Қазақ киносының келешегі кемел ме?

Соңғы уақытта ұлттық киноның сапасына қатысты мемлекет тарапынан да, көрермен жағынан да көптеген сын-пікір айтылып жүр. Кино саласының мамандары да «Апыр-ай, осы қазақ киносына жетпей тұрған не нәрсе?» деп бас қатырып, тығырыққа тірелгендей болады. Кинотанушылар да киноға қатысты осы секілді күрделі сұрақтарға жауап іздеп әлек.
Дегенмен мәдениет пен өнер сияқты салмақты салаға қатысты мәселелердің жауабы тайға таңба басқандай көзге анық көрініп тұрмайды. Иә, киноға қаржы бөлініп не түрлі жобалар түсірілді. Тәубе дейміз. Киноның бәрі бірден керемет болып кетпейді. Кемшілік те баршылық. Жетістіктерін де көре білетін көз керек.
Аты әлемге әйгілі Мэл Гибсонның қанатты сөзі бар: «Жақсы кино адамға қалай әсер етеді? Көңілін көтере ме? Әлде сауатын аша ма? Бәлкім, рухани дамуына үлес қосатын болар? Жақсы кинода осының бәрі бар, экран алдына көрерменді жіпсіз байлайды. Әйтпесе кім уақытын зая қылғысы келеді?!».
Біздің пайымдауымызша, әр автордың нақты бір туындысын оның әлемді тануға деген талпынысы ретінде қарастырған өте тиімді. Мысалы, «Менің атым – Қожа» фильмінде Абдолла Қарсақбаев соғыстан кейінгі қоғамда пайда болған жаңа таптың – әкесіз өсіп келе жатқан балалардың өмірін зерттейді. Олардың үйде отырған «қой» дейтін қожасының жоғы мен сол жоқтықтың залалын тілге тиек етеді. Біз бұл фильмге аталған үш критерийді қолдансақ, фильмнің маңызы мен мәні айқындала түседі:
- Фильм көрерменнің ыстық ықыласына ие болғаны сонша, әлі күнге дейін бұл фильмді көрмеген қазақ баласын табу қиынға соғады. Демек, фильм көрерменнің көңілін көтереді.
- Фильм көрерменнің сауатын қалай ашады? Оқиға желісіне зер салып қарасақ, біз сол замандағы кеңестік идеологияның жас балалардың санасына қандай идеяларды құйып жатқанын, ұлттық педагогиканың үлгілерін, ұлттың жағдайы туралы тарихи шындықты көре аламыз.
- Дәл осы фильмге келгенде әрқайсымыздың езу тартып, риза болатынымыз неліктен? Себебі «сотқар» атанған Қожаның бейнесінен өзіміздің шалалыққа толы балалық шағымызды көріп, фильм соңында болашақтағы ұлы мақсатына жайдары жүзімен қарап, мойнына жауапкершілікті өз еркімен алуға бел буған Қожаберген сияқты іштей өскеніміз есімізге түскеннен емес пе? Олай болса дүниеге келген әр фильмнің осындай мұраты бар деп түсінген жөн. Оның үстіне авторлардың өз туындыларына ерекше махаббатпен қарайтыны түсінікті, әйтпесе істі аяғына дейін жеткізе алмайтын еді.
Әрине, бастапқы жылдарда комедия жанрында түсірілген фильмдер бізде қатты сынға ұшырады. Олай болатын реті де бар еді. Себебі отбасымен келген көрерменнің алдына ортақол дүниені ұсынып, нарықта табысты бірінші орынға қойған әуесқой авторлар аз болмады. Бірақ кейде солай болды екен деп, бүгіннің жетістіктерін жоққа шығару да жарамас. Қазіргі күні бұл жанрдың төңірегінде түсіріліп жатқан фильмдер қоғамдағы әділетсіздікпен күрес, ұлттық болмысты іздеу және т. с. с. күрделі тақырыптарды қамтуға бет бұрған. Оған дәлел – «7 раушан» фильмі. Мұнда авторлар көрерменмен әйел теңдігі туралы диалог құрып бастап, ақырында фильмді тағдырға мойынсұну жайлы экзистенциялық қиссаға айналдырып жібереді. Осылайша, қарапайым тірліктегі оқиғаға негізделген фильмнің формасы трансцендентті құндылықтарға жалғану арқылы түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Одан басқа да мысалдар жетерлік. Жанрлардың аясы кеңейіп жатқаны қуантады. «Дәстүр» хоррор-фильмінде де автор оқиға желісінің формасын идеяға бағындырып беріп, қоғамға салмақты ой тастады. Көрермен фильмнің мәніне кинотанушылардың деңгейінде терең бойлай алмаса да, ішкі түйсігімен сезіп тұр. Осыған қарап-ақ бұрынғы қалпында қатып қалған комедияның да, басқа жанрдың да жоғын байқаймыз. Керісінше, осындай сан алуандықтың арқасында қоғамда интеллектуалды өнердің дамып, сапалы дүниеге деген халық сұранысының артқанын көреміз. Соның ішінде киногерлердің ізденістері де өз жемісін беріп жатқаны рас. Әлбетте, мұндай сапалы фильмдердің санын арттыру – әрбір есті қазақтың көкейіндегі арман. Оған қол жеткізу үшін қайтпек керек? Бәрінен бұрын білім беру жүйесіне өзгеріс енгізу қажет. Ұстазымыз, кинотанушы Нәзира Рахманқызы біраз жыл бойы көтеріп келе жатқан мәселе бар: қырғыз елінің өнер университеттеріне түскен студенттерге «Манас» жырын оқытады. Ондағы есеп қандай? Өз тарихи мұрасынан сусындаған жастар өздерінің мәдени тамырына жалғанып, ата-бабасынан келе жатқан оқиғаны баяндау (storytelling) өнерінің қыр-сырын лезде меңгеріп алады. Нәтижесінде бүгін Қырғызстаннан шығып жатқан фильмдердің әлемдік деңгейдегі абыройы өте жоғары.
Біздің киногерлердің олжадан қағылып жүрген жері осы десем қате болмас. Себебі еуропалық киноны үлгі етіп алған авторларымыз ауық-ауық ұлттық болмысымызға тән өте жіңішке психологизмдерді бейнелеуге келгенде тұтығып, жалпы оқиғаны жөндеп баяндай алмай да қалып жатады. Ал бұл – өте ұятты жағдай. Өйткені Абдолла Қарсақбаевтың «Қилы кезеңін» ВГИК-те режиссураның биік шыңы ретінде көрсетіп, әр студентке қарауды парыз еткеннен кейін біздің осынша жаңылғанымыз – ақылға сыйымсыз осалдық. Себебі голливудтық, еуропалық штамптарға толы, соңын болжап білуге болатын фильмдердің көптігінен өзіндік үні бар картиналар әлемдік нарықта көзден тасаланып бара жатыр, сол үшін оларды аса қадірлейді.
Өкінішке қарай, отандық киноның сынға қалып жататын себептерінің бірі – кейбір туындылардағы анайы көріністер мен тұрпайы сөздердің қолданылуы. Әрине, мұндай көркемдік шешімдерді қабылдау – автор еркінде. Алайда олардың қажеттілігі көрінбей тұрған сәттерде мұндай таңдаудың себебі түсініксіз болып қалады. Қазақтың жыр-қиссаларында тұтас эстетикалық идеалдар жүйесін байқаймыз: онда кейіпкерлердің ерлігімен қатар, олардың сөзі, іс-әрекеті, моральдық ұстанымдары жоғары көркемдік, этикалық талғамнан шығады. Мұндай мәтіндер оқырманның жадында киелі образдар арқылы берік мәдени бағдарларды қалыптастырады – олар түпсанада сақталып, болашақта адамның құндылықтарына әсер етеді. Ал мұндай рухани тіректерден ада адам үшін қоғамдық құндылықтарды қабылдау қиынға соғуы мүмкін. Бұл – тек жеке тұлғаға ғана емес, тұтас қоғамға да әсер етуі ықтимал мәселе.
Әңгіменің тоқетері: кинотану ғылымын бізге жеткізген Бауыржан Нөгербек ұстазымыздың айтқаны тағы да келді. Қысқа мерзімде көзге көрінбей тұрған өзгеріс біздің қапылысымызға қарамастан, санды сапаға, сәнді мәнге айналдырып, әр нәрсені өз ретімен жүргізіп жатыр. Сөз жоқ, қазақ киносы даму үстінде. Әрине, кемшіліктен ада деуге ешкімнің аузы бармас.
Айбар ҚОНАҚБАЕВ, кинотанушы



