
«2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы есептеуде қолданылатын негізгі көрсеткіштер жаңартылады. Атап айтқанда, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңге болып белгіленеді.
Сонымен қатар ең төменгі зейнетақы мөлшері 69 049 теңгеге, ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) 50 851 теңгеге дейін өседі. Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені, ал ең төменгі жалақы 85 000 теңгені құрайды.
Динара Сәдуақасованың айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдері 10 пайызға ұлғаяды. Сондай-ақ осы күннен бастап жаңадан тағайындалатын зейнетақыны есептеу кезінде ескерілетін ең жоғары табыс мөлшері 55 АЕК немесе 237 875 теңге болады.
«Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері Әлеуметтік кодекстің 205-бабына сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейіне пайыздық қатынаста белгіленеді. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз болған жағдайда базалық зейнетақы ЕТКД-нің 70 пайызы мөлшерінде төленеді. Ал 10 жылдан асқан әр толық жыл үшін бұл көрсеткіш 2 пайызға өсіп, ең көбі ЕТКД-нің 118 пайызына дейін жетеді.
Осылайша, максималды базалық зейнетақы төлемі 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 50 851 теңге (110%), 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 60 005 теңге (118%) болады. Бұл өзгеріс жаңа зейнеткерлерге де, 2026 жылға дейін зейнетке шыққан азаматтарға да қолданылады.
Сондай-ақ 2026 жылдан бастап мүгедектікке және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері де өседі. Мысалы, жалпы ауру бойынша I топ мүгедектігі 111 873 теңге, II топ 89 498 теңге, III топ 61 022 теңге болады», – дейді спикер.
Оның айтуынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша төленетін әлеуметтік төлемдер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 10 пайызға артады.
Бұдан бөлек, арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы екі ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде белгіленеді. АЕК пен ЕТКД-нің өсуіне байланысты бала тууға, бала күтіміне, жерлеуге, көпбалалы отбасыларға, наградталған аналарға, сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигонының зардап шеккендеріне арналған бірқатар жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері де қайта есептеледі.
Сондай-ақ мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға және I топ мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын тұлғаларға төленетін мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері де ұлғайтылатын болады.



