Әлем көз тіккен кубок

Астанадағы Beeline Arena спорт кешенінде үстел теннисінен Президенттің бірінші ашық кубогі өтті. Ашылу салтанатына Премьер-министр Олжас Бектенов, Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) бас хатшысы Рауль Калин, «Nomad Table Tennis Academy» үстел теннисі академиясының негізін қалаушы Медеу Нұрасыл қатысты.
Турнирдің соңғы күні үстел теннисінің әлемдік жұлдыздарының қатысуымен өткен шоу-матчты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тамашалады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Олимпиада чемпионы Сюй Синь (ҚХР), әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының жүлдегері Шлагер Вернер (Австрия), әлем чемпиондары Фан Бо (ҚХР) және Чу Се Хёк (Корей Республикасы) сияқты үстел теннисінің майталмандарымен әңгімелесті.
Жалпы жүлде қоры 115000 долларды құраған турнирге 14 елден 300-ден астам спортшы қатысты. Олардың қатарында әлемдік рейтингтің топ-100-дігіне енетін ойыншылар өнер көрсетті. Турнир U-11 – 2014 жылы туғандар және одан кіші, U-16 – 2009 жылы туғандар және одан кіші, Open 17+ – 2008 жылы туғандар және одан жоғары, team event – командалық сайыс сынды төрт жас санатында, жеке және командалық есепте өтті.
Ауқымды іс-шараны Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Қазақстан үстел теннисі федерациясының қолдауымен «Nomad» академиясы ұйымдастырды. «Aspan Holdings, VD Stroy Engineering» компаниялары демеушілік етті. Турнир бұрын-соңды бол-маған жүлде қорымен тарихта қалды. Жеткіншек жеңімпаздардың өзі тұңғыш рет 5000 долларға, күміс жүлдегерлер 2500 долларға, қола жүлдегерлер 1500 долларға ие болды. Нақтырақ айтсақ, командалық біріншілікте бірінші орынды 15000 доллар жүлдемен Ресей құрамасы иеленді. Екінші орын және 7500 доллар сыйақы да Ресейдің тағы бір командасына бұйырды. Үшінші орындарды 4500 доллардан Иран құрамасы мен Корея құрамасы бөлісті. Әйелдер арасындағы жекелей сында (17+) бірінші орынды Ресей спортшысы Элизабет Абрамян жеңіп алды. Екінші орын Корея елінің өкілі Lee Daeun-ге бұйырса, үшінші орынды Гонконгтан келген Li Xiang пен Корея спортшысы Lee Seung Eun өзара бөлісті. Ал ерлер арасындағы жекелей сында (17+) тағы да Ресей спортшылары басым түсті. Жасөспірімдер санатында U-11 ұлдар арасында Шығыс Қазақстан облысының өкілі Рамазан Рауанұлы үздік шығып, бірінші орынды иеленді. Екінші орынды шымкенттік Заңғар Әбілқайыр, ал үшінші орынды Нұржан Бақдәулет (Шымкент) пен Расул Бекболат (Ақтөбе) алды. U-11 қыздар арасында Шымкенттен келген Шохина Миркодирова жеңімпаз атанды. Одан кейінгі орындарда Жансая Тіленгенова (Қарағанды), Томирис Темірқызы (Ақтөбе) және Назерке Болатбек (Түркістан) орналасты. U-16 ұлдар арасындағы сайыста Әліби Шоманов (ШҚО) топ жарды. Асылхан Мағзұмбеков (Қарағанды) екінші орын алса, Санжар Ибахан (Түркістан) мен Мансұр Сүйіндік (Павлодар) үшінші орынға тұрақтады.
U-16 қыздар бәсекесінде Мария Лукьянова (Қарағанды) бірінші орынды иеленді. Күміс жүлде Ақниет Амангелдіге, ал қола жүлде Ноила Ханиязоваға (Түркістан) бұйырды.
Шапағат ӘБДІР



