
Астанадағы Maqsut Narikbaev University-де жұмысшы мамандықтарды дамытуға бағытталған «Үздік» жобасының қорытындысы шығарылды. Ауқымды жоба Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жобаны «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Оның басты мақсаты – жастардың кәсіби дағдыларын дамыту және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру.
«Алты ай бойы 15 бағыт бойынша байқаулар өткізілді. Жас қатысушылар әртүрлі кәсіби салада өз шеберліктері мен қабілеттерін көрсетті. Олардың қатарында жүргізушілер, шиномонтажшылар, аспаздар, флористер бар. Бүгін байқауларда үздік нәтиже көрсетіп, алғашқы үш орынға ие болған жастар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады», – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметінің жетекшісі Анара Мұрзабаева.
Байқауға қатысушы Иван Подручный да өз әсерімен бөлісті.
«Мен хаус-мастер мамандығында оқимын, алайда бұл жолы байқауға ағаш ұстасы ретінде қатыстым. Үздік атандым. Сонымен қатар, сантехник мамандығын да меңгеріп жүрмін. Алдағы уақытта өзімді басқа да жұмысшы мамандықтарда сынап көргім келеді. Қолымнан бірнәрсе жасап шығару өте қызық», – деді ол.



