Елордада нашақорлықпен күрес айлығының қорытындысы шығарылды

Елорда прокуратурасының бастамасымен полиция, әкімдік, еріктілер мен қоғам өкілдерінің қатысуымен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес және нашақорлықтың алдын алу айлығы өткізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Орындарды тәулік бойы күзету барысында 142 қылмыс анықталды, оның ішінде: 124- есірткі заттарын сақтау, 15-өткізу, 3-тыйым салынған өсімдіктерді өсіру. Жалпы 21 кг марихуана, 11 кг гашиш, 437 г мефедрон, 166 г каннабис өсімдігі, 1 кг каннабис шайыры тәркіленді.
Базарлар мен логистикалық компаниялардың қоймалары, жатақханалар, вокзалдар тексерілді.
Мысалы, «Күйгенжар» бекетінде көлік тоқтатылып, онда альфа-PVP есірткі заты табылған. Жүргізуші есірткіні қолданғаны анықталды. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
100 мың адамды қамтитын 300-ден астам ауқымды профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Мүлік иелерінің бірлестігі өкілдерімен кездесулер, елорданың оқу орындарында лекциялар мен интерактивті ойындар, брифингтер, спорттық және қоғамдық акциялар, соның ішінде граффити бояу бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды.
Ойын-сауық орындарында 67 түнгі рейд жүргізілді.
Нәтижесінде 117 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 78 сұйық азот баллоны тәркіленді.
Қабылданған шаралар қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді.



