақпаларға жөндеу жұмыстары жасалды. Биыл «Достық» каналын механикалық тазалау және бас құрылысжайларын жөндеу жұмыстары жалғасын табады. Тараптар сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу және пайдалану саласында тәжірибе алмасуға келісті.
Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен әзірленген бұл жоба трансшекаралық суды бөлудің ашықтығы мен дәлдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта GIZ осы жоба бойынша техникалық тапсырманы дайындау жұмыстарын аяқтаған. «Былтыр екі мемлекеттің басшыларының қатысуымен біз трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойдық. Бұл құжат көпжылдық жұмыстың нәтижесі болды, соның арқасында трансшекаралық суды басқарудың келісілген тәсілдерін әзірлеу мүмкін болды. Сондықтан бұл келісімнің қабылдануы тарихи маңызға ие оқиға болды. Келісім Орталық Азиядағы су дипломатиясын дамытуға елеулі үлес қосады және болашақтағы өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын нақты айқындайды. Біз екіжақты әріптестікті тату көршілік, өзара құрмет және сындарлы диалог рухында одан әрі дамытуға ниеттіміз» деді жиында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов. Министр сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру және Орталық Азия елдерінің су пайдалану жөніндегі Негіздемелік конвенциясын әзірлеу туралы бастамаларын атап өтіп, олардың өңірлік су ынтымақтастығын ұзақ мерзімді тұрғыда дамыту үшін ерекше маңызды екенін жеткізді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров екі ел арасындағы трансшекаралық су ресурстары өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауыл шаруашылығының өркендеуіне және халықтың тұрмыс деңгейіне тікелей әсер ететінін мәлім етті. «Достық» магистральдық каналы арқылы облыстың оңтүстік аудандары 140 мың гектар алқапта сумен қамтамасыз етіледі. Вегетациялық кезеңде каналдар арқылы қажетті су көлемінің тұрақты әрі уақтылы берілуі өңірдің ауыл шаруашылығы үшін шешуші маңызға ие. Облыс аумағында агроөнеркәсіптік кешен саласында ауқымды жобалар іске асырылуда. Егіс алқаптарын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша нақты іс-шаралар қабылдадық» деді әкім. Түркістандағы екіжақты басқосу Қазақстан мен Өзбекстанның декларация қабылдаудан нақты жобаларды жүзеге асыруға кіріскенінің дәлелі болды. Су қауіпсіздігі деген мәселе әлемде өзекті болған сайын, екі көршілес мемлекет бір-біріне деген сенімін нығайта отырып, жаһандық сын-қатерлермен бірігіп күресуге уағдаласты. Мінеки, осындай ынтымақтастық пен диалог қадамдары басқа көршілес елдермен де жасалуы тиіс.
Төлен ТІЛЕУБАЙ



