Қазақстанда әрбір бесінші бала семіздікке шалдыққан

Дұрыс тамақтанбаудың кесірінен түрлі аурулардың белең алуы алаңдатады. Қазақстандағы балалардың 23 пайызы (әрбір бесінші бала) семіздікке шалдыққан, ал мектеп оқушыларының 60 пайызға жуығы күн сайын мектептен тыс жерде тәтті сусындар мен снеки сатып алады.
БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) мәліметінше, Қазақстан балалар семіздігі бойынша Орта Азия елдері арасында көш бастап тұр. Мұның негізгі себептері: балалар құрамында қант мөлшері көп өнімдерді шамадан тыс пайдаланады және көкөніс пен жеміс-жидекті аз тұтынады. Мұндай мәлімет жуырда Астанада өткен ФАО ұйымдастрыған «Ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі және дұрыс тамақтануды жолға қою мәселесі мен перспективалары» атты семинарда жария етілді.

Семинарға қатысушылар жаһандық климаттық өзгерістерге бейімделу, орнықты агроазық-түлік нарықтарын дамыту, мектептегі оқушылардың азығы және дұрыс тамақтану стандарттарын енгізу, сондай-ақ елдің азық-түлік балансын басқаруға арналған мәселелерге назар аударды. Қазақстан осы уақытқа дейін бірқатар күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Ол — құрғақшылық, су тасқыны, ауа температурасының құбылуы, зиянкестердің шамадан тыс көбеюі. Болжамдарға қарағанда, 2040 жылға қарай су ресурстарының тапшылығы 50 пайызға дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында пестицидтерді қолдануға бақылауды күшейту және халықаралық стандарттарға сай экологиялық таза өнімдердің үлесін арттыру қажеттілігі әлі өзектілігін жойған жоқ.
Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары Айжан Бижанова осы басқосуда ФАО-мен бірлесіп жобалық офис құрылғанын хабарлады.
«2025 жылы бұл офис бірқатар өңірлерде азық-түлік нарығы мен инфрақұрылымына талдау жүргізді. Нәтижесінде «Қазақстанның ұлттық азық-түлік атласы» ақпараттық жүйесінің тұжырымдамасы әзірленді. Бұл жүйе нақты уақыт режимінде өнім өндірісі мен тұтыну көлемін анықтауға, логистикалық бағыттарды дамытуға және қайта өңдеу мен өнімді сақтау инфрақұрылымын жасақтай отыра тәуекелдерді бақылауға мүмкіндік береді. 2026 жылы ФАО-мен бірлесе отыра бұл жұмыс үш бағытта: өңірлердің картасын әзірлеу (өндіріс көлемі, маусымдық, климаттық қатерлерге төзімділік, импортқа тәуелділік деңгейлері), инфрақұрылымды цифрлық түгендеу (қоймалар, тоңазытқыштар, жеміс пен көкөністі сақтайтын орындар, қайта өңдеу кәсіпорындары), сондай-ақ логистика мен нарықты талдау (өнімді тасымалдаудың нақты бағыттары, сауда орындарына дейінгі қашықтық, көлік желісі) жалғасын табады. Нәтижесінде әр облыс үшін азық-түлік профилі жасақталады, азық-түлік тасымалының ашық және басқарылатын жүйесі, тиімді сақтау және қайта өңдеу инфрақұрылымы пайда болады» деді ол.

Семинарда дұрыс тамақтанбаудың кесірінен түрлі аурулардың белең алғаны айтылды. ФАО-ның мәліметінше, Қазақстан балалар семіздігі бойынша Орта Азия елдері арасында алдыңғы орында тұр. «Дұрыс тамақтануды дамыту және оның аясын кеңейтуге үлес» жобасы аясында ФАО Үкіметке техникалық қолдау көрсетуде: мектеп тамағының жаңа стандарттары енгізілуде және әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп жатыр. Мәселен, Ақмола облысының мектептерінде жаңа теңгерімді ас мәзірі енгізілді, бұл ретте жергілікті өндірушілерді тартуға ерекше мән берілді. ФАО-ның Қазақстандағы бағдарламалар үйлестірушісі Жаныл Бозаеваның айтуынша, Ақмола облысындағы пилоттық жобаны іске асырудың нәтижесінде бірқатар мәселелер анықталды.
«Өкінішке орай, қазақстандық фермерлер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер әзірге мектептегі оқушы тамағын пайдалы әрі әлеуеті жоғары нарық ретінде қарастырмайды. Екіншіден, агроөндірушілер халықтың дұрыс өнімдерге деген сұранысы тек арта түсетінін түсінуі өте маңызды. Мысалы, жаңа мектеп мәзірінде қант мөлшері 3,6 есеге, ал тұз 5 есеге төмендетілді. Сондай-ақ тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету және өнімді сақтауға қатысты мәселелерді шешу үшін ұсақ шаруашылықтарды кооперациялау өте тиімді. Талқылау барысында біз нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деп үміттенемін» деді ол.
Бүгінгі таңда Қазақстан халқының шамамен 50 пайызы ауылдық жерде тұрады. Елде 1,7 млн жеке қосалқы шаруашылық және мыңдаған фермерлік және шаруа қожалықтары бар, олар азық-түлік өндіреді, бірақ өнім көлемінің аздығына байланысты мектептермен жеке-дара тікелей жұмыс істей алмайды. Кооперативтерге бірігу өнімді қажетті көлемде тұрақты тасымалдауды жолға қоюға логистика мен қаптама шығындарын төмендетуге, сондай-ақ субсидиялау бағдарламаларына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазақстан фермерлері қауымдастығы төрағасының орынбасары Ермек Абуов атап өткендей, тамақтану сапасын арттыру ұлттық қауіпсіздік деңгейінде стратегиялық мәселеге айналып отыр.
«Жергілікті фермерлер мектептерді көкөністермен, жемістермен, сүт өнімдерімен, жұмыртқа, жармамен және етпен қамтамасыз ете алады. Бұл үшін кооперацияны дамыту, мектеп тамағына арналған өнім стандарттарын әзірлеу, арнайы өнім желілерін қалыптастыру және логистика мәселелерін шешу қажет. Мектептерді сапалы азық — түлік өнімімен қамтамасыз ету фермерлер үшін ұзақ мерзімге өнім өткізуге кепіл, ал мемлекетке – балалар денсаулығын жақсартуға жол ашады» деп мәлімдеді Е. Абуов.
Бақыт Шойынбек, журналист, медиабапкер.



