Президент Үкіметке көмір өндірісін дамытудың ұлттық жобасын бекітуді тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда Үкіметке 20 наурызға дейін көмір өндірісін дамытудың ұлттық жобасын бекітуді тапсырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
— Қазақстанда өндірілетін 123,1 миллиард киловатт/сағат көлемінде электр энергиясы біздің барлық жоспарымызды табысты орындауға жеткіліксіз екені анық. Мен бұл туралы Қауіпсіздік Кеңесінің жақында өткен отырысында нақты айттым. Басқаша айтқанда, біздің еліміздің бәсекелестік артықшылықтары тиісті түрде іске асырылмаған. Қазақстанда көмірдің орасан зор қоры бар – шамамен 33 миллиард тонна. Қазіргі тұтыну деңгейімен бұл көмір қоры 300 жылға жетеді. Жыл сайынғы өндіру 110 миллион тоннадан асады, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев көмірді экологиялық таза отын деңгейіне жеткізетін технологиялардың маңызына да тоқталды.
— Көмір – біздің стратегиялық активіміз. Жаңа технологиялар арқылы қоршаған ортаға зиянын бейтараптандыра отырып, көмір қорының әлеуетін толық пайдалану қажет. Көмір өндірісін дамытуға ұлттық жоба мәртебесін беру керек. Үкімет бұл мәселені 20 наурызға дейін шешсін, — деді Президент.



