Басты ақпаратМәселе

Псевдопсихологтарға қалай тыйым саламыз?

Қазіргі таңда Қазақстанда психологиялық көмекке сұраныс айтарлықтай артып отыр. Бұл үрдіс қоғамның дамуына оң әсер еткенмен, тиісті заңнамалық және кәсіби бақылау болмаған жағдайда, психологтар мен коучерлер қызметінің реттелмеуі азаматтардың психикалық және әлеуметтік қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.

оңғы жылдары көптеген азаматтар психолог немесе коуч қызметін көрсететін, бірақ кәсіби білігі жоқ тұлғалардан зардап шеккені туралы жиі шағымдануда. Мұндай жағдайларда жеке өмірге қол сұғушылық, құпия ақпараттың таралуы, эмоционалдық және отбасылық күйзеліс сияқты салдарлар орын алып отырғаны белгілі. Бұл халықтың әл-ауқатына ғана емес, жалпы отбасы институтына және ұлттық қауіпсіздікке де кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар псевдопсихологтар мен кәсіби білігі жоқ коучерлердің әрекеті халық арасында әлеуметтік және отбасылық тұрақсыз­дыққа алып келіп жатқан нақты жағдайлар да артып келеді. Осыларға қоса, кейінгі уақытта өздерін «психолог емеспіз, психосоматикамен айналысамыз» деп таныстыратын топтар да пайда болып, түрлі курс өткізіп, өз бетінше сертификат таратуда. Ғылыми негізсіз және тәжірибеден өтпеген мұндай тәсілдер азаматтардың психикалық саулығына, отбасылық тұрақтылық пен қоғамдық санаға зиян келтіруде. Себебі мұндай псевдосарапшылардың кейбірі сан ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарға қарсы пікірлерді ашық айтуда. Олар дін қағидаларын өз бетінше тәпсірлеп, дәстүр мен дін арасындағы тепе-теңдікті бұзып, адамдарды адастыруда. Нәтижесінде отбасында түсінбеушілік, діни және мәдени қақтығыс көбейіп, ажырасу деңгейі артып отыр. Мысалы, отбасылық кеңес беруді сылтау­ратып, «Жұбайыңызды қалай өзгертуге болады?», «Балаңыз­ды басқару әдістері», тіпті «Ажырасу – жаңа өмірдің басы» секілді радикалды көзқарасты насихаттаушы «мамандардың» әсерінен айрандай ұйып отырған қаншама отбасының шаңырағы шайқалды.

Көптеген жағдайда бала тәрбиесіне қатысты теріс нұс­­­­­­қаулар беріліп, эмоциялық зорлық-зомбылық элементтері кеңес формасында ұсынылады. Мұндай кеңестердің нәтижесінде ата-аналар мен балалар арасында сенім жоғалып, психологиялық жарақат пен жанұялық байланыстардың үзілуі жиілеп отыр. Сонымен қатар «бизнес бастаймыз», «қаржылық еркіндікке жетелейміз», «сананы бағдарламалау арқылы миллионер боласың» деген ұранмен жалған коучтар азаматтарды несие алуға итермелеуде. Көптеген адам осының нәтижесінде қаржылық күйзеліске ұшырап, қарызға батып, жеке өміріне, отбасына кері әсерін тигізуде.

Ағымдағы жағдай және негізгі мәселелерге тоқталсақ, Қазақстанда жеке практикамен айналысатын психологтар мен коучерлердің нақты саны белгісіз, себебі бірыңғай тіркеу немесе лицензиялау жүйесі жоқ. «Психолог» немесе «коуч» атауын мамандыққа сәйкес келмейтін, қысқа мерзімді курстан өткен адамдар да еркін қолдануда. Құпияны сақтау, клиентке зиян келтіру, эмо­ционалдық манипуляция жасау секілді теріс тәжірибелерге қатысты нақты жауапкерші­лік тетіктері белгіленбеген. Психологиялық және коучинг қызметінен түсетін кірістер бүгінгі таңда нақты есепке алынбайды, себебі олардың көпшілігі жеке тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, онлайн және оффлайн кеңес берулер бейресми түрде жүргізіледі, қолма-қол немесе мобильді төлемдер арқылы алынатын табыс жиі декларацияланбайды. Ал бұл өз кезегінде салықтық әділетсіздік пен көлеңкелі экономиканың ұлғаюына себеп.

Халықаралық тәжірибеге жүгінсек, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде психолог пен коучтардың қызметі заңмен нақты реттелген. АҚШ, Австралия, Еуропа елдерінде бұл салада кәсіби білім, тәжі­рибе, лицензия және этикалық нормалар міндетті түрде талап етіледі. Психологтар тиісті кәсіби кеңестер мен агенттіктерде тіркеліп, лицензия негізінде ғана жұмыс істеуге құқылы. Коучинг саласында да халықаралық ұйымдар (ICF, EMCC) арқылы біліктілік, этика және сертификаттау талаптары бекітіліп, қатаң стандарттар енгізілген. Көптеген елде мұндай мамандардың кәсіби мәртебесі ашық реестрлерде тіркеліп, қоғамға қолжетімді. Осыған байланысты төмендегі нақты ұсыныстарды қарас­тыруды сұраймыз:

  1. «Психологиялық, психосоматикалық және коучингтік қызметтер туралы» заң қабылдау, лицензиялау және кәсіби тіркеу тетігін енгізу, «психолог», «психосоматик», «коуч», «ментор» атауларын тек тиісті білімі және кәсіби білігі бар мамандарға ғана қолдануға құқық беру.
  2. Психологтар мен коуч­тердің бірыңғай ұлттық ­реестрін құру, яғни әрбір тіркелген маманның аты-жөні, білімі, лицензия нөмірі, сертификаттары көрсетілетін ашық электронды платформа жасау, сол арқылы қоғам мүшелерінің сенімді маманды таңдауына мүмкіндік беру.
  3. Этикалық кодекс және құпияны сақтау талаптарын заңдастыру арқылы клиенттің жеке деректерін қорғау, ақпаратты рұқсатсыз жарияламау міндеттерін құқықтық жауапкершілікпен бекіту және этика бұзушылықтарына қатысты шағымдарды қарай­тын тә­уелсіз комиссия немесе пси­хологиялық омбудсмен институтын енгізу.
  4. Табыс пен салық ашық­тығын арттыру үшін жеке пси­хологтар мен коучерлерге салықтық есеп беру және декларациялауды міндеттеу, мемлекеттік кіріс органдары тарапынан цифрлық мониторинг құралдарын пай­далану (QR-чек, POS-тіркеу, т. б. арқылы).
  5. Коучинг саласына қатысты ұлттық стандарттар енгізіп, коучинг қызметін жеке кәсіби бағыт ретінде тану. ICF немесе EMCC тәрізді халықаралық стандарттарды үлгі ретінде қабылдап, отандық сертификациялау жүйесін енгізу керек. Сонымен қатар медициналық немесе психологиялық кеңес берумен шектесетін коучинг түрлеріне рұқсат беру шегін заңмен белгілеу.

Осы орайда, аталған ұсыныстарды қарастыру кезінде отбасы институтын қорғау, бала құқығын сақтау және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында нақты реттеу, бақылау және алдын алу шараларын қолға алу аса өзекті. Халықтың менталдық саулы­ғын қорғау – мемлекет үшін ­стратегиялық маңызды бағыт.

Амангелді ЕСБАЙ,

Сенат депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button