Астанада 700-ден астам жас сарбаз ант қабылдады

Астанада 5573 әскери бөлімінде 700-ден астам жас сарбаз әскери ант қабылдады. Салтанатты рәсімге бөлімнің жеке құрамы, сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жас сарбаздар Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, Отанға адал қызмет етуге және әскери борышын абыроймен атқаруға серт берді. Енді олар қала көшелерінде және саңызды іс-шаралар кезінде жауынгерлік қызмет атқаруға кіріседі.
Іс-шарада әскери бөлім командирі Жандар Әшірбеков жас жауынгерлерді құттықтап, әскери анттың әр сарбаз үшін үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
– Бүгін сіздер ер азаматқа тән ең үлкен жауапкершіліктің бірін мойындарыңызға алдыңыздар. Әскери ант – жай ғана сөз емес, ол Отанға, халыққа, ата-анаға деген адалдықтың айқын көрінісі. Сіздерге артылған сенімді ақтап, Ұлттық ұлан жауынгеріне лайық қызмет атқарады деп сенемін, – деді Жандар Әшірбеков.
Рәсімге 3 мыңға жуық ата-ана мен сарбаздардың туыстары қатысып, ұлдарының ел қорғау жолындағы алғашқы қадамына куә болды. Қатардағы жауынгерлердің бірі Диас Ботаев әскери ант қабылдауды үлкен абырой санайтынын айтып, Отан алдындағы міндетін адал орындауға дайын екенін жеткізді.
Салтанатты шара жеке құрамның сап түзеуімен және әскери техникалардың жүріп өтуімен аяқталды.



