Елордада Kazakhstan Travel Forum – Саяхат 2025 форумы өтті

Астана қаласындағы Конгресс-орталығында Kazakhstan Travel Forum – Саяхат 2025 форумы өтті. Іс-шараны «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды. Форум туризм саласының дамуының негізгі бағыттарын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, туристік компаниялар, әуе тасымалдаушылары және халықаралық ұйымдардың қатысушылары жиналды. Іс-шара аясында пленарлық және панельдік сессиялар өткізіліп, онда саяхатшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қызмет сапасын арттыру, сондай-ақ шығу және келу (шетел азаматтарының Қазақстанға келуі) туризмін дамытуға байланысты жаңа үрдістер талқыланды.
Бұл бағыттардың өзара байланысы тұрақты туристік ағынды қалыптастыруға және Қазақстанның халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болатыны атап өтілді.
«Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрайымы Инна Рей өз сөзінде атап өтті:
_«Бүгінде біз маңызды үрдісті байқаудамыз: шығу туризмімен айналысатын туроператорлар енді келу туризмін де белсенді түрде дамытуға кірісті. Дәл осы үрдіс Қазақстанда жаппай туризмнің қалыптасуына алғышарт жасайды»._
«Туристік Қамқор» қоры — Қазақстан Республикасының азаматтарының құқықтарын қамтамасыз ету жүйесінің операторы болып табылады және шығу туризмі саласында қазақстандық туристердің қауіпсіздігі мен мүдделерін қорғау бойынша маңызды миссиясын жалғастырып келеді. Соңғы жылдары шамамен 20 мың азаматқа нақты көмек көрсетілді. Бұл жүйенің тиімділігін және оған деген жоғары сенімді айғақтайды.
Форумның қорытынды бөлігінде Kazakhstan Travel Show көрмесінің ашылуы және туризм саласының үздік өкілдерін, чартерлік тасымалдаушыларды және кепілдік жүйесінің белсенді қатысушыларын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара кәсіби қауымдастықтың тұрақты, қауіпсіз және өзара тиімді туризмді дамытуға деген жоғары қызығушылығын көрсетті.