«Әлем әуені» — түркі мәдениетінің ортақ алаңы

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында алғаш рет «Әлем әуені» халықаралық өнер фестивалі өтті. Фестиваль түркі әлемінің мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, шығармашылық ынтымақтастықты кеңейту және дәстүрлі өнердің қазіргі заманғы жаңа үлгілерін көрсету мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Фестивальге түркі мемлекеттерінің ғылыми-зерттеу институттары мен мәдени ұйымдарының өкілдері, музыкатанушылар, өнертанушылар, этнографтар, дәстүрлі аспап жасаушы шеберлер, магистранттар мен докторанттар, шығармашылық ұжымдар, сондай-ақ мәдениет саласының майталмандары, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты, Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі, «Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы» қорының президенті Ақтоты Райымқұлова қатысты. Фестиваль түркі халықтарының бай музыкалық дәстүрін бір алаңға жинап, өнер иелерінің кәсіби тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Бағдарлама аясында ғылыми, шығармашылық және практикалық бағыттарды қамтитын кешенді іс-шаралар өтті.
— Бабаларымыз тек тастан мүсін, өнер туындысын жасап қоймай сөзден, дыбыстан қайталанбас өнер туындыларын өмірге әкеліп, кейінгі буынға аманат етті. Сондықтан бүгінгі фестиваль де түбі бір түркі әлемінің бай мәдени мұрасын, шығармашылық ынтымақтастығын, ортақ рухани құндылықтарды дәріптейтін ерекше мәдени шара деп білемін. Ол тек еліміздің ғана емес, түркі елдерінің талантты өнерпаздарын біріктіріп, түркі өркениетінің рухани сабақтастығын дәріптейтін маңызды жоба.
Бұл фестиваль — елдер арасындағы мәдени ынтымақтастық пен достық байланыстардың айғағы. Сонымен қатар, қадірлі қонақтарымыз Астана қаласының «Өнер музейіне» аспаптарын сыйға тартып отыр. Бұл аспаптар музей төрінен лайықты орын алып, Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына түркі халықтарының музыкалық мұрасын танытатын құнды жәдігерлер ретінде ұсынылатын болады, — деді Есет Байкен.

Фестивальдың негізгі бөлімінде «Тамыр мен үн: Түркі аспап жасау дәстүрі және заманауи шешімдер» тақырыбындағы халықаралық симпозиумының пленарлық отырысы өтіп, қатысушылар ұлттық аспаптардың тарихи дамуы, өңірлік ерекшеліктері, көне технологиялар мен заманауи инновациялар сабақтастығы туралы талқылады. Симпозиум түркі музыкалық мұрасын ғылыми тұрғыдан кешенді зерделеуге және оны халықаралық кеңістікте ілгерілетуге бағытталған маңызды кәсіби алаң ретінде ұсынылды.

Іс-шара аясында Өнер музейі – аспап жасаушы шеберлердің тәжірибелік шеберлік сабақтары өткізілді. Отандық және шетелдік шеберлер қатысқан шеберлік сабақтарында музыкалық аспаптарды жасаудың дәстүрлі әдістері, ағаш пен теріні өңдеу, ішек орнату, дыбыстың акустикалық сапасын жетілдіру сияқты үрдістер таныстырылды. Қатысушылар аспаптың шағын үлгісін өз қолымен жасау мүмкіндігіне ие болды.
Фестиваль «Жастар» сарайында қорытынды гала-концертпен жалғасады. Концерттің басты мақсаты – ортақ мәдени тамырды қазіргі сахналық форматта жаңаша таныту. Қорытынды концертке түркі әлемінің түрлі елдерінен келген музыканттар, ансамбльдер, дәстүрлі ән-күй орындаушылары мен қазіргі заманауи этно бағыттағы топтар қатысады.



