Басты ақпаратСараптама

Әскерден қашпаудың амалы қандай?

Негізі, әскердің санын айту – ол құпия. Бірақ жалпылама түрде ашық ақпарат көздері мен кейбір әлемдік ақпарат құралдарының материалына сәйкес, елде 300 мың әскери қызметкер бар деп болжанады. Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша 2025 жылы 42098 азаматты әскери қызметке шақыру туралы шешім қабылданған еді. Кейбір ақпарат көздерінде соңғы 3 жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы 4 жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 адам өз-өзіне қол салуға оқталғаны айтылады. Биыл жазда да Алматы облысы мен Астанада, Маңғыстаудағы әскери бөлімшелерде 3 сарбаз қаза болды. Алайда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Қазақстанда әскерге шақырылғандар арасындағы өлімнің 90 пайыздан астамы әскери борышын орындаумен байланысты емес» деп мәлімдеген болатын.

Ер болсаң, елге қызмет ет

Әскер болу, еліңнің сардары мен сарбазы атану – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Бұл – нағыз азаматқа берілетін үлкен сынақ әрі мәртебе. «Адам баласының тағдыры ана құрсағында-ақ жазылады» дейді ғой, демек ұл болып дүниеге келу елге қорған болу миссиясының бастауы іспетті. Алайда соңғы жылдары жастардың әскерге деген қызығушылығы бұрынғыдай емес. Бірі заманның тыныштығына сеніп, «қажеті не?» деп ойласа, енді бірі әлеуметтік желілерде тараған әлімжеттік пен төтенше жағдайларды алға тартып, әскери борышын өтеуден бас тартуға бейім. Кейде ата-аналар да баласын қорқыныштан қорғағысы келіп, әскери өмірге жібермей қояды. Бірақ шын мәнінде, ел қорғау әр азаматтың парызы, ер-азаматтың нағыз мектебі екенін ұмытпаған жөн. Біз осы мәселе төңірегінде ой қозғап, әскерде болып келген жастардың пікірін білуді жөн көрдік. Солардың бірі – әскери борышын абыроймен өтеп, бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті атанған Жанәділ Әділ. Ол өз тәжірибесімен бөлісті:

«Әскери қызмет – жастарға берілетін үлкен мүмкіндік. Ол – тек ерлік мектебі ғана емес, өмір мектебі. Мен Мемлекеттік күзет қызметінің IT полкінде борышымды өтедім. Сол тәжірибе маған тәртіпті, мәдениетті болуды, қиындыққа мойымауды үйретті. Әскерде адам өзгереді – ойы пісіп, мінезі қалыптасады. Спортқа, қозғалысқа, шыдамдылыққа баулиды. Әсіресе, дене шынықтыру арқылы өзімнің физикалық және рухани тұрғыдан өскенімді сезіндім. Ең бас­тысы, әскер маған адамдармен қарым-қатынас жасауды, ортада өз орныңды табуды үйретті» дейді ол.

Жанәділдің айтуынша, әс­кердегі күндер – тек қатаң тәр­тіп емес, бауырластықтың, сыйластықтың үлгісі.

«Ондағы жігіттер – барлығы өзіміз сияқты қарапа­йым қазақтың балалары. Бір-бірімізді аға-інідей сыйлап, қиындықта қолдау көрсеттік. Әскерде жүргенде ел қорғау­дың, туды құрметтеудің не екенін шынайы түсінесің. Сол кезде ғана «Отан», «ел», «борыш» деген сөздердің шын мағынасын сезінесің» дейді жас сарбаз.

Расымен, әскер – ер жігіттің өміріндегі ерекше белес. Мұнда адамның мінезін шыңдап, бойына төзім, сабыр, жауапкершілік сынды қасиеттерді сіңіреді. Тәртіпке баулиды, азаматтық ұстанымды бекітеді.

Қазіргі бейбіт заманда ел тыныштығын сақтау да оңай шаруа емес. Әскер – мемлекеттің айбыны, елдің намысы. Сондықтан әр ата-ана ұлын қорқынышпен емес, мақтанышпен шығарып салуға тиіс.

Ел алдындағы борыш

– Ұл туып, оны елдің қорғаны етіп тәрбиелеу – әр ананың арманы әрі мақтанышы. Ер бала дүниеге келген сәттен бастап оның бойында елге қызмет етуге деген намыс, ерлік пен жауапкершілік дәні себілуі керек деп ойлаймын. Сондықтан мен баламның ер жеткенін, азамат болғанын көргім келді. Сол себепті еш ойланбастан әскерге шығарып салдым. Бірақ ананың жүрегі әрдайым баласымен бірге. Әскерге барған ұлдың өмірі, қауіпсіздігі, психология­лық жағдайы – бәрі біз үшін өте маңызды. Менің тілегім – әскерге барған әрбір жас жігіт жақсы ниетпен, мақсаты айқын күйде борышын өтеп, елге аман-есен оралса екен.

Әскер – мінезді қалып­тастыратын, азаматтық қасиетті ұштайтын орта. Бірақ өкінішке қарай, кейде әлімжеттік пен тәртіпсіздік туралы жағымсыз жағдайларды естіп жатамыз. Ана ретінде айтарым: әскер – ерлік мектебі, ал ерлік ешқашан қорлықпен ұштаспауы керек. Ондағы тәртіп қатал болуы мүмкін, бірақ сол тәртіп қауіпсіздік пен тәрбиеге бағытталуы тиіс.

Балаларымыз Отан қор­ғауға емес, қорлық көруге бара жатса, онда аналардың сенімі жоғалады. Сол себепті әскери бөлімдерде қатаң тәртіппен қатар, адамгершілік мәдениеті де қатар жүруі қажет. Әр сарбаз өзін қорған сезінуі тиіс. Сонда ғана олар елін де, бір-бірін де қорғауға дайын болады.

Мен баламды әскерге мақ­танышпен шығарып салдым. Өйткені мен оның ел алдында парызын өтеп, нағыз азамат болып оралатынына сендім. Бірақ әрбір ана сияқты мен де оның амандығын тілеймін. Әскерге барған баланың өмірі – мемлекеттің, қоғамның аманаты. Сондықтан мемлекет те, әскери басшылық та сарбаздың тағдырына жауапты болуы керек.

Екінші жағынан, біз әскерилердің қоғамдағы беделін көтеруге тиіспіз. Ер-азаматтың погон тағып, ел тыныштығы үшін қызмет етуі – үлкен мәртебе. Егер осы мамандыққа деген құрмет артса, жастардың өзі әскерге баруға, сол салада қызмет етуге ұмтылады, – дейді сарбаздың анасы Айтолқын Әзімқұлова.

Әскер – соғыс емес, ерлік мектебі

Ал соғыс заманында туып, дүниенің ұйқысы бұзылып тұрған шақта кірпік қақпай ел күзеткен ардагерлеріміздің ­ойынша, әскерге бару – соғысқа бару емес, ерлік мектебі.

– Біздің заманда әскерге бару, ең алдымен, елді қорғау деген ұғыммен ұштасатын. Өйткені ол кезең бейбіт емес, күрделі уақыт еді. Сондықтан ел қорғау біздің буынның бас­ты міндеті болатын. Қаншама қиындық көрдік, бірақ ешқайсысына мойымадық. Себебі бойымызда Отанға деген адалдық, елге деген сүйіспеншілік сезімі мықты болды.

Қазір, Аллаға шүкір, бейбіт заман. Бірақ соның салдарынан халықтың бойында бір жайбарақаттық пайда болған сияқты. Кейбір ата-аналар баласын әскерге жібергісі келмейді. Өйткені бүгінгі өмірдің тыныштығы мәңгілік секілді көрінеді. Олар қауіпсіздік деген ұғым қандай еңбектің, қандай ерліктің арқасында келгенін кейде ескере бермейді. Сондай-ақ бұрын 40 жасқа келген ер-азамат шынымен де есейіп, жауапкершілікті мойнына алып, отбасы мен қоғам алдында салмақты тұлға болатын. Ал бүгінде адамдардың көбі жастықты ұзартып, өз жасына лайық жауапкершіліктен қашып жүргендей. 40-тағы адам өзін әлі 20 жастағыдай сезінеді, ал 20 жастағы жігіт әлі бала кейпінен арыла алмай жүр. Бұл – қоғамдағы үлкен өзгеріс.

Жауапкершіліктен қаш­қан адам қиындыққа төзе алмайды. Ал әскер – дәл сол төзімді, сабырды, мінезді қалып­тас­тыратын орта. Әскерге ба­ру соғысқа бару емес. Оны соғысқа кетіп бара жатқандай қабылдаудың қажеті жоқ. Қазіргі заманның әскері барлық жағдаймен қамтылған, тәртіп пен талап жүйелі түрде қойылған. Онда әрбір ер жігіттің ерік-жігері, рухы шыңдалады. Сондықтан менің ойым­ша, ата-аналар баласын қорқынышпен емес, сеніммен шығарып салуы керек. Әскерге бару – баланың ер жетуіне, өмірге деген көзқарасының қалыптасуына үлкен мектеп. Ол – тек мемлекет алдындағы парыз емес, өз болашағы үшін жасайтын ең маңызды қадам.

Қазақта «Ер жігіт ел үшін туады» деген сөз бар. Сол ерлік рухты ояту – бүгінгі қоғамның, бүгінгі ата-ананың міндеті. Баласын әскерге жібермеу оны өмір мектебінен айырумен тең. Ал ер-азамат Отан ісінен ешқашан қашпауы керек, – дейді Қазақстан Чернобыль ардагерлері қауымдастығының төрағасы Құсайын Мұстафа.

Патриотизм бесіктен басталады

Балаларға әскери тәрбие беріп жүрген оқытушылар олардың әскерге деген қызығушылығын бесікте жатқан кезінен бастау керек екенін айтады.

– Патриотизмнің бастауы – отбасы. Ол баланың бесікте жатқан кезінен, ата-ананың берген тәрбиесінен басталады. Егер бала жастайынан елін, жерін, отбасын құрметтеуге үйренсе, ол ертең өз Отанын қорғауға дайын азамат болып өседі. Сондықтан патриот­тық тәрбиені тек әскерге жүктеп қоюға болмайды. Балабақшадан бастап мектепке де­йін, үйде де, қоғамда да ұлттық рухты оятатын идеология­лық жүйе болуы керек. «Мен елімнің қорғанымын» деген сенім бала бойына ерте сіңсе ғана ол нағыз ер-азамат болып қалыптасады, – дейді Астана IT университетінің әскери оқытушысы, запастағы бірінші сынып сержанты ­Рауан ­Кәрібаев.

Мінезін шыңдайды

Бұрын аналарымыз әкелеріміздің ерлігіне сүйсініп, сол батыр мінезге ғашық болып жататын. Ер-азаматтың еңселі бейнесі, батылдығы мен жауапкершілігі әйел заты үшін нағыз сүйіспеншіліктің себебі еді. Ол кезде ердің ерлігі елге қорған болу, отбасын қорғау, сөзі мен ісі бір болу арқылы көрінетін. Ал бүгінгі заманның жастары ше? Қазіргі қыз­дардың жігітке қарағандағы көзқарасы өзгерді ме, әлде бұрынғыдай ер мінезді, елін сүйген азаматтарды бағалай ма?

– Менің ойымша, нағыз ер-азамат – ол әскерде болып, өз борышын өтеп келген жігіт. Өйткені әскер – адамның мінезін шыңдайтын, өмірге деген көзқарасын қалыптас­тыратын үлкен мектеп. Жігіттердің нәзік, әлсіз болғанын қаламаймын. Әрине, дөрекілік те ерлік емес, бірақ әр ер балада жауапкершілік пен қайсарлық болуы керек.

Жігіттің ерлігі міндетті түрде қару асынып, ұрысқа қатысумен өлшенбейді. Ол, ең алдымен, өз отбасына, еліне, ата-анасына деген құрметінде, өз сөзі мен ісіне берік болуында. Егер жігіт ел алдындағы борышын орындауға дайын болса, ол – нағыз азамат.

Әскерден қашу, қорқақтық таныту – бұл жігіттің ішкі дүниесінің әлсіздігін көрсетеді. Сондықтан мен үшін ең бастысы – жігіттің жүрегінде батылдық пен намыс болса болғаны. Міндетті түрде әскери билет үшін емес, нағыз азаматтық қасиет үшін сыйлаймын, – дейді Жанбота Жүзбайқызы.

P.S: Әскер – ердің мектебі, ұлттың ұжданы. Онда ұлдар – жігіт, жігіттер азамат болады. Отан алдындағы борышты өтеу – өткенге тағзым, бүгінге қызмет, келешекке аманат. Патриотизм – тек әнұран шырқап, ту ұстау емес, ішкі рух, азаматтық парызға адалдық. Сондықтан әрбір жас елдің қорғаны болуға, әрбір ата-ана баласының ер болып өсуіне үлес қосуға тиіс.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button