Басты ақпаратМәселе

Бала неге ашуланшақ?

Бүгінде Астана қаласындағы психологиялық қолдау орталықтарына жүгінетін тұрғындардың саны айтарлықтай артты. Әсіресе жасөспірімдер арасындағы психологиялық қиындықтар, әлеуметтік қысым, мектептегі буллинг, ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушілік ең жиі көтерілетін мәселелердің қатарына еніп отыр. Осы мәселе бойынша Нұра ауданы бойынша балаларға және ата-аналарға көмек көрсететін кеңес беру кабинетіне барып, ондағы мамандармен тілдесіп қайтқан едік.

Буллинг деген бүлік тоқтамай тұр

Аталмыш орталық қала бо­йынша психологиялық көмек көрсетуді жүйелі түрде жүзеге асырады екен. Күн сайын орта есеппен 15 шақты өтініш түседі. Олардың әрқайсысы тиісті маманға жіберіліп, дер кезінде қарастырылады. Өтініш мазмұнына қарай келушілерді арнаулы мамандарға бөледі. Мәселен, жеңіл және орта деңгейдегі психологиялық мәселелер – жалпы психолог­тар қарауына, ал күрделі, клиникалық сипаттағы жағдайлар арнайы мамандардың қарауына жөнелтіледі.

«Ең өзекті мәселенің бірі – буллинг. Жаңа оқу жылы басталғалы бері осы тақырып бойынша кем дегенде аптасына 3-4 өтініш түседі. Буллинг жоғарғы сыныптарға ғана емес, төменгі сынып оқушыларына да әсер етіп отыр. Орталық тарапынан біз мектептерге барып түсіндіру жұмысын жүргізіп, ата-аналар мен педагогтарға жеке консультация жүргізіп, ағарту жұмысын өткіземіз. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда, орталықтың мобильді тобы шұғыл шақырту бойынша алғашқы психологиялық көмек көрсетуге шығады. Бұл топ дағдарыс жағдайында тұрған адамды тыныштандыруға, қауіпсіз орта қалыптастыруға және әрі қарай мамандандырылған көмекке жолдама беруге бағытталған» дейді педагог-психолог Айдана Қорабаева.

Оның айтуынша, жас­өс­пі­рімнің жағдайын жақсартуда тек оның өзі емес, оның айналасындағы орта – ата-анасы мен мұғалімі де маңызды рөл атқарады. Осы себепті орталықта ата-аналармен және мұғалімдерге де кәсіби кеңес беріледі. Баланың мінезіндегі өзгерістер, күйзеліске бейімділік, мотивацияның төмендеуі, аутодеструктивті белгілер байқалған жағдайда ата-аналарға дереу маманға жүгінуге кеңес беріледі. Мұндай мәселелерді ертерек анықтау баланың өміріндегі үлкен қиындықтардың алдын алады.

Еркелік емес, күрделі себеп

Көптеген ата-ана баланың ашуланшақ мінезін байқап, оған алаңдайтыны жасырын емес. Бірі мұны еркелікке баласа, енді бірі мінездің бұзылуы деп қабылдайды. Психологтардың айтуынша, бұл – шын мәнінде күрделі себептің белгісі. Бұл табиғи даму кезеңінен бастап психология немесе тұрмыс факторларына дейін байланысты болуы мүмкін.

«Бала өсіп келе жатқанда түрлі дағдарыс кезеңінен өтеді. 3 жас дағдарысы, 6-7 жастың сезімтал шағы, 10-11 жастағы өтпелі кезеңге жақын эмоция­лық құбылу – бәрі ашуланшақ­тықпен қатар жүруі мүмкін. Бұл – табиғи процесс, бірақ дұрыс түсініп, қолдау көрсету маңызды. Айта кеткен жөн, ұйқының жетіспеуі баланың жүйкесін әлсіретіп, кез келген ұсақ нәрсеге ашулануына себеп болады. Баланың жасына сай ұйқы нормасының сақталмауы оның мінезіне тікелей әсер етеді. Ата-анасының ма­хаббатына, жылы сөзге, бірге өткізетін уақытқа зәру бала да ашуланшақ болып келеді. Ол ашуы арқылы назар аудартуға тырысуы мүмкін. Бұл жерде басты себеп – эмоционалды байланыс тапшылығы» дейді орталықтың психолог-педагогы Индира Қайрақбаева.

Оның пікірінше, үйде стресс, айқай, жиі жанжал болса, бала оны ішке жинап, кейін ашу арқылы шығарады. Балалар үлкендердің мінезін қайталап, дәл сондай реакциялар көрсетеді. Яғни олар біз көрсеткен эмоция­ны өзінде де ­қалыптастырады.

Ата-ананың қателігі

Біз барған кезде психологтардың бірі Диана есімді жасөспіріммен әңгімелесіп отыр екен. Күйзеліске түскен оқушымен ғана емес, оның анасымен де жеке қабылдау жүргізді.

«Ата-ананың баланың көзінше бір-бірімен жанжалдасуы оның нәзік психикасына терең қорқыныш ұялатады. Үй ішінде айтылған ауыр сөздер мен агрессивті әрекеттер бала үшін қауіпсіздік сезімін бұзып, әлемге деген сенімін әлсіретеді.Осындай ортада өскен жасөспірім болашақта отбасы құруға күмәнмен қарап, қарым-қатынастан қауіп іздеуі әбден мүмкін. Әсіресе әкеге немесе анаға деген сенімсіздік қалыптасып, эмоционалды жақындықтан қашықтау орын алады. Сондықтан ата-ана ­дауының бала санасында жараға айналмауы үшін өзара сыйластық пен сабырды ең басты құндылық ету өте ­маңызды» дейді Айдана ­Ерденқызы.

Баланы ешкіммен салыстырмаңыз

Мамандардың айтуынша, баланы басқа балалармен салыстыру оның өзіндік бағасын төмендетіп, ішкі құндылығын әлсіретеді екен. Мұндай сөздер баланың «мен жеткіліксізбін» деген теріс сенім қалыптастыруына себеп болады. Салыстыру жиілеген сайын бала өз күшіне сенбей, қорқатын күйге түседі. Сондықтан әр баланың жеке қабілетін көріп, оны өз жетістігімен өлшеу – оның психикасына ең пайдалы қолдау. Баланың жанын тыныштандыратын ең мықты құрал – ата-ананың жы­лы дауысы мен махаббаты.

«Сыныптағы қысым, дос­тарымен түсініспеушілік, мұ­ғаліммен қарым-қатынастағы қиындықтар – барлығы үйдегі эмоциялық жарылысқа алып келеді. Бала сыртта жиналған стресті үйде шығарады. Балаға жиі жекіп сөйлеу, ұялту, салыс­тыру, «болмайсың» деп айту оның өз-өзіне деген сенімін төмендетеді. Оны түсінбеген бала агрессия арқылы өзін қорғауға тырысады» дейді Индира Тоғайбайқызы.

P.S:  Жасөспірімдердің психологиялық саулығын сақтау – тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Бала өзін жайлы сезінген кезде ғана оның оқу процесі, тұлғалық дамуы, әлеуметтік ортаға бейімделуі дұрыс қалыптасады. Яғни жылы сөз бен түсіністік баланың мінезін қалыпқа келтіретін ең мейірімді күш екенін тағы бір мәрте түсіндік.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button