Шаһар шежіресі

Қаттақорған театры – Астанада

Өткен жылы елорданың «Жастар» театры Өзбекстан елінде гастрольдік сапармен болды. Сол елдің астанасы Ташкенттен бастап бірнеше қаласында, соның ішінде Қаттақорған шаһарында қойылымдарын қойды. Енді Астанаға Қаттақорғанның қалалық театры келіп отыр.

Бұл сапар халықаралық мәдени байланыстар аясында ұйымдастырылды. Қаттақорғандықтар елордаға «Ерте қайтқан тырналар» спектаклін әкелді. Қырғыз классигі Шыңғыс Айтматовтың шығармасы желісімен сахналанған туындыда Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылдағы өмір, тіршілік үшін арпалыс, ерен еңбек суреттеледі. Әкелері майданда жүрген, соғыс ерте есейткен балалардың ауыр тіршілігі сипатталады. Қойылымда басты кейіпкерлердің бірін Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлбахор Мамедова сомдайды. Қоюшы режиссері – Ғафур Марданов. Инсценировкасын Сардор Хамроев жасады. Қойылымды бүгін «Жастар» театрының сахнасынан тамашалауға болады.

«Ерте қайтқан тыр­налар» спектаклінің Қаттақорған қалалық ­театрында сахналанғанына бірнеше жыл болды. Бұл қойылымды өнер ошағы Шыңғыс Айтматовтың отаны Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекке апарып, елдің ықыласына бөленгені де бар.

Аталмыш шығарма желісімен 1979 жылы көркем фильм түсірілгенін де айта кетейік. Қырғыздың белгілі режиссері Болотбек Шәмшиев түсірген кинотуындыда сол елдің белгілі әртістері Еміл Борон­чиев, Сүйменқұл Чоқморов ке­йіпкерлерді сомдайды. Сондай-ақ шығыс шынары, біздің батыр қызымыз Әлия Молдағұлова бейнесін кинода қалдырған Айтұрған Темірова, Дулат Исабековтің шығармасы желісімен түсірілген Шәріп Бейсенбаевтың «Гауһартас» фильмінде Салтанатты ойнаған өзіміздің Жанна Қуанышева көрінеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button