Гуанчжоу телеарнасы Қазақстан туралы тревел-жоба дайындауда

Гуанчжоу радио және теледидары Қазақстан аумағында «Make Friends in the Silk Road» халықаралық жобасының түсірілімін қолға алды. Бағдарлама Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік және мәдени байланыстарды дамытуға арналған және деректі тревел-шоу форматында ұсынылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жоба цифрлық платформаларда кең халықаралық танымалдыққа ие болған және миллиондаған аудитория жинаған «Гонконг жастары шекара маңындағы қалаларда» деректі туындының жалғасына айналады.
Жобаға қатысушылар — екі елден келген жас блогерлер. Олар жеке тәжірибесі арқылы көрермендерді Қазақстан мен Қытайдың туристік әлеуетімен, мәдениетімен, дәстүрлерімен және қазіргі жастарының құндылықтарымен таныстырады.
Қазақстандағы түсірілімдер Алматы мен Астананың негізгі туристік және мәдени локацияларын қамтиды. Оңтүстік астанада шығармашылық топ қалалық ортамен, гастрономиялық мәдениетпен танысып, Шымбұлақ тау-шаңғы курортына барды. Астанада жоба шетелдік аудиторияға елорданың заманауи сәулеттік келбетін, қаланың серпінді дамуы мен инфрақұрылымын таныстырады.
Тележоба Гуанчжоу теледидарында және GBA Life Style медиахолдингінің халықаралық парақшаларында көрсетіледі.



