Қала мен сала

Білім беру нысандарын аралады

Кеше Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері білім беру ұйымдарын аралады. Аралау барысында олар ерекше қажеттіліктері бар балаларға жасалған жағдайлармен танысып, педагогтар мен ата-аналардың пікірін тыңдады.

Ең әуелі олар қала әкімдігінің №89 «Қыз Жібек» балабақшасына барып, ондағы педагогтармен және білім алушы балалармен жүздесті. Балабақша меңгерушісі Жанар Ізтөлеуқызы мекеменің жұмысымен таныстырды.

– 2016 жылы жұмысын бастаған біздің балабақшада бүгінде 285 бала тәрбиеленіп жатыр. Мұнда 2 коррекциялық және 6 инклюзивті топ бар. Сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған түзету топтарының әрқайсысында 12 баладан қабылданған. Сонымен қатар инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді, ол жерге педагог-ассистенттің сүйемелдеуімен 5 бала қатысады. 6 инклюзивті топта ерекше білім беру қажеттілігі бар 15 бала тәрбиеленуде, әр топта 2-3 баладан. Оларға дефектолог, логопед, психолог және педагог-ассистенттер қарайласады, – деді ол.

Оның айтуынша, педагог-ассистент­тер балаларға күні бойы қамқорлық жасап, олардың көңіл кү­йін бақылап, оқу мен ортаға бейімделуіне көмектеседі. Кураторлар әдістемелік қолдау көрсетеді, ал мамандар балалардың даму бағдарламаларын бірлесіп, жеке әзірлейді. Балабақшада әр баланың ерекшелігі ескеріліп, жан-жақты дамуына және мектепке бейімделуіне барлық жағдай жасалған.

Одан кейін Қоғамдық кеңес мүшелері Астана қаласы әкімдігінің №96 мектеп-гимназиясына барды. Аталған білім ордасы 2023 оқу жылында пайдалануға берілген, қазіргі уақытта мұнда 2190 оқушы екі ауысымда білім алады, оның ішінде 77 бала – инклюзивті білім алушы. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін қолжетімді және жайлы орта жасалған. Мектепте дефектолог, логопед, психолог кабинеттері мен емдік-дене шынықтыру бөлмелері жұмыс істейді. Балалармен жеке және топтық сабақтар өтіп, бос уақытта түрлі үйірмелер мен секция­лар – ансамбль, қолданбалы өнер және аспаздық үйірмелері ұйымдасты­рылады екен.

Аралаған соңғы нысан Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі болды. Мұнда олар оқу орнының инклюзивті бағыттағы жұмысы мен студенттердің тәжірибелік сабақтарын көріп, ерекше білім беру қажеттілігі бар жастардың кәсіби даярлығын бағамдады. Сондай-ақ аутизммен өмір сүретін балаларды оқыту тәсілдері мен олардың кейін еңбекке орналасу мәселесі де талқыланды.

Колледж қызметінің басты бағыттарының бірі – кедергісіз орта қалыптас­тырып, барлық студентке, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар жастарға тең мүмкіндікпен сапалы кәсіби білім алу жағдайын жасау. Мұнда оқу бағдарламалары инклюзивті білім берудің мемлекеттік стандартына сай бейімделіп әзірленген. Аталған колледж – елімізде инклюзияны қанатқақты жоба ретінде енгізген алғашқы оқу орны. 2024-2025 оқу жылында мұнда ерекше білім алушыларға арналған екі жаңа топ ашылған. Оның бірі – «тігін өндірісі және киімді модельдеу» мамандығы, екіншісі – «нан-тоқаш, макарон және кондитерлік өнімдер өндірісі» бағыты. Бұл бастама ерекше студенттердің кәсіби білім алып, болашақта өз мамандығы бойынша еңбек етуіне жол ашпақ.

Қоғамдық кеңес мүшелері айтылған барлық ұсыныс пен ескертпені назарға алып, оларды кеңес отырысында талқылап, мәслихатқа жолдау туралы шешім қабылданатынын айтып өтті.

– Қазіргі таңда елімізде инклюзивті білім беру орталықтарының санын арттыру – уақыт талабы. Бұл тек жаңа нысандар ашу ғана емес, ең алдымен, оларды ортақ бір жүйеге, бірыңғай стандартқа келтіру маңызды. Әрине, мұндай орталықтарға спорт залдарын бөлу, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, материалдық-техникалық базаны нығайту – өз алдына бөлек мәселе. Алайда ең бастысы – заңнамалық және нормативтік талаптарды инклюзивті білім берудің ерекшеліктеріне бейімдеу қажет. Сондай-ақ педагогтардың кәсіби даярлығы мен білігіне қойылатын талаптарды күшейту де аса өзекті. Себебі инклюзивті білім беру тек инфрақұрылыммен шектелмейді, ол – мамандардың адами және кәсіби құзыреттілігіне тікелей байланысты сала. Осы бағыттағы барлық мәселені кезең-кезеңімен, жүйелі түрде шешу арқылы ғана ерекше қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алуына және қоғам өміріне толыққанды араласуына нақты жағдай жасауға болады, – деді Президент жанындағы Ұлттық құрылтай және Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, әлеуметтік саясат мәселелерін іске асыру саласында азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру жөніндегі комиссия­ның төрағасы Кәрімбек Құрманәлиев.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button