Қадыр мұрасы дәріптелді

«Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы мен Қадыр Мырза Әлі атындағы Binom School мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен жалпы білім беру мекемелерінің 5-10-сынып оқушылары арасында қалалық «Қадыр мұрасы» байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – қазақ руханиятының көрнекті өкілі, сөз зергері Қадыр Мырза Әлінің бай поэзиялық мұрасын дәріптеу, жаңғырту, оның шығармаларындағы терең философиялық мазмұнды, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақ санасына сіңіру. Осылайша, елорданың 5-10-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған байқауға 224 оқушы қатысты. Жеңімпаз бен жүлдегерлер «Жас оқырман», «Жас оператор», «Ойлы қалам» және «Қадырдың ән мұрасы» аталымдары бойынша анықталды.
Қадыр Мырза Әлінің өлеңдеріне көптеген ән жазылды. Соның ішінде Нұрғиса Тілендиевтің «Асыл әжем», Шәмші Қалдаяқовтың «Тамды аруы», Теміржан Базарбаевтың «Тамаша», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әндері ерекше танымал. Ақынның «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» өлеңін композитор Әшірхан Телғозиев «Қазақ осы» әніне айналдырды. «Қадырдың ән мұрасы» аталымында оқушылар осындай әндерді шырқады. Бұл аталымда Ә.Ермеков атындағы №38 мектеп-лицей оқушысы Толғанай Өміртаева (жетекшісі – Ардақ Маратқызы) бірінші орынды иеленді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



