Биыл қай қаламгерді оқимыз?

«Бір ел – бір кітап» республикалық шарасы аясында биыл жыл бойы қай қаламгерлердің шығармаларын оқимыз? Мұны 28 қаңтар күні білеміз. Сол күні тиісті комиссияның қорытынды отырысы өтеді.
Бұл акция 2007 жылдан бері Ұлттық академиялық кітапхана бастамасымен, Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен өтіп келеді. Мақсаты – қазақ әдебиетінің туындыларын насихаттау, оқу мәдениетін қалыптастыру және дамыту, жастардың оқуға қызығушылығын арттыру. Биылға дейін ол 19 рет ұйымдастырылды. Соның аясында ел көлемінде 100 мыңнан аса іс-шара өтіп, миллиондаған аудитория жиналды. Осы аралықта 53 автордың шығармалары, соның ішінде былтыр көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұмекен Нәжімеденов пен қабырғалы қаламгер Тәкен Әлімқұловтың шығармалары оқылды.

Қазір Ұлттық академиялық кітапхана осы жылы қандай қаламгерлерді оқимыз тақырыбында сауалнама жүргізіп жатыр. Өңірлік кітапханалар мен оқырмандар ұсыныстары негізінде бірқатар автор іріктелді. Бұл қатарда Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр», Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» пен «Тәттімбет сері», Светқали Нұржанның «Ай таранған түн», Ғалымбек Елубайдың «Жүз жетінші көктем» кітаптары, Медеу Сәрсеке, Олжас Сүлейменов, Қастек Баянбай, Кеңшілік Мырзабеков секілді ақын-жазушылардың шығармалары ұсынылды. Аталған авторлар мен кітаптардан бөлек, оқырмандарға өз нұсқасын да ұсынуға болады.



