Жүйелі жұмыстар жүргізілді

Астана қаласының мәслихатында бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтіп, онда абаттандыруға, көгалдандыруға, санитарлық тазалауға бағытталған бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Отырыс барысында аудан әкімдерінің «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының іске асырылуы туралы есептері тыңдалды.
Алматы ауданында ағымдағы жылы тұрғындардан 21 өтінім мақұлданды. Аула аумақтарын балалар ойын алаңдарымен абаттандыру жұмыстары аяқталды. Б.Момышұлы даңғылында, Қ.Сәтбаев көшесінде тұрғын үй кешені құрылысының орнына скверді абаттандыру басталды, Манас көшесіндегі саябақ кеңістігі, І.Жансүгіров көшесінде аудан тұрғындарының өтініші бойынша жаңа тротуарлар мен аялдама павильоны құрылды.
Байқоңыр ауданында бағдарлама аясында 11 жоба іске асып, 52,3 мың м² асфальт және 10,1 мың м² тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімі халық шағымдарының саны 47%-ға төмендегенін атап өтті.
Есіл ауданының әкімі шағын және орта бизнес нысандарына айтарлықтай қолдау көрсетілетінін жеткізсе, Нұра ауданында әкімдіктің қолдауымен Тұран даңғылынан Ш.Айтматов көшесіне дейін Green Line жасыл орамы құрылуда. Орталық саябақта абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімі әлеуметтік нысандар қосымша қаржыландыруды қажет ететінін атап өтті. Жаңа мектептердің басым бөлігі (9) Нұра ауданында орналасқан.
Сарайшық ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде «Жұмысшы мамандықтары аллеясын» абаттандыру аяқталды. Елорданың көрнекті нысандарының: Бейбітшілік және келісім сарайы, «Әзірет Сұлтан» мешіті, Тәуелсіздік сарайы және Ұлттық музей аумағы абаттандырылды. Ш.Қалдаяқов көшесінде бұрын тұрғын үй кешенінің құрылысы жоспарланған жерде құрылған жаңа сквердің құрылысы аяқталуға жақын.
Сарыарқа ауданында ауданның тарихи бөлігін қайта жаңарту аясында Ә.Мәмбетов көшесі (Арбат), Кенесары хан ескерткіші, филармония маңындағы алаң, Бұхарбай батыр көшесі (Ә.Мәмбетовтен М.Әуезовке дейін), демалыс променады, «Керей-Жәнібек хандар» сквері, Абай даңғылы, Т.Бигелдинов көшелері сияқты орындарда жұмыс жүргізілді.
Отырысты қорытындылай келе, тұрақты комиссия төрағасы Кендебай Адамбек 2023 жылы тексеру комиссиясының аудиті өткенін, одан кейін тағы екі аудан құрылғанын, жаңа адамдар жұмыс істеп жатқанын айтты. Ол аудан әкімдеріне аудан аумағын абаттандыру жөніндегі қызметке түзетулер енгізу үшін өткен аудиттің нәтижелерін талдауды ұсынды.



