Президент тапсырмалары қалай іске асырылады?

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңірлерде, әсіресе моно және шағын қалаларда, сондай-ақ ауылдық жерлерде шағын және микробизнесті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы қаралды.
«Қуатты әрі бәсекеге қабілетті кәсіпкерліктің дамуы – орнықты экономикалық өсудің негізгі факторы. Өздеріңізге мәлім, жуырда Мемлекет басшысы іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін жедел түрде шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын қабылдауды тапсырды. Үкімет шағын және микробизнесті нақты қолдауға, өңірлердің ерекшелігін ескере отырып, өндірісті дамытуға бағытталған кешенді құжатты әзірледі» деді жиында Премьер-министр.
Өңірлерге 400 млрд теңге бөлінеді
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин отырыста ауылдар мен шағын қалалардағы өндірісті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын таныстырды. «Бағдарлама ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеу, шағын наубайхана, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіру сияқты тез нәтиже беретін, технологиялық жағынан қарапайым, жылдам жүзеге асырылатын жобаларға бағытталған» деп түсіндірді ол.
Бағдарламада екінші деңгейлі банктер арқылы жыл сайын 400 млрд теңге несие бөлу қарастырылған.
- Несие: бір жобаға 200 млн теңгеге дейін.
- Мөлшерлемесі: ~8,8% (40%-ы мемлекеттен субсидияланады).
- Мерзімі: 3 жылға дейін.
- «Даму» беретін кепілдік: кепілге қоятын заты жоқ немесе жеткіліксіз болған жағдайда қарыз сомасының 85%-ына дейін. Серік Жұманғариннің айтуынша, бизнес ақшаны ғана емес, нақты ресурстарды да ала алады, олар – жеңілдікпен үй-жайларды, жер телімдерін жалға алу және коммуникациялар жүргізу. Өндірісті тиімді іске қосу үшін сервистік сүйемелдеу және сол салаға бағытталған онлайн-оқыту курстары енгізілуде. Бұл ретте мемлекеттік қолдауды алуда басымдық «Ауыл аманаты» және «Бір ауыл – бір өнім» жобаларына қатысушыларға беріледі. Өтінімдерді беру egov.business және Damu Online порталдары арқылы автоматтандырылған түрде жүргізіледі. Шалғай аудандар үшін көшпелі формат қарастырылған: арнайы мобильді кеңселер (автобустар) жергілікті жерлерде кеңес беріп, құжаттарды қабылдайды.
Кепілдік беру қорлары 448 млрд теңге берді
Мемлекет басшысының экономиканың нақты секторына банк қаражатын тарту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде «Даму» қорының базасында екі мамандандырылған кепілдік беру қоры құрылды. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин олардың қалай жүзеге асып жатқаны туралы баяндап берді. Оның айтуынша, жаңа құралдар бизнестің басты проблемасы – кепілге қоятын затының жетіспеушілігін тиімді шешеді:
Бірінші қор (ШОБ-қа арналған): бүгінде 2,4 мыңнан астам жобаны қамтып, оларға қарыз сомасының 85%-ы көлемінде кепілдік берді. Бұл кәсіпкерлерге жалпы сомасы 424 млрд теңге көлемінде несие алуға мүмкіндік туғызды. Екінші қор (ірі инвестициялық жобаларға арналған): 7 млрд теңгеден асатын қарыздарға бағдарланған. Бүгінгі таңда сомасы 24 млрд теңге болатын екі жобаға қолдау көрсетілді. Мемлекет 15 жылға дейінгі мерзімге жоба құнының 30%-ына дейін жаба отырып, банктерді өз қаражатын ұзақ мерзімді индустриалды және инфрақұрылымдық жобаларға бағыттауға ынталандырады. «Біздің мақсатымыз – технологиялық жаңару арқылы экономика құрылымын өзгерту. Кепілдік беру қорлары қазірдің өзінде-ақ бизнестің қолындағы кепілге қоятын заттары жеткіліксіз болса да капиталға қол жеткізуді қамтамасыз ететін пәрменді құралға айналды» деп атап өтті Серік Жұманғарин. Вице-премьердің ақпараты бойынша, процестерді автоматтандыру және портфельдік әдісті қолдану арқасында өтінімдерді қарау мерзімі 2 жұмыс күніне дейін қысқартылған, бұл мемлекеттік қолдауды барынша қолжетімді ете түседі.
Негізгі өзгеріс – шекті сома артады
Қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысында шағын бизнесті шектен тыс әкімшілік іс-шаралардан қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. «Қолданылатын шаралар сай болуы үшін және азғантай сома үшін микро және шағын бизнеске қысым жасамау үшін біз салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдерін айтарлықтай өзгертіп жатырмыз» деді Мәди Такиев.
Негізгі өзгеріс – ден қою шаралары басталатын шекті соманы арттыру. Егер бұған дейін салық берешегі шамамен 26 мың теңгеден немесе 6 АЕК-тен өндіріле бастаған болса, ал әлеуметтік аударымдар бойынша нақты шегі болмаған болса, енді салық берешегі бойынша шектік сома 87 мың теңгеге немесе 20 АЕК-ке дейін, әлеуметтік төлемдер бойынша 26 мың теңгеге немесе 6 АЕК-ке дейін көтеріледі.
Ведомствоның мәліметінше, қазір әлеуметтік төлемдер бойынша берешек сомасының шегі болмағандықтан өндіріп алу шараларына көбінесе шағын бизнес тап болып отыр, борышкерлердің шамамен 72%-ы 6 АЕК-ке дейінгі қарыздары барлар. Енді қабылданған іс-шаралар мынадай нәтиже береді:
- 87 мың теңгеге немесе 20 АЕК-ке дейін – хабарлама жіберіледі де, тек өсімпұл есептеледі, басқа шара қолданылмайды;
- 87 мыңнан 195 мың теңгеге дейін немесе сәйкесінше 20-дан 45 АЕК-ке дейін – хабарлама жіберіледі; өтелмеген жағдайда борыш сомасы көлемінде шығыс операциялары тоқтатылады, содан кейін ғана инкассалық өкімдер берілуі мүмкін;
- 195 мың теңгеден немесе 45 АЕК-тен асқан жағдайда – анағұрлым қатаң шаралар қолданылады: мүліктер тізімге алынып, сатылуы мүмкін, өндіріп алу дебиторлар есебінен жүреді.
- Төлен ТІЛЕУБАЙ



