Астанада қазақы шырша бой көтерді

Астана қаласындағы Нұржол бульварында шығармашыл еріктілердің қолымен жасалған ерекше қалалық арт-нысан — құрақ-көрпе стиліндегі эко-шыршаның таныстырылымы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бұған дейін елордада жүзеге асырылып, қала тұрғындарының ыстық ықыласына бөленген бұл жоба биыл тұрғындардың сұранысы бойынша жаңартылған әрі мазмұны тереңдетілген форматта ұсынылды. Жоба дәстүрлі қолөнерді заманауи креативті индустриямен ұштастырып, өнер, экологиялық сана және әлеуметтік бірліктің бір арнада тоғыса алатынын көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастаманың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды қазіргі қалалық кеңістікке бейімдеу.

«Құрақ-көрпе стиліндегі эко-шырша жобасы қалаға тұрғындардың тікелей сұранысы бойынша қайта оралды. Ол алғаш рет 2020 жылы жүзеге асырылған еді. Біз үшін бұл жолы идеяны жай ғана қайталау емес, оны жаңартып, жаңа мазмұнмен толықтыру маңызды болды. Биыл жоба Жұмысшы мамандықтар жылы мен Жылқы жылынан шабыт алды — бұл еңбекке құрметтің, қозғалыстың, күштің және дәстүрмен тірі байланыстың символы. Шыршаға арналған барлық тоқыма ойыншықтар балалардан бастап аға буын өкілдеріне дейінгі қала тұрғындарының қолымен нөлден жасалды. Бұл жоба мемлекет, бизнес және қоғам бірлесе отырып, қала кеңістігінде жылылық пен өмірге толы орта қалыптастыра алатынын көрсетеді», деді жоба ұйымдастырушысы Рахима Мұкушева.
Эко-шырша мен тоқыма ойыншықтарды жасауға үш буын өкілдері – әжелер, аналар, қыздар мен немерелерді біріктірген 50-ден астам ерікті қатысты. Бар болғаны екі күн ішінде нөлден бастап 100-ден астам тоқыма ойыншық дайындалып, символдық «Жақсылық сандығын» толтырды. Бұл бұйымдар елорда тұрғындары мен қонақтарын қуантатын үлкен арт-объектінің ажырамас бөлігіне айналды.
Жоба Қазақстандағы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүзеге асырылып, қол еңбегінің, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қолөнер дағдылары мен кәсіптердің маңызын айқындайды. Сонымен қатар, қолмен жасалған еңбектің мәдени бастамалар мен креативті экономиканың берік негізі бола алатынын көрсетеді.




