Қарттардың жанына шуақ сыйлаған орталық

Астананың алтыншы ауданы саналатын Сарайшық ауданында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылғанына жарты жылдан асты. Орталықта зейнеткерлер үшін тегін үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Егде жастағыларға 20-дан астам қызмет көрсететін орталыққа осы уақыт ішінде 520-дан аса зейнеткер тіркеліп, түрлі үйірмелер мен спорттық жаттығуларға белсенді қатысып келеді. Мұнда егде жастағы азаматтар йога, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат сияқты спорт түрлерімен айналысып, шығармашылық және танымдық шараларға қатысады. Мұнда қариялар бір-бірімен пікір алмасып, жаңа таныстық орнатады.
Зейнеткерлердің айтуынша, мұндай орталықтар олардың белсенді өмір салтын сақтап, қоғаммен байланысын үзбеуіне мүмкіндік береді.
– Осындай қамқорлық көрсеткені үшін Астана қалалық әкімдікке дән ризамыз. Мұнда келіп, спортпен шұғылданып, достармен әңгімелесеміз. Денсаулыққа да, көңілге де жақсы әсер етеді, – дейді орталықтың белсенді мүшесі Төлеген ақсақал.
– Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қарияларға қамқор болып, қала зейнеткерлеріне бос уақытты тиімді өткізу бағытында түрлі әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетуде. Әр ауданда осындай орталықтар жұмыс істейді. Бұл орталық қарттардың жанына шуақ, тәніне қуат сыйлады. Орталық ашылғалы бері қарияларымыз әкімдікке және орталық қызметкерлеріне үлкен алғыс айтып келеді, – дейді Сарайшық ауданы Белсенді өмір сүру орталығының меңгерушісі Ақсұлу Нұрланова.
Сонымен қатар орталық меңгерушісі ауданға қарасты мектептермен меморандумға қол қойып, өзара іс-шаралар ұйымдастыруды жолға қойғанын да атап өтті. Бұл бастаманың басты мақсаты – жас ұрпаққа үлкендерді құрметтеу, қарттарға қамқор болу, көңіл бөлу сияқты ізгі қасиеттерді дәріптеу.
Меморандум аясында мектеп оқушылары орталыққа келіп, зейнеткерлермен кездесу, шахмат турнирі, концерттік және танымдық іс-шараларға қатысып жүр. Мұндай кездесулердің нәтижесінде балалар мен қарттар арасындағы рухани байланыс нығайып, ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі қалыптасуда.
Қазіргі уақытта елордада 15 мыңнан астам зейнеткер тегін үйірмелер мен секцияларға қатысып жүр.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ
фото: Сұлтан Сейіт