«Joltap»: тігіншілікпен жаңа кәсіби бағытқа қадам басты

Елорда тұрғыны Айдана Арыстан «Joltap» жобасы арқылы тігіншіліктің қыр-сырын меңгеріп, жаңа кәсіби бағытқа қадам басты. Ол курстың пайдасы туралы ой бөлісті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
30 жастағы кейіпкеріміз отбасымен бірге Шымкент қаласынан Астанаға қоныс аударған. Тұрақты табыс табуды мақсат еткен ол әлеуметтік желіден «JolTap» туралы хабардар болады. Содан дереу қаладағы «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктеріне барып, жан-жақты ақпарат алып, курсқа тіркеледі.
«Арада көп уақыт өтпей «Модельер-конструктор» курсына қатыстым. Оны сәтті аяқтаған соң «Тігінші» бағыты бойынша білімімді жалғастырдым. Тігін тігу саласы маған ұнайды. Сол себепті осы бағытты таңдадым. Сабақтар өте қызықты өтті. Мұнда көп уақыт тәжірибеге бөлінді. Біз пішуді, бұйым жасауды, өнеркәсіптік тігін машинкасында жұмыс істеуді үйрендік», – деді Айдана Арыстан.
Ол қазіргі уақытта елордадағы жекеменшік тігін цехтардың біріне жұмысқа орналасып та үлгерді.
«Менің негізгі мамандығым – мұғалім. Алайда оқуымды бітірген соң тұрмысқа шығып кеттім. Кейін бала күтімімен декреттік демалыста болдым», – деді ол.
Кейіпкеріміз бұл жоба үлкен мүмкіндік сыйлағанын айтады.
«Жоба арқылы аз уақытта жаңа мамандықты үйреніп шықтым. Оқытушылар барлық ақпаратты қысқа әрі нұсқа түсіндіреді. Барлық сұрағымызға жауап береді. Мінеки, бүгін сертификаттарымызды табыстады. Енді тігіншілік қызмет бойынша жұмысқа орналасамын. Осындай мүмкіндікті сыйлаған жоба ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін», — деді астаналық келіншек.
Айта кетейік, «JolTap» – Астана қаласы әкімдігінің жобасы.
Бұл бастама қатысушыларға жаңа мамандықты тегін меңгеруге және сүйікті ісі арқылы табыс табуға мүмкіндік береді.
Бағдарлама қысқа мерзімді кәсіби курстар арқылы қатысушылардың әлеуетін ашуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеруге көмектеседі.



