Жүнісбайұлы жарығы

Өзіміз ерекше қадірлейтін белгілі публицист, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазіргі қазақ спорт журналистикасының сардары Несіп Жүнісбайұлы жетпіс жастың бел ортасына келіп отыр.
Спорт журналисі болуды ойламаған, бала кезінен өнерге құштар болған жер жәннаты – Жетісу өңірінің перзенті орта мектепті бітірген соң арман қуып Алматыға келіп, консерваторияға барып, бағын сынап көрді. Атақты актриса Хадиша Бөкееваға емтихан тапсырып, бірнешеуінен сәтті өтті. Бірақ біреуіне кешігіп келіп, қатал ұстаздың кәріне ұшырады. Содан өнерге есігі жабылып, ауылға оралды. Екі жыл Отан алдындағы борышын өтеген соң, Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне құжат тапсырды. Бірінші курстан «Лениншіл жас» газетіне мақала жазып тұрды. Бесінші курста осы басылымға қызметке қабылданды. Ал оқуын қызыл дипломмен бітірді. Журналистикадағы ұстазы, жоғарыда аталған газеттің сол кездегі бас редакторы Сейдахмет Бердіқұловтың ұйғарымымен жұмысқа қабылданғанына екі-үш ай өткеннен кейін спорт бөліміне ауысты. Жалпы өзі мерейлі 75 жасқа толып жатса, биыл журналистикадағы еңбегіне жарты ғасыр толып отыр.
Несіп Жүнісбайұлы – бірқатар әлемдік додалардан хабар таратқан журналист. Атап айтқанда, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасынан, 1982 жылы Испанияда футболдан өткен әлем чемпионатынан, басқа да шетелдегі біріншіліктерден жаңалықтар жазып, еліміздің оқырмандарына хабар таратып отырды. Жалпы 10 Олимпиада мен футболдан 5 әлем чемпионатының куәгері. Осы тақырыпқа бірнеше кітап жазды. Атап айтқанда, «Үшінші раунд», «Ауылдан шыққан алыптар», «Футболмен тыныстаған Испания», «Мексикадағы футбол тойы», «Мұстафа Өзтүрк», т. б. кітаптары шықты.
Тәуелсіздігіміздің таңы атқанда оны республикадағы жалғыз спорт басылымына бас редакторлық қызметке шақырды. 2014 жылы зейнетке шыққанша сол газетте қызмет етті.
Өзімнің Несіп ағаға шәкірт бола жаздағаным бар. Астанаға көшіп келген жылы жұмыс іздедім. «Спорт» газетіне орыс тілінде жазатын журналист керек» деген хабарландыруды оқып қалып, тәуекел деп хабарластым. Несіп ағаның орынбасарларының бірі болуы керек (қазір атын ұмыттым) бір-екі мақала жаз деген тапсырма берді. «Феномен Серика Сапиева» және Қарағанды облысының Шахтинск қаласынан шыққан Олимпиада чемпионы Виктор Мазиннің жаттықтырушысы Николай Снегуров туралы мақалаларды жазып, газет поштасына жібердім. Жарық көрген соң редакцияға барып, Несіп ағамен сөйлестім. «Жазғандарың жаңалық емес, әлі де жаза түс» деді. Содан кейін арыным басылып, спорт тақырыбына жазғым келмей кетті. Артынша «Астана ақшамы» газетіне жұмысқа тұрдым. Бірақ Несіп ағаға өкпе жоқ. Егер сол уақытта мені «Спорт» газетіне қабылдаса, осы күні өз ана тілімде жаза алмай қалып, орыс тілді журналистиканың сарбазы болып жүрер ме едім…
Несіп аға ұстазы Сейдахмет Бердіқұловтан эстафетаны алып, осы күндерге лайықты жалғады. Спорт журналистикасындағы ізі сайрап жатыр. Бірақ қазір спорт журналистикасына сіңірген ұшан-теңіз еңбегіне ғана көбірек көңіл бөлініп, жазушылығы жайлы көп айтылмайды. Маған кезінде «Әкемнің қамшысы» повесі (осы аттас кітабы да бар) керемет ұнады. Онда қаламгер дала мен қаланың тартысын тамаша бейнелеген. Қалада тұратын қазақ отбасыларының бір баламен шектелуін, сол жалғызын шектен тыс еркелетуін, содан туатын қасіретті қанын сорғалатып тұрып көрсеткен. Оқымаған болсаңыздар, оқыңыздар деп кеңес беремін. Ал оның «Рингтегі тағдыр» повесі «Жалын» баспасының жабық әдеби байқауында екінші жүлдені алды.
Мақалаларына келсек, өмірден ерте озған көрнекті ақын Төлеген Айбергеновтің бір өлең жолын арқау етіп жазылған «Бәйге берем жығылған палуанға да…» атты мақаласы өшпестей болып санамызға жазылып қалды. Бұл мақаланың айтар бір ойы – адалдық. Сол сияқты Несіп Жүнісбайұлы – адалдықты серік еткен жан. Несіп аға «Лениншіл жаста» жүргенде өнер тақырыбынан да алыстаған жоқ. Жазған мақалаларының бірі суретші Қылышбек Сәбдікеев туралы болды. Қылқалам шебері өмірден ерте озып кетті. Несіп ағадан кейін бұл кісі туралы мүлде ешкім жазбаған сияқты. Мұны маған өнер иесінің мұрасына ие болып отырған апа-жездесі айтқан еді. Байқауымша, бұл кісілер Несіп ағаға қатты риза.
Ерекше атап өтерлігі, Несіп Жүнісбайұлы не туралы жазса да, ұлттық мүдде тұрғысынан қарайды. Жүнісбайұлы – жүрегі, жаны қазақ деп соғып тұрған жан. Кезінде қазақ балаларынан ғана жасақталған «Намыс» футбол клубын құрды. Еліміздегі тоғызқұмалақ федерациясының тұңғыш президенті.
Негізінен, мектептен кейін Дене тәрбиесі институтына құжат тапсырды. Бірақ бір мұғалімнің кеңесінен кейін құжаттарын қайтып алды. Әбден пісіп, толып, жетілген соң Қазақ дене шынықтыру институтын сырттай бітіріп, бапкер-ұстаз мамандығын алды.
Арман қуып Алматыға келгенде бір қолына домбыра, екінші қолына доп ұстап келген еді. Өзі өнердің жолына түбегейлі түспесе де, тамаша өнерпаздар, тұғырлы тұлғалар туралы қалам тербеді. Соның ішінде Ақселеу Сейдімбек, Рамазан Стамғазиев, Дәуренбек Әркенов, т. б. өнер майталмандары жайлы жазды. Атақты палуан Әбілсейіт Айханов жайында «Жердің жарығы» атты романның бірінші кітабын шығарды.
Жетпіс жасқа келгенде берген бір сұхбатында «Шығармашылықта өкінішім жоқ. Жиырмадан аса кітабым жарық көрді. Елге, қазаққа керек-ау деген тақырыптарды толғап жаза алдым. Жақсы әлде жаманын оқырман өзі шешеді. Талай дос таптым, талай елді араладым, талай кітап оқыдым. Ата-анамыздың оқысам деген арманын жалғадық… Иә, алаңдау бар, заманды аждаһадай жалмап келе жатқан мына жаһандану деген дүние бір уыс қазақ жазушыларының шығармашылығын, ұлттың жеткен биігін күндердің-күнінде жоқ қылмаса екен деп алаңдаймын» деген еді. Осы жаста қуанышыңыз көп, алаңыңыз жоқ болсын деген тілек айтамыз!
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



